07.06.2024
  252


Автор: Ғани Бейсен

Түрмеден келген қыз - 7 бөлім

Сол түні әкемнің үйіне " күтілмеген қонақтай " аяқ асты кіріп бардым. Бұл менің соңғы жиырма күн дегенде алғаш келуім еді және де осынша күнде әкемді көруім еді. Қарап қоямын , әкем байғұстың қою шашы селдіреп қатты әбіржіп кеткен сияқты. Негізі мен істі болғанда ақ шалған басы онан сайын ағарып ұлпа қардай ұйпа - тұйпа болыпты. Сонан соң тағы бір байқағаным , әкемнің бұрынғыдай емін - еркін жарқылдап отыратын күлкісі жоқ әлдекімнен тайсалатын сияқты. Сонан болар соңғы күндері маған да қоңырау соғуды сиретіп вацаптан ғана жазып хал сұрап жүрді. Оның сырын сұрағанымда "жұмыс қой қызым , амандығыңды білсем болғаны " деп қысқа қайырды.
Қандай әке жалғыз қызын сағынбайды дейсің , менің әкемдікі шарасыздық болғаны ма ?
Мен сонда анамның бетінен сүйіп әріде отырған әкеме қарсы жүрдім.
Сол бұрыштағы үстелде әлдеқандай қағаздарға үңілген әкем бұрыннан отыратын , бүгін де сонда отырған. " Төбе шам " деп аталатын шамды үстелге қарата қосып қойғаннан әкемнің бет жүзі анық көрінген. Білмеймін , мен туғалы осы үстел мен осы шам бар , бұл әкемнің жұмыс орыны. Осы жерде тапжылмай отырып отыз жылдай бастық болды.
Құдайдың бергені шығар кезінде комсомол қатарынан коммунистік партияға қабылданған әкем , осы күні Еліміздегі беделді партияның белді мүшесі.
Осы орынды қызғанып соңына шырақ алып түскендердің сан есебі жоқ. Мен есімді білгелі үсті - үстіне тексеріс келеді , алайда , жұмысынан мін таппай қайтып кете береді. Оған өшіккен топ қайта жазады , бірақ нәтиже шығара алмайды.
" Жақсы адамның соңынан сөз ереді , бірақ аққа Құдай жақ деген бар , қызым , мен мұнда отыз жылдай отырсам арымның тазалағынан отырдым , ала жіп аттамағанымнан отырдым " деп өткен бір сөзінде айтқан болатын.
Ол кезде мына әкем басқаша еді , бүгін тіпті де төбесі шөгіп есеңгіреп қалыпты.
Мұнысын мен ғана емес анамда байқаған сыңайлы , оның да көңіл күйі жоқ.
- Аман сау барсың ба қызым , жұмыстарың қалай боп жатыр ? Өткенде көлігің не болды , -деп сұраған әкем шашымнан сипап қапталдаса отырды.
- Жақсы пап бәрі жақсы , өздеріңіз қалайсыздар , - деп қарсы отырған анама қарадым.
- Жақсымыз ғой шүкір , мен өзің көргендей үйдің тірлігіндемін қу тіршілік біткен ба , әкеңнің сол баяғы жұмысы барады келеді , онан келіп анау жұмыс үстеліне шұқшияды , - деп шұбырта сөйлеп барып әкеме қарады.
Сонда анам әлденені айтқысы ақ келген сияқты бірақ әкемнен асып кете алмағандай күйде еді.
Ал " көлігің не болды " деп сұрап отырғаны сонау күні бар ақшамды жігітіме беріп ақшасыз қалғанымда су жаңа көлігім сыр берді. Содан жөндеу орталығына барсам әлдебір сайманын ауыстыру керектігін , оның тоқсан мыңдай тұратынын айтқан.
Менің сонда әкеме қоңырау соғып ақша алғыным бар , соны меңзеген болды.
- Қызым , кішігірім бизнес жұмысың бар , астыңда көлігің бар , сонда сенде не жоқ , өзің айтшы , - деді шәй құйған анам біраз үнсіздіктен кейін.
- Менде бай жоқ та , басқа не жоқ дейсіз , - деп қалжыңға бастым.
- Соны мен саған айта беруге де ұялатын болдым , - деген анам бетін басты.
Әрі қарай әкем сөзге араласты.
Осы бар ғой әкемнің түрінен бөлек дауысы да өзгеріп кеткен сияқты , тыңдап отырсаң ішінде бір том запыран жатқанға ұқсайды.
- Иә қызым мамаңның айта беретіндей реті бар , сен оған өкпелеме , енді сенің өткеніңді ұмытып өз өміріңді жолға қойғаның жақсы , біз соған қашан да тілекшіміз , - деп анамды қостап барып :
" Ее қызым , денсаулық қашанғы болар дейсің , әнеу Күләй тәтеңнің күйеуі менен он жасқа кіші еді , кеше ғана жүгіре жортып жұмыс істеп жүрген жігіт , бір апта төсекте жатып кетті барды емес пе , - дейді.
Алпысқа келмеген әкеме ажал шақырып не болды екен ?
Мен әкемді білемін ғой , бұл адам жайдан жай ештеңе айтпайды , айтса , бірдеңені тұспалдап айтады. Демек , менің " жігітімнің " тапсырмамен келгенін біліп отырған шығар ау , өйткені әкем де қара жаяу адам емес. Әкем қолында билігі бар жан - жақта құлақтары бар , өте ақылды да беделді адам. Ендеше осы жерін неге ашып сөйлеспеске ?
Анамның көзін ала беріп " мен ол келіншекті танимын " десем ше ? Ол менің түрмедегі камераласым десем ше , әрине көңілдесім деп өлсем де айтпаймын ?!
Ол екеуміз үш жыл камералас болғанымыз жасырын емес.
Мен сонау жыл кесіліп этаппен кетіп колоннаға түскеннен ақ ол келіншек мені айналып өтті ғой. Бір қызығы , түрмеде отырғандар сен жайлы барлық ақпаратты біліп отырады және де бостандықта жүргенде кім болдың , кімнің қызысың не жұмыс жасадың тіпті қандай қылмыс жасап қай статьямен келе жатқаныңды да біліп отырады.
Мұны өтірік десеңіздер түрмеде болғандардан сұраңыздар. Сонан соң жас екеніңді біліп алдыңнан күтіп алады , соңынан өзара таласады. Сенесіздер ме , қыз қыз үшін бірін бірі өлтіруге дейін барады. Әрине , сенің таласқа тұрарлықтай әдемі түрің мен құлындай жасың болса ? Әйтпесе түрме дегенде жазасын өтеп жатқан қатын қалаш жетіп жатыр , түрмеңіздің осындай қитұрқы тұстары көп.
Сонымен , сол күні әкемнің айтқанынан ұққаным "үйге көп келе берме , басыңды бүтінде " дегендей қалжың шыны аралас сөзі еді. Осыдан кейін мен бейбақта ешқандай күмән қалмады.
Өйткені бұл , өзіне қастандық жасалғалы жүргенін жүз пайыз білетін адамның сөзі.
Тіпті " қызым , алдағы апта мамаңды төркініне жібергелі отырмын , сонда барып бір - екі ай демалып келсін дегенім " дейді.
Мұндайдан соң ешқандай шүбәм жоқ.
Әйтпесе мамамда төркін дейтіндей төркін қалды ма , әке шешесі әлдеқашан марқұм боп кетті. Екі інісі мен бір сіңлісі бар , олардың үйіне барып екі ай түгі екі күн жатып көрсін ? Бұл дегенің әкемнің шарасыз күйде қалғанын білдіреді.
- Әке , ертең сізге демалыс шығар , менің үйіме келіңіз екеуміз жеке сөйлесейік , - деп сыбырладым ыдыс аяғын көтерген анам ас бөлмеге кеткенде.
- Ау қызым , жеке сөйлескені несі осында айта бермейсің ба , - деген әкем басымнан сипады.
- Жоқ әке , ол мұнда айтылатын сөз емес , - деп қысқа қайырдым.
- Сонда ... деп бастаған әкем үнсіз қалды. Әрі қарай әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді. Өйткені қолын сүрткен анам ас бөлмеден шығып біздің үстелге кеп отырды.
Осыдан кейін біздің сөзіміз аяқсыз қалды.
Мен де үндемедім , әкем де тіс жармады. Тыныштықты бұзып сөйлеген анам ғана болды.
- Әкең маған төркініңе барып біраз күн жатып қайт деп отыр . Бұрын үш күн кетсем " қайт та , қайт " деп айқай салатын , осы күні жүдә добрый боп барады. Білмеймін , өзіне жас тоқал тауып алған ба , көзілдірік тағып жас балаша киінетін болып жүр , мына менің осыған ақылым айран боп отыр қызым , - деген анам қалжыңға басты.
- Әй қойшы әрі , тоқал алатын болсам сонау қырқымда алмаймын ба , сонда мына қызымның соңынан ерген тұяқ болар еді иә қызым , - деп маған қараған әкем де анамның қалжыңына қалжыңмен жауап қайтарды.
Алайда ішкі күйзелісті түсінбейтін жас емеспін ол менің басымнан да өткен. Айтқым келгені әкем сөйлеп отырып аракідік тоқтап қалады , онан терең ойға шомып кетеді. Содан өзіне қарата айтылған сөзден соң ғана басын көтеріп қарап алып сөзге араласады. Бұл деген әлденеден қорқып секем алған адамның белгісі.
Сонымен бір күн түнеп ертесіне үйге тарттым. Арадан көп өтпей " қызым мен де шығайын деп жатырмын " деп әкем жазды.
Демек , асқа отырғызып не болып жатқанын сұрап алсам болады , ет асайын деп қазанға қарап бастадым. Әлдебірде телефоным шыр ете қалды , қоңырау соғып жатқан әкем екен.
- Қызым мен төменде көлікте отыр едім , мамаңды ертіп барайын ба , әлде өзім ба ? Кешегі айтқан сөзіңді дұрыс түсінбедім бе , - дейді.
- Жалғыз өзіңіз келіңіз , мамам керек болса "мамамен барыңыз " деп айтар едім ғой десем;
- Әә болды болды , түсіндім қызым түсіндім , - деп , тұтқаны қоя салды.
Содан бір сағаттай өткенде менің үйімнің есігін қақты.
Алдына тамағын қойып зыр жүгірдім. Әншейінде көзілдірік тақпайтын әкем шыныменде қап - қарасын киіпті. Сонан соң үстінде ала құла спортивкасы бар.
Үнемі костюм шалбарда жүретін әкемнің , жасы келгенде жастарша киінгені түсініксіз еді. Мұндайда көптеген сұрақтар болатыны анық , сонан бастадым.
- Пап , неге бүркемеленіп жүрсіз айтасыз ба , - деймін ғой.
- Жоғә қызым костюм шалбарды 30 жыл кидік қой , - дейді.
- Жооқ пап . Сіздің бір құпияңыз бар сияқты, әлде мамам айтқандай жас келіншек тауып алдыңыз ба айта беріңіз , - десем ;
- Қой қызым қайдағыны айтпа , онан да етіңді әкел деген әкем ас бөлмеге қарады.
Әрине , жетіп барып туралған ет пен қазы қартасын сорпасымен әкеліп алдына қойдым.
Әне сонан соң ғана менің әкем ашыла бастады. Соңғы сорпаны көтеріп тастап ұзақ сонар әңгімеге көшті.
- Кезінде көзі тірісінде әкем бейшара " келінмен ашып сөйлесіп екінші әйел ал , ұлды болсаң тірегің болады. Сонда мына қыз жалғыз қалмайды " деп еді.
Ол кезде мен ақымақ қолымды бір сілтеген едім. Осы күні әкем марқұмның дұрыс айтқанын түсіне бастадым.
Құдайға шүкір дейін , сен барсың ғой , бірақ жалғызсың. Сенің соңыңнан еретін еркек тоқтым болғанда ғой , эхх қызым , - дейді.
Сонан соң ауыр күрсініп тынысын тартып әрі қарай сөйлеп жатты.
- Білесің ба қызым , адам деген жас күнінде ештеңе ойламайды екен , қазір елуді еңсеріп ел ағасы болғанда барып өзімнің жанашырым жоқ екенін түсіндім.
Сен барсың ғой қызым , бірақ сен ренжіме жеке басымның тірлігіне жалғыз қызымды араластырғым келмейді , - дейді.
Міне міне , менің әкем ашыла бастады деген осы . Негізі бар ғой , тап қазір жүз грамм құйып жіберсем ше , жылтыр маңдайынан ақ тер бұрқ ете қалса , сонан соң менің әкемді тоқтатып көр.
Көзі ұйқыға кеткенше сөйлемесе өліп кетейін. Бірақ ондайға болмайды , көлікпен келген. Аңдысқан жау алмай қоймайды дегендей соңында жүрген иттер көп , қит етсе қауып алуға дайын жүр.
- Қызым , - дейді әкем біраз отырып.
- Әу пап , айта беріңіз , - деп жақындай түстім.
- Мамаңды төркініне жіберемін деп отырмын , екі - үш ай сонда бола тұрсын десем кеткісі жоқ , сен өзің де бір ауыз айтшы бара тұрсын , - дейді.
- Неге екі үш айға , үш айдан кейін жаңа жыл келмей ме , соған дейін төркінінде жата бере ме , демек , мамам күдіктенетіндей бір құпияңыз болғаны ғой , - деп сұрадым.
- Эх қызым , - деп ауыр күрсініп алған әкем сонда "айтпасыма болмады ғой айтайын . Осындағы ескі жауларыммен азын аулақ түйткіл болып тұр қызым. Облысқа солардың адамы келгелі олар менің соңымнан қалар емес , өкшелеп алып жармасып келеді.
Білесің ғой , анау Астанада менің адамым бар , сол үшін олар мені жұмысымнан ала алмайды , бірақ басқаша жолын қарастырып жатқанға ұқсайды , - дейді.
Бір ауыз айта кетейін , кеше кешке үйге барғанымда , үйдің іші алакөлеңке көрінген. Ал таңертең тұрсам әлі сол тұрысы педелер ашылмаған екен. Әйтпесе , күн шыққаннан барлық перде мен терезелерді әкем тұрып ашып қоятын.
Мен соны анық байқадым , демек , менің әкем әлдекімнен қорқақтап жүр. Анаңды төркінге жіберемін дегені де сол , не болсам өзім болайын басқалар аман болсын деп жүргенге ұқсайды.
- Әке , сіз енді мені тыңдаңыз. Осы қалада менімен түрмеде отырған бір адам жүр. Сол адам маған бір сөзінде " көкелер мені арнайы тапсырмамен алдырды , алты ай свободада жүре тұрамын деп айтты. Сіздің айтып отырғаныңыз сол адам емес пе , - деп сұрадым.
- Жоғә қызым , ол ер адам емес шығар ? Маған жеткен ақпаратқа қарағанда , ол әйел адам болуы мүмкін , - деп қойып қалды.
Сол жерде көзім аларып ыршып түстім.
- Әйел адам болса тап өзі , мен онымен камералас болғанмын тіпті , біздің үй жақтан жалға алған үйін де білемін , - деп айтып салдым.
Сол жерде менің әкемнің өңі бұзылып сала берді.
- Ее сорлы болған қорқаулар ай , еркектерінің күші жетпеген соң қатынға жүгінген екен ғой , мұндай да намыссыздар бола ма ?
Так қызым , сен ол қатынды танитын болсаң , үндемей жүре бер. Мен ертең анау жігіттермен сөйлесіп суретін сұрайын , тегін бермесе де ақшасына берер.
Егер бар ғой , жалдағандары сол қатын болса , онда оны қақпанға түсіріп көзіне көк шыбын үймелетеміз , тым болмаса " екі жақтама агент қып " қоямыз , - дейді.
Құдай ау жалғыз жортқанымен , менің әкем де осал адамдардың қатарынан емес , мұның да жан - жақта сығалаған көздері мен құлақ түрген тыңшылары отыр.
Бұлар деген екі топқа бөлініп бұрыннан қырқысып жүрген мафиялар. Қазір облыс басшысы боп аналардың адамы келген соң олардың күші басым болып тұрған шығар ?
- Әке ! Ол қатынды аңдып неғыламыз , онан да өзім барып сөйлесіп " ол менің әкем , тиіспе " деп бір ауыз айтсам болды , тоқтайды. Оны сонша дабарағып керек емес қой , - деп ойымды айттым.
- Жоқ қызым , оған айтып әуре болмайық , мен оның сені менің қызым екеніңді білгенін қаламаймын. Айттым ғой , мен сурет алдырғанша сен де дым үндемей жүре бер. Егер де суреттегі бір адам боп шықса , онда олармен басқаша сөйлесеміз , - деген әкем айтқаныма көнбеді.
Жалпы осы жерде " әкем маған рұқсат бермегені жақсы болды ма " деп ойлап , мен де қоя салдым.
Өйткені , ол қатынмен менің арамда біраз былық бар. Ол екеуіміз талай түндерде тырсиған түрсиімізді тістеп шешкенбіз , оның несін жасырайын ?
Әкем соны біліп масқара боламын ба деп қорықтым. Бірақ ол келіншек мені ешқашан сатпауы керек , тіпті " әкем " десем тиіспеуі де керек. Кеше ғана сахнаға келіп " кездесейік " деп тағы да қипақтаған.
Әй тоқтай тұршы.
Мына мен жақсылап ойланып алайыншы.
Мен өзім ол келіншекпен жеке кездессем болмай ма ? Тапсырма алған болса , қайсыбір қалтасында әкемнің суреті мен әкем жайлы деректері бар шығар ? Естуімше мына адам деп суретін , мекен жайын , аты жөнін бәрін береді дейді.
Демек , өзім кездесіп өзім тындырғаным жақсы. Менікі деген қайда жарылмаған бас дейсің? Сегіз жігіт қатар зорласа да өлмедім емес пе ? Онан түрмесін көрдім емес пе ? Сонда маған тағы бір рет қатынмен жату не тұрады дейсің , үш жыл жатқан төсегім ғой.
- Әке , ештеңе айтпа десеңіз айтпаймын бірақ осы аптаның ішінде сіз маған фотосын көрсетсеңіз болды , - дедім.
- Болды қызым болды , миллион берсем де бір фотосын табармын , - деген әкем сонда ас қайырды.
Сонан соң қолын жуып көзіне көзілдірігін киіп шығып жүре берді. Бетінен бір сүйіп мен қалдым.
Сонан соң аула жақтағы терезеге жеттім. Перденің шетін ысырып төменге қарадым.
Кіреберістен шыққан әкем көлігіне отырды. Онан әлдекіммен телефонда сөйлесіп бірер минутта қозғала берді.
" Егер де сол келіншек болса , оның жарасы жеңіл әке , қам жемеңіз " деп өзімше күбірлеген болдым.
Әкем болса үлкен жолға жетіп бұрылыс шамын қосып біраз тұрды. Себебі бұл түс кезі қаласында час пик деген кез еді. Үлкен жолдағы көлік нөпіріне жол берген әкем біраз кідірді. Ала жолақтан әрі бері өтіп қайтқан жаяу жүргіншілер көп еді. Содан " үлкен қаланың тіршілігі осы ғой " дегенімше болмады , қолына әлдене ұстаған көше сыпырушы қатын , әкемнің көлігіне жақындай берді.
Әй мына қатын жынды ма әлде жын ұрған ба , менің әкеме қарап неғып тұр ? Ойбай құрсын қолындағы тапанша ма немене ?
Жалма жан телефоныма жүгіріп әкеме қоңырау соқтым. Онан кеп әлгі терезеден қайта үңілдім.
Әй қызталақ ай , біздің ұялы байланыстың осындай кияпаты бар. Бірер секундтап қоңырау кетпей тұрып алады.
Ал маған болса кеш қалуға болмайды , қалайда барып әкемді құтқаруым керек. Әйтпесе , анау көше сыпырушы киімін киген қатын көлігіне тым жақындап қалды.
Үйден атып шығып лифтке кірдім. Телефон құрғырың әлі сол , дың - дың етіп қоңырау кетпей жатыр.
Мына лифттің де есекбаяу еді , мұның ішінде мүлдем байланыс жоқ.
Әке , әке !
Ұрып айдап жүріп кетші , әке!
( жетінші бөлімнің соңы , жалғасы бар)



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу