Өлеңдер ✍️

  28.05.2021
  142


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жастау едім

Жастау едім,
Жарқ-жұрқ еткен нұрлы едім.
Өнер үшін қай тозаққа кірмедім!
Тазартам деп көңілдердің мұржасын,
Жасырмаймын,
Өзім де көп кірледім.
Алып қаштым,
Ауыздықты кемірдім.
Ойдан жүдеп,
Мақтау сөзден семірдім.
Шығу үшін биігіне мұраттың,
Түстім талай подвалына өмірдің.
Аңғарғанға мұның өзі күлкі шын,
Адамдарға көрсетеді пұл күшін.
Жиі-жиі ұсақталдым,
Жүз сомдай
Ұсақталған бес тиынның мүлкі үшін.
Ұғып алсын жүрген шәкірт соңымда,
Кішірейдім үлкен мақсат жолында.
Кейде үлкен шаруалардың тағдыры
Тұрған болса ергежейлі қолында.
Шаттық гүлін оңайлықпен кім жиды?!
Шыдамаған ауыр жолда жүнжиді.
Бір биікке ту тігерде
Солдат та
Оқ астында жер бауырлап жылжиды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу