Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  484


Автор: Шырын Мамасерікова

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ӨРЕНІ

Алтай менен Алатауды жайлаған,


Қымыз ішіп, құлын - бие байлаған.


Қаншама жау сойқан соғыс ашса да,


Атажұрттан тапжылмаған, таймаған.


Түбі - түркі, тегі - хуннан тараған,


Топта - шешен, аузына жұрт қараған.


Текті елдің нартәуекел ұлдары


Құл болудан ажалды артық санаған.


Жауынгерлік көшпелі өмір салтымен,


Тарихқа енген қаһармандық даңқымен.


Теңдік үшін арпалысқан сан ғасыр,


Тілін сүйген, дінін сүйген халқым ең.


Айы туып, әділеттің оты өріп,


Ақ тілектің көсегесі көгеріп.


Арманына жетті бүгін қазағым,


Тәуелсіздік туын көкке көтеріп.


Бостандықтың бесіктегі бөпесі,


Ер жетіпті еріп күдік көбесі.


Көрінін тұр Астанадан әлемге,


Ен дәулеттің, ырыс-құттың төбесі.


Ұлы Дала жанарында нұр ойнап,


Бұғауды үзіп, еркіндікті жүр тойлап.


Алып - Ер Тұңға, Күлтегін мен Абылай,


Кенесары жатқан шығар бір аунап.


Зұлмат заман таптап ұлттың құқтарын,


Құлатты атып жүрегінде түк барын.


Құрбан болған Сәкен, Мағжан, Тұрардың,


О жаратқан, асқақтатшы рухтарын!


Асау Ертіс толқынындай үкілі,


Ақорданың түзу шыққай түтіні.


Керек бізге сақтау үшін Теңдікті


Тұлпарлардың тұяғының бүтіні.


Ай мен күндей келешегі ғаламат,


Арай төккен Азаттықтың таңы абат.


Бабалардан қалған мұра - туған жер,


Ей, жас өрен, өздеріңе аманат!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу