26.05.2021
  418


Автор: Гүлтас Құрманбай

40 жаннан қанша жаным қалды екен?

Гүлайым Алматқызы
Ғылым және технология мектебі, 3-курс 



Пойыз іші. Терезеден түскен сәуле купе ішін жап-жарық қылып тұр. Жаңа ғана шығарып салуға келген адамдардың күбірінен өз-өзіне енді ғана келіп жатқан Қадиша үнсіз ғана чемодандан осы жарты күнге керек-жарақтарын шығарып жаңа ғана бітірді…
Жаңа пойыздың аты жаңа екен. Бұрынғы оның жас кезінде секіріп мініп, секіріп түсетін, тарсұл-тұрсыл темір-терсектің даусы құлағыңнан кетпейтін совет үкіметінің пойыздарына түк те ұқсамайды. Екі адамдық орын. Әр купенің жеке туалет, душы бар. Испан пойызы. Алайда оның пойызға мінбегеніне көп уақыт өтіпті. Қанша жыл? 6-7 жылдың көлемі болған-ау. Бірақ сол пойызға мініп сауда жасап жүрген шақтарын еске алса көзді ашып-жұмғандай тез өте шығады. Уақыт шіркін зымырап өте барады екен…
Қадиша қасына жол серік болып кім кіреді екен деп қобалжып ойлап қояды. 16 сағат уақыт. Астана – Ақтөбе пойызы. Әрине, жол қысқарту керек қой. Ол жас кезінен аз ұйықтайтын. Жастайынан қиыншылықтың бейнетін тартты. Алайда қазір ол заман өткенімен, сол баяғы үйреншікті әдеті, ерте тұрып алады. Ұлымен келіні кейде ұрсып қояды, “мам, демалсаңызышы, үлкен жолдан келдің ғой, организм должен же отдыхать” деп. Жаңа шығарып салуға келгенде ұлы Нұрлан мен келіні Нұргүл сол баяғы ақылдарын айтып жатыр. Не дегенмен де дәрігерлер ғой. Өздерінше мамандар. Қадиша үндемей ғана тыңдап, жарайды жарайды деп күлді. Қастарына еріп келген екі немересінің беттерінен сүйді де: “Ал енді бара беріңдер. Уайымдамаңдаршы. Айттым ғой, телефонымды өшіріп қоямын, ол жаққа тек демалуға барамын деп. Да, обещаю, никакой бизнес. Енді қайтыңдар үйге” деп келген баласымен немерелерін купеден қуып шықты.
Қадиша орта жастағы әйел. 50-ден енді кетті. Сонда да оған қарап қызығатын адам көп. Сондай жас көрінесіз, сондай

бақытты жансыз деп. Қазақстан Республикасының «Үздік Бизнес Әйелі» деген номинациясыны қаншасыншы жыл қатарынан алып жатыр. Оны көбі біледі. Танымал әйел. Кезінде осы әйелге не жоқ, еркектермен қатарласып бизнесте жүр деген кейбір жағымсыз сөздер өз құлағына жетсе де оған ренжитін Қадиша жоқ. Тек сол бос сөз қуғыштардың оның қандай қиыншылықты бастан өткізгенін елестетіп көрсе ғой. Тек осыған кейде жыны ұстайды. Еріккеннен бизнеске келгендей ол осы….
Келген бала-шағасын қуып шықса да, пойыздың жүруіне әлі 20 минут бар екен. Осы жолы секретарынан билетті әдейі пойызға алуын сұрады. Ескі пойыздың плацкартына ал деп еді, оны естіп қойған баласымен келіні ұрсып, билетті қайта өткізіп ең болмаса тез жүретін Испан пойызына мінші деп әрең көндірді. Әр мемлекетке, елдің түкпір түкпіріне көп баратын Қадиша тек ұшақпен жүрсе де ол үшін пойыздың орны ерекше. Әрине, сәтті іскер әйел болуына жол ашқан сол пойыздағы кездері еді ғой…
Қасындағы көрші жолсерігі келмесе де, көз ұшын терезеге бұрған Қадишаның ойына сол жастық шағы түсе берді…


***


1980 жыл болатын. 17 жасар бойжеткенді әкесі ертіп Арал теңізінің вокзалына алып келді. Анасы болса көз жасын көрсеткісі келмей ауылда қала бергенді. Қадиша Арал ауданының Ақбасты деген ауылында дүниеге келген. Теңіздің тартылуы енді байқалып, портта жұмыс істейтін небір ұлт өкілдері елдеріне қайтып жатса да, оның жанұясы қалаға балық әкелуді доғартқан емес. Ол балықшылар әулетінде дүниеге келген. Балықшылық – олар үшін ата кәсіп. Әкесі теңізге айлап шығып кететін. Айлап тапқан ірі-ірі сазан, шортан, камбалаларды қалада істейтін өңшең орыстарға сататын. Солардың қасында жүріп үлкен қалалар, ол жақтағы өмір туралы естіп, ертең менің қызым да үлкен азамат болады, бізді Қызыл площадьқа апарады деп мақтанатын. Міне, енді сол арманын орындайтын кез жетті. Қанша жыл бойы жинаған азын-аулақ ақшасын жинап, қызын Ақтөбедегі мед училищеге өзі апарып орналастырмақшы…

Қадиша көз ашқалы ауылдан шықпаған соң, пойыз дегенді өмірінде бірінші рет көрейін деп тұр. Ішінде біртүрлі толқу бар. Әне келеді, міне келеді деген пойыз ақырында Аралға да жетті. Жеткені жеткен-ау, енді бір кезде перронда тұрған барлық адам бір вагонға жабысты. Бірінің үстіне бірі мініп, әйтеуір екі минуттың ішінде пойыз құрғыр ешкімді де ренжітпей сол жерде тұрғандардың бәрін тиеп алып, Ақтөбеге қарай тарта берді….


***


Міне, әкесі Қадишаны орналастырып кеткелі 3 айдың жүзі болыпты. Сол екі айда бұлардың бастарына не келмеді дейсің… Әкесі жарықтық қызым оқуын тезірек бітіріп, тезірек дәрігер болсын деген-ау шамасы, қызын аз жыл оқитын училищеге алып келіпті. Ал онысы болса дәрігерлік емес, медбикелік училище екен. Оны да Қадиша кейіннен білді... Оттың басы, ауылының маңайынан шығып көрмеген Қадишаға үлкен қаладағы өмір ауыр келді. Жатақханада алғашқы 2 айда басын жастығының астына қойып күнде кешкісін жылайтын. Әр апта сайын ауылға хат жазса да, ол жақтан не бәрі 2-3 мәрте ғана хат алды. Соңғы хатта да әкесінің теңізге кетіп, қайтыс болған суық хабарды алады…
Міне, оқу орнынан рұқсат алып, ауылға барып, қайтып келді… Әкесі енді бақилық, ал анасы жалғыз. Амал жоқ, оған оқуын жалғастыру керек. Осылай, жас қыздың басына қиыншылық, қайғы жастайынан түсе бастайды. Жатақхана ақшасын өзі төлеу үшін, оның үстіне киім-кешегі, тамағы бар күндіз оқып, түнде жұмыс жасап жүрді...


***


Күндердің бір күнінде, сабақтан шығып жұмысына барар жолда Қадишаны бір машина қағып кетеді. Өзі әлсіз, үзілейін деп тұрған қыз жерге сылқ етіп құлайды. Машина иесі, жас жігіт, қорқып кетіп жерде жатқан жас қызға жүгіріп келеді. Дереу жақын маңайдағы ауруханаға апарды. Қуанышына қарай, Қадишаның еш жері зақымданбапты, тек қорыққаннан талып қалған екен және де дәрігерлер ағзасының әлсіз екенін, көп тамақ жеу керек айтады. Әлгі жас жігіт өзі сондай ақкөңіл, Қадишаның оянғанын күтіп керуеттің жанында ұзақ күтті. Ауруханаға күн сайын келіп, неше түрлі тамақ әкеліп, кінәсін қалай жуып- шаярын білмей әлек. Кейіндері Қадиша тұратын жатақханаға келетінді шығарды. Өзі 25-27 жасындағы аққұба келген жігіт. Қаланың баласы болу керек, қазақша тек аздап біледі. Оның үстіне ақсаусақ жігіт, қаладағы шыны шығаратын зауыттың бастығының баласы екен. Қадишаның жігітпен сөйлесетін уақыты да зауқы да болмаса да бұл жігітке біртүрлі үйреніп кетті. Өзін баймын демейді, өте қарапайым. Солай екеуінің жүргеніне бірнеше жыл өте шығады. Қадиша медучилищені бітіріп, қаладағы бір ауруханаға жұмысқа тұрады. Жағдайым енді жақсарады-ау деп, ауылдағы анасын қолына алғысы келіп еді, оған анасы көнбей қойды. Өлсем туған жердің топырағында өлемін, шалымның қасында боламын деп. Бірақ Қадиша ауылға келе қойғысы келмеді, тек анда-санда жалғыз анасына барып тұрды. Сөйтіп жүргенде әлгі жігіті, Қайрат, оған үйленуге ұсыныс жасады. Міне, бақыт деген осы! Әйтеуір мен де бақытты боламын, қаланың адамы боламын деп Қадиша мәз. Расыменен, күйеуі Қайрат әкесінен мирас болып қалған шыны зауытының бастығы. 1986 жыл. Ақша жетеді. Екеуі ел-жерді аралайық деп Кеңес Үкіметі кезіндегі ең үлкен қалаларға барып шықты. Мәскеу, Сталинград, Ленинград, Киев, Минск, не керек бәрі- бәрін көрді. Кейін тұңғыштары Нұрлан дүниеге келді, артынша екі жылдан кейін Дариға. Қадиша жұмыс істемегелі де көп жыл өтті. Анасы да осы уақытты бақилық болып, ауылға баруды мүлдем қойған. Қызы Дариға бір жасқа енді толғанда, 1991 жылы Кеңес Үкіметі де құлап жатты. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Алайда бұл қуанышты жағдай Қадишаның жанұясы үшін керемет жаңалық болмаған еді. Зауыттары құрдымға кеткелі тұр. Зауытқа керек маңызды құрылғылар, материалдар бұрыңғы Одақтың басқа мемлекеттерінде орналасқандықтан, жұмыстары тоқтап қала берді. Сөйтіп жүргенде бас аяғы 2 жылдың ішінде зауыт түгелімен банкрот болып, 3000 жұмысшы әр жаққа шашырап кетті. Ұлттық валютаның енді нарыққа кіріп жатқан кезі, қарыз берер адам

жоқ. Таршылық дегенді көз ашқалы көрмеген Қадишаның күйеуі стреске кіріп кетті. Бұлай болар деп кім ойлаған, аштықта жатқан бала-шағасын бағудың орнына күнде ішкілікке салынатынды шығарыпты. Қадишаның жастайынан қиыншылықты көзі көрген соң, күйеуін жұбатпақ болып, басқа мекемедегі жұмыстарға барып көрсеңші деп еді, тәкаппар күйеуі бетін салып жіберді. Ол қалайша біреудің қол астында жұмыс істемекші? Солай өз қайғысына өзі кіріп кеткелі бір жылдың жүзі болды…


***


1994 жыл. Нұрлан биыл алты жаста, Дариға төртте. Әкелері үйде бар барлық жиһазды арақ қып ішуге таяды. Әлі де енді не істеймін, кімнен, қалай ақша сұраймын деп шала мас сандырақтап өз-өзімен сөйлеп жатыр. Бұлай отыра беруге болмайтынын білген Қадиша әлдеқашан жұмысқа кіріп кеткен. Бірақ тұрақты жұмысы жоқ. Наубайханада да, басқа зауыттарда да, мекемелерде де кішігірім жұмыс істеп көрді. Бірақ күйеуі оның жұмысқа шыққанына қарсы болып, себепсізден себепсіз ұратынды шығарды. Әр кезде әр түрлі сылтауы бар, менің көзіме шөп салып жүрсің дейді… Не болса да балаларымның әкесі ғой деп, Қадиша күйеуіне ештеңе демейді. Бір күні жұмыстан ымырт тартқанда келсе күйеуі әдеттегідей ішіп алыпты. Оған қоса ауладағы кейбір нашақорлармен достасатынды шығарыпты. Бұл жолы шегіп те алған. Әйелінің пәтер есігін аша бергені сол-ақ еді, шашынан тап беріп ұстап жерге сүйрелей бастады. Екі байғұс балалары есіктің артында тығылып, ыңырсып жылап отыр. Әкесінің түрі қорқынышты, адам танықсыз, құтырған ит секілді дулығады. Бар жынын Қадишадан алып, ас бөлмесіндегі бар ыдысты сындыра бастады. Қадиша бұлай тұра берсе өзін де балаларын да өлтіріп тынатынын байқап, көрші пәтердегі кәрі әжейдің есігін қақты. Бір күн сол үйде түнеген еді… Кей күндері күйеуі Қайрат өз-өзіне келіп, адам қалпына келеді. Сол кезде кешірім сұрап, қалай қиналып жүргенін, қалай өзінің іс- әрекетінен ұялатынын айтса да, сол баяғы әңгімесін тастамады. Ішімдік. Ыдыс қирату. Ұрып-соғу. Оның үстіне наша мен ашылып қалған шприцы.. Қанша ренжісе де, қанша қиналса да Қадиша күйеуінен кетіп қалуға, ажыраспақ түгелі ол туралы ойлауға да қорқатын. Онсыз қалай өмір сүрем, қалай мына екі байғұсты әкесіз тәрбиелеп, адам қылып шығарам деген ойлар түнде маза бермейтін. Күйеуінің айығатынын, бұрыңғы балдәурен бақытты шақ қайтып келетініне өз-өзін сендіріп қойған-ды. Сондықтан болар, оған деген еш өкпесі жоқ еді. Тек сол сұрапыл Ақтөбенің ақ аязындағы қайғылы оқиға болмаса… Сол 1994 жылы балаларына кешкі астарын беріп жатқанда пәтер есігін ірі денелі екі милиция қызметкері қаққанды. Соңдарынан еріп, мәйітханадан бір денені тануға көмек сұраған еді. Сол күні таңертең күйеуі Қайрат әдеттегідей үйден шығып кеткен еді. Ауладағы алқаш достарымен бас жазуға. Кейіннен наша да шеккен болу керек, көшенің соң жағындағы бір скамейка үстінде өліп жатқанын бейтаныс адамдар көріп, дереу милицияға хабар берген екен. Мас күйінде болған Қайрат есін білмеген күйі аязда қатып өліпті… Мәйітханада Қадиша күйеуінің көгеріп жатқан денесін дереу таныды…


***


Қайраттың өлімінен кейін өзін жалғыз сезініп, өзі де бұл өмірден кеткісі келсе де Қадиша берілмеуге тырысты. Иә, ол күрес керек еді. Өз үшін бұл қу дүние қайғыдан басқа ештеңе бермесе де артынан қалған екі жәутең көз бүлдіршіндері бар ғой. Оған күш керек, жаңа өмір бастау керек. Бұрыңғы қайтып келер деген жалған арманын артқа тастап жаңа мақсат қою керек. Және солай болды да. Қайратты бақилық сапарға жібере сала, қырқынан соң жаңа жұмыс іздей бастады. Бұл жолы 2-3 жұмысты қатарынан істеу керек. Себебі үлкен ұлы келер жылы сабаққа барады, ал қызын балабақшаға беру керек. Әзірше көрші әжейдің қасына қалдырып кетіп жүрді. Мамандығымен медбикелік ісін істеп жүріп, бір жағынан сол емхананың полын жуып жүрсе, бір жағынан бір дәрігердің сатып берші деген пластмасс гаршоктерін дәріхана жағалап сататын. Кейде пәтер аралап кететін. Бейшара әйел нәр татуға уақыты болмай, тек бүлдіршіндерімді жетімсіретпей өсірейінші деп күн-түн демей жұмыс істейтін. Бұның өмірін көрмеген адамдарға, әрине, бұл тек ойдан шығарған ертегі, тіпті өз бала-шағасы да сенбес, бірақ шындық сол. Тек балалары үшін…. Барлық қорлыққа, қиыншылыққа тек балалары үшін бармақ. Сонда да ақша құрғыр жетпей қалатын. Әсіресе тұңғышын мектепке берген жылы. Оқу құралдары, киім-кешек, қыздың бала-бақшасы, квартплата бәрі қосылып кетті. Медбикенің жалақысы неге жетсін. Болмаған соң, Қадиша түндегі пойызбен саудаға шығуды бет алды. Не дегенмен, сауда жасау қанында бар еді, мүмкін әкесінің сол қабілеті бұған да дарыған шығар. Бірақ пойызға шығып не сатпақ? Пирожкиден басқа жөнді ой келмеген соң, көптеп пісіріп кешкі пойыздарға шыға бастады. Ақтөбе - Орал аралықтары жақын болғандықтан, сол аралықтағы пойызға адам көп мінетін. Бақытына орай, пойызда бар тоқашы өтіп, таңертеңге шейін үйіне оралатын. Балалары да анасының тыным таппай еңбектенетінін біліп, үйде өздерін тыныш ұстайды.
Күндердің бір күнінде, Қадиша пойызға шықпақшы болады. Балаларына үйдің есігін ешкімге ашпаңдар деп, саудаға кетті. Сол баяғы Ақтөбе – Орал пойызы. Оралға дейін жарты тоқашын сатқан Қадиша қайтар жолда кері пойызды күте тұрмақ болып Орал вокзалында отыра тұрады. Оны ұзақтан бақылаған болу керек, бір әдемішелеу келген, орта жастағы орыс келіншек қасына жақындап келді. Шаршап тұрса да, түнгі 2-де пойыз күткеннен басқа шара жоқ, жаңағы орыс келіншекпен сөйлесіп кетті. Орынбордың қызы екен. Оралға семинарға келіпті. Қадишаның сөйлесе келе білімділігіне таңғалып отыр. Саудаға әжептәуір қабілеті бар екенін байқап, оған өзінің жұмыс істейтін компаниясына шақырды. Негізі олар өз компанияларының Қазақстандағы филиалын Орал қаласынан бастағысы келген екен, бірақ бұл жерде ол бизнесті алып кетер жөнді адамды таппаған соң, қайтып бара жатқан болу керек. Кенеттен орыс келіншек Ақтөбедегі біздің компанияның өкілі сен болсаңшы деп, Қадишаға ұсыныс жасады. Мұндай үлкен бизнеспен айналысып көрмеген Қадиша басында кідіріңкіресе де, орыс келіншек сөмкесінен бірнеше косметикамен каталогтарды Қадишаның қолына қыстырды. Сол жерде қысқаша қалай маркетинг жасау керек екенін үйретіп, сол екі сағат ішінде Қадишаны нағыз саудагер қылып шығарды…



***


Қадиша әлгі келіншектің алғашқыда берген косметикаларын өз емханасында тез сатып жіберді. Кейін көптеп алдыра бастады. Қолы босаса Орынборға өзі барып қайтатынды шығарды. Тек өз емханасында ғана емес, басқа көршілес мекемелерге, пәтерлерге, бала-бақшамен ұлының мектебіндегі апайларға да сататынды шығарды. Үстінен түсетін пайда да бірталай. Үй ішін асырауға жетеді. Артынан адамдар жинай бастады. Бірақ медбикелік жұмысымен бірге қосып істей алмайтындықтан, тәуекелге бел буып, жұмысын тастады. Ресейге семинарларға барып жүрді. 2-3 жылдың ішінде олардың өнімдерін тек қана Ақтөбеде емес, басқа Батыс Қазақстан облыстарында да сата бастады. Мүмкін, 21 ғасыр келіп, елдің жағдай оңалайын деді ме немесе Қадишаға құдай қарасқан ба не болса да саудалары өте жақсы өтіп жатты. Кейін 5-7 жылдың ішінде Қазақстанның басқа үлкен қалаларында филиалдарын ашты. Әрине, көш басында өзі, Қадиша. Ол кездері балалары да ержетіп қалды, ұлын қазақ-түрік лицей-интернатына берді, ал қызы мектепте. Анасына қолғабыс болғысы келетін Дариға үй шаруасымен айналысады. Командировкадан келген кезде ыстық шайымен өзі пісіріп үйреткен тәтті бәліштерін анасының алдына қояды.


... Жылдар өтіп, Қадишаның екі көзі, ұлы мен қызы ер жетті. Ұлын марқұм әкесі армандағандай, мен бола алмасам да, осы бала болсыншы деп медуниверситетке түсуін өтініп еді. Әрине, Нұрлан Болашақ бағдарламасымен Америкада оқып келіп, қазір білікті маман, нейрохирург болып жұмыс істеп жатыр. Жары Нұргүлді де шетелде оқып жүргенде кездестірді. Ол да дәрігер, педиатр. Қызы Дариға дизайнді оқып, өз ательесін ашпақ ойы бар. Бір жыл бұрын ғана күйеуге шыққан, қазір сол өзінің туған қаласында тұңғыштарын күтіп отыр, 9-шы ай дейді, босанатын уақыт жетті... Қадиша баласының қолында, Астанада тұрады. Компанияларының ең басты кеңсесін осында көшіріп әкелген. Сол баяғыдай, өзіне дамыл жоқ, күнімен түні еңбектенуде. Әр мемлекеттегі семинарларға Қазақстанның өкілі ретінде барады, әр қалада өтетін семинар жиынға өзі де қатысады. Бір сөзбен айтқанда өз ісін жақсы көреді, ал ең бастысы, балаларын. Сондықтан да осы жолғы сапары тек қызы үшін. Ақтөбеге жол тартып барады. Жұмыс телефоны сөндірулі.Тек қызы үшін...
Қадиша бір нүктеге көзін қадағалы 20 минут өтіпті. Пойыз қозғала бергенде бір 17-18 жасар бойжеткен үлкен шамаданын сүйретіп, тарс-тұрс дауыс шығартып, улатып-шулатып купе есігін ашып кірді…
Иә, өмір – ұстаз, бәріне үйретеді. Пойыз жылжып барады, өмір де жылжып барады. Осы пойыз жода қаншама тағдырар бар, табыс тапқандар қаншама, жоғалтқандар қаншама. Өткенде көрші әйел әңгіме айтып отыр. «Алматыдан келе жатқанмын, купеде жалғыз болдым. Бұл да Құдайдың маған берген бағы шығар деп ойлап, рақаттанып бір дем алатын болдым ғой деп жаттым. Содан түн ішінде Шудан шулатып саудагер әйелдер отырды. Құдай самасын, қаншама қытай сөмкесі, кіргізіп жатыр. Өздері қандай күшті дейсің! Заттарын қойып болған соң, ал енді жақсылап шай ішіп алайық деді. Бір жарты арақтарын алды. Мені де шақырды. Менің ұйқым қанып, жап-жақсы демалып қалыппын. Отырсам отырайын деп, бірге шай іштім. Әңгімелерін тыңдап отырып біресе олардың ерліктеріне қуанып, біресе аяп отырдым. Небір алаяқтарға жем болып, Бішкек базарында ақшасын алдырып алған келіншек: «ой, білмейсіңдер ғой қыздар, менің «данышпан байым» қандай сюрприз дайындап отыр деп келем ғой. Ақшамды алдырып алғанда пойыздың астына түсіп өлейін деп ойладым. Көз алдыма шырқырап жылап тұрған қызым елестегенде ойымнан қайттым. Білмеймін бұл қанша уақытқа жалғасады?» деп, мұңын шағып еді. Енді бірі :– Майра, айтпашы құрсын, мен әкелген нанды жеп отырып, өзі көк тиын таппай отырып, «сен мені ойламайсың, менің не киіп жүргеніме қарамайсың» деп күйдіретін күйеуіме жауап айта алмаймын ғой» деді. Үшіншісі: – қыздар, сол үшін мына жылытатын, ұмыттыратын қасиетті сусыннан тартып алайық деді. Үшеуі жата салысымен, сұлатып тастаған бөренедей ұйқыға кетті. Мен әйелдердің тағдыры туралы ойлап, Қарағандыға дейін көз ілмедім. Қарағандыға жақындағанда оларды ояттым. Тағы да жылдам-жылдам қимыл, маған алғыстарын айтып, таңғы суықта пойыздан түсті. Астанаға көңілім түсіп, көңілсіз оралдым. Әйелдің қырық жаны бар деген рас сөз ғой деп ойлаймын» деді. Мен өз өмірімді көз алдымнан өткізіп отырып, «мүмкін» дедім. Менің 40 жанымнан қаншасы қалды екен деп ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу