Өлеңдер ✍️

  28.03.2021
  238


Автор: Мұқағали Мақатаев

Солай

Бұдан бөлек қай жерден ем таба алам
Тіптен менің кеткім жоқ емханадан
Көре-көре жалыққам мен қаладан,
Жүре-жүре шаршағам кең даладан
Туыс, жолдас, дос, құрдас - бәрі бөтен,
Жанашырым - Анам мен жарым екен.
Ауыратын жүрек те, бауыр да емес,
Қызылала қан болған жаным екен.
Емханадан кеткім жоқ, қайда барам?!
Бәрі де жат, бірі жоқ аймалаған.
Отанымның caп берген ордасын мен,
Жұмыс орным деймін де, пайдаланам.
Тегін төсек жатқаным, тегін тағам,
Дәрігер де, дәрі де тегін маған.
Тегін жарық, буфетім - жұмыс орным,
Мен осында қаламын, ебін табам...
Ұмытамын кім қандай Жүз екенін,
Мен осында өзімді күзетемін...
Қайырымды қарындасқа көмекші боп,
Сырқаттарды түн бойы күзетемін.
Қайда барам, мен мынау сұрымменен,
Мен ақынмын!
Жырыммен, құнымменен!
Күні бойы аралап бөлмелерді,
Сырқаттарды емдеймін жырымменен.
Солай!!!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу