Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  129


Автор: Әбділда Тәжібаев

Көңіл

Мен аға, ол бір маған қарындастай
Бір бүтін қайындай ек жарылмастай.
Сүюші едік, «сүйем» деп айтпаушы едік,
Сақтаушы едік жан сырын жазым баспай.
«Мен бұлбұл, сен гүлімсің» деп лепіріп,
Аузымнан шыққан емес сөз көпіріп
Баладай егіз туған отырушы ек.
Біріміз бірімізді іштей біліп.
Күндер көп, түндер ұзақ, жылдар шексіз...
Асықпаушы ек өтер деп уақытты біз.
Өлім барын көмескі білетінбіз
Кәрі әкелер күрсіне күлетінбіз
Жалғыз жастық, бір төсек даладай кең,
Тар бөлмеде тарықпай аламын дем.
Астына бір көрпенің мол сыюшы ем
Жарымменен, жазатын өлеңіммен
Қысқы боран күндерде киіп желең,
Қымтанбаушы ек елтірі, түлкіменен,
Сары аязда бөлмені от жаппай – ақ
Қыздырушы ек әнменен, күнменен.
*∙*∙*
Сендер қарт, жасы менмін бұл дүниенің,
Табыңдар, қайда, қайда орным менің?»
Дәл бір күн келіп қалды тұңғыш перзент
Таласа жарығына тар бөлменің
Елемей айқайы мен ашу, дағын,
Әндете тербей бердік жел бесігін
Әлдилеп алма-кезек нәрестені,
Бастадық үлкендердің бір кәсібін.
Қарсы алып кезегімен ұрпақтарды,
Атқыздық той-думанмен талай таңды.
Шаттықты шараппенен шарықтаттық,
Жас оты жанымыздың тынбай жанды.
Мен аға, ол бір маған қарындастай
Бір бүтін қайындай ек жарылмастай.
Ұл, қызды ортақ сүйіп жасай бердік,
Құлпырғыш қартаңдарша бажылдаспай.
* * *
Үй де кең, үйден үлкен дүнием де кең
Сайрап тұр қызыл тілім именбеген.
Болса көңіл күйлі, орын сыйлы
Басады бойды ауырлық үйренбеген.
Жемесең о да бүлік есеппенен,
Жатқаның жараса алмай төсекпенен.
Ұшқыр ой әдетінше алып ұшса,
Шыжымдап жібермейді кесек денең.
Толғанып, алды-артыңды болжап бір кез,
Отырып айтпақ, болсаң ақылды сөз.
Өзге емес, өз балаң - ақ асықтырып
Тілейді әңгімеңнің бітуін тез.
Олармен бір кетуге қуатым кем,
Дырдуға жаным кәзір етпейді елең.
Қасымда қалтқысы жоқ қалады жар,
Қасымда кәрі жолдас қалады өлең.
«Мен бұлбұл, сен гүлімсің» деп лепіріп,
Аузымнан шықпайды әлі сөз көпіріп.
Оңаша ойға шомып отырамыз
Біріміз бірімізді іштей біліп.

1955




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу