Өлеңдер ✍️

  27.03.2024
  158


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Түтiндер

Қыс күнi.
Қызығып
Қараймыз көкке бiз.
Омбылап,
Тiзiлiп
Мектепке беттеймiз.
Жайдары жұрт үнi,
Сай да аппақ, қыр да аппақ.
Мектептiң түтiнi
Шығады будақтап.
Көрсек бiз шешейдi,
Түк емес ызғырық.
Бiз үшiн пештердi
Қояды қыздырып.
Сабақтан тарасақ,
Класқа келедi.
Шүберек ала сап,
Жуады едендi...
Өстiп iс қылады,
Туыс жоқ шешейде.
Ол жалғыз тұрады
Шеткерi көшеде.
Жүдеу тым реңi,
Жаз мейлi, қыс мейлi.
Аузынан үнемi
Сигарет түспейдi.
Түтiнi будақтап,
Өзi сыры ашпайды.
Сыр ашса, тыңдап бақ,
Соғыстан бастайды.
Қабағын сәл түйiп,
Сөйлейдi тұнжырап.
Түссе еске зар-күйiк,
Алады бiр жылап.
Ол кейде ағасын
Еске алып жылайды.
Ол кейде баласын
Еске алып жылайды.
Ал, кейде жан жарын
Еске алып жылайды.
Жалғыз, тұл қалғанын
Еске алып жылайды.
Үй тұрмақ, бұл кемпiр
Кеңседе жылайды.
Ағайдың суретiн
Көрсе де жылайды.
Осылай бес аға
Майданда өлiптi.
Тағдырға не шара,
Бұл шешей көнiптi.
Көкейде мұң бұғып,
Дәрменсiз көнiптi.
Ызадан булығып,
Темекi шегiптi.
 Сол соғыс кетіпті
Шешейді сұсты етіп.
Сол соғыс кетіпті
Сигарет тістетіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу