Өлеңдер ✍️

  24.05.2021
  220


Автор: Жанат Әскербекқызы

Арғанаты

Сағынышты сазға орап бүгінгі әнді,


Баурайыңда балдырған күнім қалды.


Мөлдір бастау мөлтілдеп жатыр ма әлі,


Тұнығына жасырған сырым бар-ды...


 


Бөктеріңнен мен терген шұғынық гүл,


Жүрегімнің түбінде үгіліп тұр.


Төркіндеген самал жел, бұл жотаға


Жаутаңдаған жанымның мұңын ұқтыр.


 


Үркек елік секілді үркек күнім...


Төсіңе кеп сезгенмін бұлт екпінін.


Арғанаты, өзіңнен көктеп шыққан


Мен-дағы сол шұғынық-гүл тектімін.


 


Ауаң қандай жұпар-ды гүл түнеген!


Бұлтың сырғып өтетін бүркіп өлең.


Амалым жоқ, түсіп ап қасқа жолға


Ғұмыр-желдің кеткенмін ырқыменен.


 


Түнді жарып жететін айға демің,


Кірбіңі жоқ шақтардың айғағы едің.


Түсімде де сұраймын өңімде де,


Арғанатым, он алтым қайда менің?!


 


 


* * *


 


Уа, кердең бұлт, кердең бұлт,


Терістіктен келген бұлт!


Көктім-Аймақ атасы


Қобыландыға еншіге атап берген бұлт!


 


Бұл еншісі көк аспанда қалды ұмыт,


Жо-жоқ, оны бізге аманат қалдырып,


Көшті дәуір, көше берді ол дағы


Аш өзегін талдырып.


 


Қай қиырға жөңкілдің?!


Желден үркіп, көкке қарай серпілдің,


Сен көшетін кеңістіктің кеңдігін


Жанарыма сыйдырып ап мен тұрмын...


 


Аптап күнде жанға сая бұлт едің,


Сөйте тұрып айдың бетін бүркедің...


Көк пен Жерге тағдырымыз тәуелді


Өзіңменен бір тегім...


 


Уа, ала бұлт, ала бұлт!


Біздің жаққа бір бұрылып қара, бұлт!


Жолымыз бен жөніміз бір дейік те


Біраз жерге сапарлас боп баралық!


 


Айтар сөзім бар әлі,


Неге сенің көзіңнен жас тамады?


...Қақ айырып кеуде деген қапасты


Өзің болып өлең көшіп барады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу