Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  147


Автор: Қадыр Мырза Әли

Революция рухы

Жоқ баяғы темір күшім,
Қазірде мен шаршағам.
Бірақ үлкен өмір үшін
Күресерлік бар шамам.
Алдыменен ақындарша
Айқасамын гүл үшін.
Сұлулықтың
Батырларша
Сілтеп алмас қылышын.
Жиырмасыншы ғасырдағы
Дон-Кихоттай мен серің.
Қорқаулардың қолындағы
Қағып түсем семсерін.
Жүрегіме ұялаттым
Махаббатты, жан жарым.
Қағып түсем
Қиянаттың
Қылп-қылп еткен қанжарын.
Мұндай кезде ағаң мықты:
Майып болар мың кісің.
Шарт сындырам
Арамдықтың
Шарға ұстаған сүңгісін.
Қағып дұшпан омырауын,
Езе берсін малтасын.
Ұңғысынан омырамын
Ұр да жықтың балтасын.
Мүгедек боп меңдей қалсам,
Алдымнан тек кесе өтпе.
Өлсем өлдім.
Өлмей қалсам,
Мені күшке есепте!
Жабылғанда барша дүние,
Көзім оттай шатынап.
Кітап жазам Корчагинше
Төсек тартып жатып-ақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу