Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  1152


Автор: Саят Әбенов

ӘКЕМЕ

Ойланып кеттім ағарған шашын көрдім де,
Балалықпенен байқамаппын-ау мен мүлде...
Өмірге сонда жастығын ұрлап жүзінің,
Қап-қара шашын ағарту үшін келдім бе?

Қиналар іштей өзімен өзі күрсініп,
Қажытты білем бітпейтін күйбең тіршілік.
Мен жаққа кейде үмітпен қарап қояды,
Өскенде жеміс жегізер ме - деп бұл шыбық.

Ер жеттім, Әке, сенімің енді ақталар,
Балаңмын түбі əкелік міндет атқарар.
Бүгінгі уайым, бүгінгі қайғың болған ұл,
Бір күні сенің басыңа қонған бақ болар.

Өмірде мынау өзіңсіз жалғыз тірегім,
Шытсаң да қабақ көңілің жылы білемін.
Бақытты жанмын, себебі, сендей әкем бар,
Сен болсаң əке - əкесіз қалған ұл едің.

Түсінем бəрін асқар тау болу оңай ма,
Мұң кешіп талай шомылдың үнсіз көп ойға.
Ақылың - айна бойымды түзеп тұратын,
Қайтемін, əке, шаң басып қалса сол айна?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу