Өлеңдер ✍️

  15.04.2021
  155


Автор: Жамбыл Жабаев

Аттандыру

Атаңнан бата ал, балам,
Алшайып атқа мін, балам.
Ақ сақалым желбіреп
Артыңнан қарап мен қалам.
Құлағыңда құлыным,
Дауысым жүрсін жырлаған:
Алғадайым арлы едің,
Ата сөзін сыйлаған;
Перзентімнің алды едің
Көңілімді қыймаған.
Аттандырдым майданға,
Аман-есен жүр балам!
Абыройға ие бол,
Ағат баспа бір қадам.
Атақ берген атаңа
Ел қадірін біл балам!
Ел ерлігі, ел бірлігі
Сынға түскен бұл заман!
Саған айтқан сөзімнен
Сабақ алсын тыңдаған.
Айтылған сөз деп ұқсын,
Аңғарлы жан «бұл маған!»
Хош, хош балам! Хош айттым,
Қолымды міне, шошайттым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу