Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  159


Автор: Қадыр Мырза Әли

Адам мынау үйренген соң тұрмысқа

Адам мынау үйренген соң тұрмысқа,
Алдына оның түсе алмайды құмырсқа,
Ал бөлгенде сол еңбектің жемісін,
Артық алсам дейді пенде бір мысқал.
Алыспен де,
Жақынмен де арбасып,
Өгізі өліп,
Сынар сосын арбасы...
Артық емес,
Бірақ бақыт балынан
Артық татсам деп тұрады бір қасық.
Адам және қанша сарай тұрғызды?!
Сол сарайға қанша аруды кіргізді?!
Артық емес,
Адам бірақ өмірде
Артық сүйсем деп тұрады бір қызды,
Айналайын, болса мұндай сенде мін,
Ауру жандай өзіңді-өзің емдегін!
Кімсің дерсің ақыл айтқыш,
Сынағыш?
Кім болушы ем,
Мен де өзіңдей пендемін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу