27.03.2024
  105


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Бақыт деген не ?


(ертегi-поэма) І
Ертегiшi атайды,
Досым, сен де бiлесiн,
Ерден деп жұрт атайды,
Бiзге ыстық бұл есiм.
Кiтап оқып дамылдап,
Отыр едiм мен бiрде.
Күле сөйлеп, дабырлап,
Атай кiрiп келдi үйге.
Босап буын-буыным,
Мойнына кеп асылдым.
Ол да көмдi мұрынын
Арасына шашымның.
Шай iштiк бiз жадырап,
Жақсы болды келгенi.
Шайға әбден қанып ап
,
Асықтырды ол менi.
– Жинал, сапар шегейiк
Ертегiлер елiне.
Қиялға ерiк берейiк,
Ұшқыш кiлем, кел, мiне.
Отыр жылдам, кетемiз, –
Дедi атай қамданып.
Малдас құрып екеумiз
,
Қиялменен самғадық.

Атай шолып жан-жағын
,
Төбеге көз тастады.
Қағып қойып қабағын,
Ертегiсiн бастады.
ІІ
– Жанға жайлы самалы
Мына жақта арал бар
.
Оған қайран қалады
Барып қайтқан адамдар...
Сонау жақта, алдыда
Бар «Ұлы жер» деген ел.
Озбыры көп қанқұмар,
Салт-санасы бөлек ел
.
Тұрмыс емес тұрмысы,
Кедейдi жан демейдi.
Жымиса да бiр кiсi,
Айып-салық төлейдi.
Қуаныштың не екенiн
Өмiр бойы бiлмеген
Халқы үшiн
Мекенi –
Артық емес түрмеден.
Осы жерде
Айлалы
Бiр саудагер бар едi
.
Ойлаған тек пайданы,
Құлқынқұмар жан едi.
«Ұлы жерден» «Аралға»
Бара бергiш шал едi.
Бiр күндерi сарайға
Шақыртты оны королi.
– Алтыны мол жерiнде
Бар екен бiр бай арал.
Мен көрмеген өмiрде
,
Ол аралың қай арал
?
Арал жайлы саудагер
Сыр ақтарды корольге
.
– Шiркiн, ондай бар ма ел
Мына жалпақ әлемде..
.
Адамдықтың биiгi-ай,
Оларға жат өтiрiк.
Бiр-бiрiне бұйырмай,
Сөйлеседi өтiнiп.
Кетсең де өзiң сүрiнiп,
Кiсiдей-ақ кiнәлi,
Өкiмшiлер бұрылып,
Тағзым етiп тұрады.
Мешкей, обыр көмей жоқ,
Бiрiн-бiрi талау жоқ
.
Бай деген жоқ, кедей жоқ,
Адамды адам қанау жоқ.
Онда көңiл дегенiң
Бәрiнен де бағалы.
Бiр-бiрiнен
Керегiн
Саудаласпай алады.
– Байиды де барған ел, –
Дедi король бiр күлiп.
Сабақтады саудагер
Сөзiн
Сәл-пәл iркiлiп.
– Ойнап асыр салады,
Айдында аққу-қаздары
.

Тербетедi даланы
Бозторғайдың сазды әнi.
Ду-ду еңбек қызады
Барлық жерде әнменен
.
Жайылады түз аңы
Араласып малменен.
Жүредi жұрт жарқылдап,
Ортаймайды қызығы.
Жарасымды
Ән тұрмақ,
Шiркейлердiң ызыңы.
Суландырып даланы
Әндетедi мұрап та.
Қыздар да әнмен барады
Су алуға бұлаққа.
Теруге тек ерiнбе,
Шаш-етектен жемiстер
.
Шаттық берген өмiрге
Жерi жомарт, елi iскер
.
Судай тасып байлығы
Үнемi арал жатады.
Байлығымен жайылды
Жер жүзiне атағы.
Iзетi бар, ары бар
Болсаң арал адамы,
Кейбiр жаман дағдылар
Өз жайына қалады...
Тамақтанар кезiңде
Қарайсың да жан-жаққа,
Бiреу түссе көзiңе,
Шақырасың тамаққа.
Кiмнiң түзу пейлi шын,
Бұрылады ол берi.
Үлкен құрмет сен үшiн –
Оның сыйлап келгенi...
Беруге әзiр соңғы асын,
Арал халқы осындай.
Қонағы кiм болмасын,
Құрметтейдi досындай
.
– Сенем саған, әрине,
Бiр әжiм жоқ өңiңде.
Қонақ болып әр үйге,
Торсықтай боп келдiм де.
Жыр еткенiң – тамағы,
Сұрағаным басқа едi.
Көп пе қару-жарағы,
Соны айт, көп пе әскерi
?
– Безендiрiп жер-көктi,
Атқарғанмен көп iстi
,
Соғысып еш көрмептi,
Бiлмейдi екен соғысты.
Бiлмейдi екен әскердi,
Аралға ешкiм тимеген
.
Жау боп кiрген басқа елдi
Жеңедi екен сыйменен.
Қолдарынан келмей ме
,
Тым құрыса жоқ садағы.
Аң ауласа кей-кейде,
Қоршап ұстай салады.
– Ім... Жарқыным, солай де...
Ескерелiк мұны да.
Жаулап алу оңай де,
Алданбаспын сыйына.

Тегеурiндi әскерiм,
Таптап өткен сан елдi.
Қаймығатын жас па едiм,
Жаулап алам әлемдi.
Тәрк етсем бұл антымды,
Екi көздi шел бассын
!
Жинайын тез халқымды
,
Боласың сен жолбасшым.
Жiбермей-ақ елшiнi,
Бiр-ақ басам азуға.
Шынында да, жер, суы
Шапқаныма арзи ма
?
– Кiрсең, шыққың келмейдi,
Неткен сұлу бақтары.
Күнi бойы сембейдi
Бұлбұлдардың тәттi әнi.
Қызықтап ол аралды,
Кiм кетпеген, кiм келiп.
Халқы
Келген адамды
Қарсы алады гүл берiп.
Келген кiсi бұл елге
Халыққа алғыс айтады
.
Ойын түйiп жүрерде,
Бақытты ел деп қайтады.
– Бақытты елдiң, ендеше,
Бақытын бiр шайқайын
.
Өз еркiмен көнбесе,
Жермен-жексен жайпайын.
Аузы-басын қан қылып
,
Құл етейiн ерлерiн.
«Арал» сөйтiп мәңгiлiк
Болсын ойын-ермегiм.
Асауларын тулатып,
Қызығына қанайын.
Балаларын шулатып,
Мал соңына салайын.
Жаугер болып
Қаншама
Бура санды түйредiм.
Жұрт айтардай тамсана,
Нешеме елдi биледiм.
Дандайсыған ерлердi
Жаһаннамға жөнелттiм.
Бағынбаған елдердi
Қас қағымда жоқ еттiм.
Бiр жеңiлгем жоқ әлi
,
Мен даңқты қорольмiн
.
Мен болмай кiм болады
Әмiршiсi әлемнiң.
Қамда, достым, жол асын,
Оң қолымсың сен менiң.
Капитаны боласың
Өзiм мiнген кеменiң.
Сол аралдың бар елiн
Бiр өзiңе басқартам.
– Сiз айтқан соң, королiм,
Мен қалайша бас тартам...
Саудагердiң өзi де
Ойлап жүрген пайданы
.
Корольдiң бұл сөзiне
Екi көзi жайнады...

ІІІ
Бiр күндерi «аралға»
Келе қалды қос кеме.
Ұмтылды елдiң бәрi алға,
Ойламапты ештеңе.
Қонақтарды құрметпен
Алып кеттi үйдi-үйге
.
Нұрын сеуiп күн көктен,
Ұштасты ән би-күйге
.
Ұмытылды мұң-қайғы,
Қызды ауылдың думаны
.
Қонақ бiткен мұндайды
Көрмептi ғой туғалы.
Әр қонақтың көңiлiн
Шаттық күйi кернедi.
«Бос өтiптi өмiрiм,
Ақымақпын мен», – дедi.
«Байлық пенен бақытты
Өзге елден iздеген,
Бос өткiзген уақытты
,
Сорлы екенбiз бiз деген.
Құбыжық деп еңбектi,
Серпiлмейдi күлiп ел
.
Бiр рақат көрмептi,
Бақытсыз ғой «Ұлы жер».
Бар әлемнен сұрасақ,
Ол жер кiмге ұнайды»
.
Теңiзшiлер бiрер сәт
Осылай деп мұңайды.
Еске түссе өз елi, Сүйе түстi «Аралды».
Өртенсе де өзегi,
Мұнан бақыт таба алды.
Жақсы iс тартып жанарын,
Жаны нұрға малынды.
Амалсыздан «Аралдың»
Әр жанына табынды.
Жан жоқ жүрген мұңайып,
Атымен жоқ көлгiрсу.
Салт-санасы шынайы,
Көңiлдерi – мөлдiр су.
Босқа ләйлiп көпшiлiк
Құр сенделiп жүрмейдi.
Бiр-бiрiне тепсiнiп
Қоқаңдауды бiлмейдi.
Нәзiк екен жүрегi
Әрбiр жанның мұндағы
.
Бiр-бiрiне үнемi
Сiз-бiз десiп тұрғаны.
Зәрiн шашып бар елге
,
Зар илеткен халықты
Король екеш корль де
Сiз-бiз десiп қалыпты.
Үдеттi-ай кеп сауықты
Корольдi жұрт таң қылып.
Сый-құрметi халықтың
Бiтпейтiндей мәңгiлiк.
Теңiзшi кiм, король кiм,
Көрсетiлген сый бiрдей.
Мұндай теңдiк корольдiң
Тұрсын ба iшiн күйдiрмей
.

Бiрдей болып бәрi елдiң,
Бiр болған соң ас-дәмi,
Корольдiгi корольдiң
Ұмытыла бастады.
Өз ұлындай «Аралдың»
Теңiзшiнiң мәз бәрi.
Бiрi әлгiнде королiн
Қағып кете жаздады.
Байқап мұның бәрiн де,
Шытты король қабағын
.
Теңiзшiлер дайын-ды
Жалауға да табанын.
Бұрынғыдай табынбай,
Қазiр олар өзгердi.
Жұртпен
Себеп табылмай,
Соғыспасын сездi ендi.
Ойлап-ойлап бiр күнi
,
Қорытқалы ақылды,
Билiк тескен құлқынын,
Саудагердi шақырды.
– Байқадың ба, досым-ау,
Мына жұрттың сыңайын...
Бейбiт елге осынау
Қандай амал қылайын
?
– Дұрыс-ақ қой ойыңыз
,
Не айтайын тосыннан.
Айтылса өз ойыңыз,
Мен де соған қосылам
.
– Мына үлкен жолменен
Жүргiншi көп жүредi.
Олжа жатса көлденең,
Iлiп кетер бiреуi.
Жүр өзiңе сақ болып,
Ұста мына алмасты.
Саудагер шал шап берiп,
Асыл тасқа жармасты.
– Япыр-ау, бұл түсiм бе,
Түсiм емес, бәрi шын
.
Ризамын iсiңе,
Айналайын әмiршiм.
– Тасқа бекер шүйiлме
,
Тыңда менi сасапай, шал.
Бар да сонау иiнге,
Жол үстiне тастай сал.
Аңдып өзiң бiр тұстан,
Жол шетiнде жат бұғып.
Бүкiл ауыл жұмыстан
Қайтатұғын сәттi күт.
Ешкiмге де көрiнбе,
Таса болсын жан-жағың.
Келгендi түй көңiлге,
Байқап жат тек алғанын.
Алып керi жүрсе егер
,
Iзге түс,
Тек бiлдiрме.
Жазатайым бiлсе егер
,
Қару жұмсап бүлдiрме
.
Күшiңдi сап жүгiрмей
,
Айғай салып қуа бер.
Жетемiз де кiдiрмей,
Боламыз бiз куәгер..
.

Көрмей жатса ол мүлде,
Алмағанын байқап ап,
Ешкiмге де көрiнбе,
Сол орныңа қайта жат
.
Алып өтсе ол егер,
Шын алғанын байқап ап,
Көрмеген боп келе бер,
Жан-жағыңа жай қарап
.
Қуанып ол «олжаны»,
Алып келе жатқанда,
Көпiрден бiз жолдағы
Түсiремiз қақпанға.
– Ұстадық, – деп – ұрыңды,
Жеткiземiз көсемге.
«Жоғымызды» бұрынғы
Жабамыз бiз осы «елге».
– Көрмеген соң көзiмiз,
Тоналдық, – деп айтпап ек.
Таптырыңыз өзiңiз,
Ертең елге қайтпақ ек.
Дәл осындай
Алдында
Талай алмас тоналды.
Соңғысы да жадымда,
Үш қадағы жоғалды.
Мынау соңғы бiр қадақ,
Оңай таптық мұны бiз
.
Шыққан жерде ұрлап ап,
Қолға түстi ұрыңыз.
Кете алмаспыз өтеусiз,
Тез арада өтеңiз.
Өтемейдi екенсiз,
Түбiңiзге жетемiз! –
Дегенде бiз,
Көсемiң
Билерiмен қосар бас.
Ойланса да неше күн,
Дауды бейбiт шеше алмас.
Осынша алмас бұл жерден
Шыға қояр деймiсiң.
Таппаса,
Аяу бiздерден
Болмайды,
Осы – келiсiм. –
Өтеуге бос ант етпей
,
Жүрем десең осы елде
,
Құр бекерге қан төкпей,
Бағын
! – деймiз көсемге.
Бағынбаса,
Күллi елдi
Жоям оқтың күшiмен...
– Сiз корольсiз жiгерлi,
Ойыңызды түсiнем...
ІV
Қызғылт тартып күн күлiп,
Батуға да айналды.
Саудагер шал бұғынып
,
Жол шетiне жайланды.
Жол үстiнде жарқырап
Жатыр алмас тастары.
Жұмысынан
Ән шырқып
Халық қайта бастады.

Келгенде топ алдына,
Қарады шал үңiле.
Бiр-бiрiнен ұялды ма
,
Еңкеймейдi бiрi де.
«Әрине, олар алуға
Бiр-бiрiнен ұялады.
Келе жатқан ал мына
Жалғыз қазiр алады».
Көрiнгенде ол жаңа,
Жанып едi бiр үмiт.
Көзiн салмай «олжаға»,
Ол да өттi бұрылып.
Өттi халық бiр-бiрлеп,
Өттi кейде топ болып.
Саудагер шал күбiрлеп,
Жатты көзбен өткерiп
.
Бiреуi де тимедi,
Келтiрдi әбден ашуды
.
Ел аяғы сиредi,
Бiрте-бiрте басылды...
Естiгенде бұл iстi,
Король қатты күйiндi
.
Саудагерге ұрысты:
– Ит жесiн, – деп – миыңды
!
Мұндай ессiз болар ма ең,
Мен бiреуiн ұстар ем... –
Ашу қысып оны әбден,
Сабасына түстi әрең.
– Таусылды ғой төзiмiм,
Құрытты-ау, – деп мысымды, –
Айғайының өзiнiң
Қате екенiн түсiндi.
V
Өте бердi күн зырлап,
Король бiр күн
Ақыры
Үнсiз жүрген тұнжырап
Саудагерiн шақырды.
– Бiтiрсек тез iстi, ерiм,
Елге қайтсақ, – деп едiм.
Iрiң болды iшкенiм,
Желiм болды жегенiм.
Күйреп жатыр көп iсiм,
Көп жоспарым бар едi
.
Аз болмады мен үшiн
Тағылардың әлегi.
Қарашы iске аспауын
Жолаушыны тосқаның..
.
Ендi
Соғыс бастаудың
Құрдым жаңа жоспарын...
Қайталанбас, әрине,
Сәтсiздiктер алғашқы
.
Ретте сен әлi де
Әнеугүнгi алмасты.
Жасыр тез түн жамылып,
Үйiне бiр тағының...
Көсемге ертең шағынып,
Өтiнемiз табуын.
– Халық емес, халқыңыз,
Ұры ма едi шетiнен.
Осындай ма салтыңыз,
Кеткен бе әлде бетiмен...

Сөз етпес ек мұны бiз,
Соңғы алмас жоғалды.
Әйтеуiр, сол ұрыңыз
Бiзге үйiр боп алды.
Ол бiр емес, екi емес,
Үшiншi рет ұрлады.
Жейтiн алмас ет емес
,
Алса, үйiнде тұрады.
Таптырыңыз өзiңiз,
Барлық үйдi қараңыз.
Еленбесе сөзiмiз,
Бiз өзiмiз табамыз.
Тауып алсақ,
Елiңiз
Ескертемiн,
Оңбайды.
Қан сасиды жерiңiз,
Бiзден аяу болмайды, –
Дегенде бiз,
Көсемiң
Билерiмен қосар бас.
Ойланса да неше күн,
Дауды бейбiт неше алмас.
Содан кейiн алмасты
Тыққан үйден табамыз
.
Жолда тұрған әр басты
Тепкен доптай қағамыз.
Зәресiн ап көсемнiң,
– Тапқын, – деймiз, – қалғанын.
Жетпес оған
Осы елдiң
Жинаса да бар малын.
Өтеуге бос ант етпей
,
Жүрем десең осы елде
,
Бағын, – деймiз, – қан төкпей! –
Сосын келiп көсемге.
Бағынбаса,
Күллi елдi
Жоям оқтың күшiмен...
– Сiз корольсiз жiгерлi,
Ойыңызды түсiнем...
Жер боп едi намысым,
Ал, ендеше, аттандым
.
Осы жолы, әмiршiм,
Сенiмiңдi ақтармын... –
Шалынбастан көзге ешбiр,
Жасырмақ ол алмасты.
Балаларға кездестi
Кiрген үйде алғашқы.
Бiлмейдi олар өлгенiн,
Жасыруды бiлмейдi.
Айтып қойса көргенiн,
Жоспар тағы күйрейдi
.
Қазiр халық далада,
Бала бiткен үйiнде.
Сенiм бар ма балаға,
Сыр алдырып, бүгiлме
.
Кеткенде жұрт iсi бар,
Есiгi ашық қалады.
Шөлдесең кiр, iшiп ал,
Болса сусын, шалабы.
Ас-су болса керегiң,
Жайнап дайын тұрады.

Сенiң iшiп-жегенiң –
Несiбең деп ұғады.
Алас ұрды саудагер,
Бiрақ үмiт үзбедi.
Елпеңдедi алға ол,
Баласыз үй iздедi.
Тiгiп жүрiп құлағын,
Үйдi iздеп тапты әлгi.
Басқан сайын бiр адым,
Бөтен көзден сақтанды.
Әрекетi алғашқы
Бүгiнгiдей ойында.
Ашық жерге алмасты
Болмас ендi қоюға.
«Осы бiр сын – ауыр сын,
Үй иесi көрмесiн.
Тек қана бұл табылсын
Король өзi келгесiн.
Сонда құдай оң қарап
,
Iстiң алға басқаны.
Түссiн допша домалап
Тағылардың бастары.
Өлтiргендей шыбынды,
Олар үшiн қысқа өлiм».
Осы сәтте iлулi
Тонға көзi түстi оның.
«Ғайыптан қыс келмесе,
Тонды жазда кимейдi.
Бұл алмасқа, ендеше,
Қазiрше ешкiм тимейдi».
Тонның оң жақ қалтасын
Алмас тасқа толтырды
.
Толтырды да,
Арқасын
Күжiрейтiп ол күлдi.
Сөйттi де тез жоғалды,
Кете барды ентелеп..
.
«Тағы» бүгiн оралды
Жұмысынан ертерек.
Тазалады бiр кезек
Iшi-сыртын үйiнiң.
Қоймасын деп күйе жеп,
Күнге жайды киiмiн.
Байқап тұрса,
Тонының
Оң қалтасы толы алмас.
Салды екен оны кiм,
Аң-таң қалды ол алғаш.
Сонсоң сықап дорбаны
,
Жөнелдi ол көсемге.
Салт қой оған олжаны
Апаратын осы елде.
Ие шығып:
– Бер, – десе,
Көсем табыс етедi.
Ешкiм iздеп келмесе,
Ел қорына өтедi.

Түсте көсем алдында
Екi кiсi отырды.

Жұртты естен тандыра
,
Король өктем лепiрдi
:
– Халық емес халқыңыз
,
Ұры ма едi шетiнен.
Осындай ма салтыңыз,
Кеткен бе, әлде, бетiмен...
Сөз етпес ек мұны бiз,
Соңғы алмасым жоғалды.
Әйтеуiр, бiр ұрыңыз
Бiзге үйiр боп алды.
Ол бiр емес, екi емес,
Үшiншi рет ұрлады.
Жейтiн алмас ет емес
,
Алса, үйiнде тұрады.
Таптырыңыз өзiңiз,
Барлық үйдi қараңыз.
Еленбесе сөзiмiз,
Бiз өзiмiз табамыз.
Тауып алсақ,
Елiңiз,
Ескертемiн,
Оңбайды.
Қан сасиды жерiңiз,
Бiзден аяу болмайды.
– Сабыр, сабыр, королiм...
Көсем шытты қабағын.
– Қанша алмас бәрi оның,
Анығын айт, қарағым.
Тiл тигiзбе халқыма,
Өтiрiгiңдi соқпа әлгi
!
Король
Даусы қалтырап:
– Бiр-ақ дорба, – деп қалды.
Дiр-дiр етiп қолдары
,
Терiн сүртiп қысылды.
Көсем олжа дорбаны
Король жаққа ысырды.
Көсем қойды сәл күлiп:
– Бәлкiм, бұдан көп шығар?..
Алғыстарын жаудырып,
Бас шайқады жоқшылар...
VІІ
Өте бердi күн зырлап,
Король бiр күн
Ақыры
Көптен жүрген тұнжырап
Саудагерiн шақырды.
– Бүгiн қырып салар ем
Бұл зымиян халықты.
Теңiзшiлер солармен
Бауырласып қалыпты.
Жат ойлары жоғалды,
Сыйларына кенелдi.
Тағылармен оларды
Соғыстырып көр ендi.
Айтқан тiлдi ала ма,
Бұл – бiз үшiн зор қайғы.
Сондықтан да араға
От жақпасақ болмайды
.
– Осы ой едi менде де
,
Шошып жүр ем осыдан.

Кек тұтансын кеудеде
,
Ойыңызға қосылам.
– Бүгiн түнде
Бұл кектi
Тұтататын өзiң бол,
«Сыйлап көрсiн»
Құрметтi
Қонақтарын төзiмдi ел.
Қимасымсың сен менiң,
Тәсiлiң мол, бiлемiн
.
Өзiмiздiң кеменiң
Өртеп жiбер бiреуiн.
– Өзiмiздiң кеменiң?..
Тақсыр, обал емес пе
?
– Болады оның төлемi,
Тұра тұр, бос егеспе
!
Ол кеменiң жаласын
Тағыларға жабамыз.
Есептеп ап бағасын,
Көсемiне барамыз.
– Алты қадақ алмасым
Бiрге кеттi, – деймiн мен. –
Көңiлде дық қалмасын,
Өндiрiп бер пейлiңмен.
Осынша алмас бұл жерден
Шыға қояр деймiсiң.
Таппаса, аяу бiздерден
Болмайды,
Осы – келiсiм. –
Өтеуге бос ант етпей
,
Жүрем десең осы елде
,
Құр бекерге қан төкпей,
Бағын! – деймiз көсемге.
Бағынбаса,
Күллi елдi
Жоям оқтың күшiмен..
.
– Сiз корольсiз жiгерлi,
Ойыңызды түсiнем.
Айтқаныңның барлығын
Орындаймын, әмiршiм.
Құлыңның бұл
Дәл бүгiн
Ер екенiн танырсың.
Анадағы уәдеге
Берiк болсаң болғаны
.
– Оған бола қам жеме,
Шаруа ғой қолдағы...
VІІІ
... Түн басса да даланы,
Жатпаған-ды жұрт әлi
,
Иiскелеп ауаны,
– Өрт
! Өрт
! – дедi бiр «тағы».
Күрек алып, шелек ап
,
Өре тұрды бар халық.
Өрттi король көре қап,
Айғайлады зар қағып.
– Бiздiң кеме-ау өртенген,
Жел сол тұстан соғады.
Мұндай тағы, ерке елден
Не күтсең де болады
!
Ұмтылыңдар, бауырлар
,
Бекер келген екенбiз
!

Аман сақтап қалыңдар
,
Елге қалай жетемiз?.. –
Тұрғын елмен жарысып
,
Теңiзшiлер жөнелдi.
– Тағылармен табысып,
Бауырласып көр ендi! –
Қаптап үлкен-кiшi де
,
Жеткен кезде қырқаға ел,
Мәз болып өз iсiне,
Қарқ-қарқ күлдi қу король.
Бiр құлап, бiр сүрiнiп,
Қырға шықты көп бейне.
Азан-қазан, жүгiрiп,
Жедел түстi беткейге
.
Күткендей нақ алда өлiм,
Жоғалтты сәл ел есiн
.
Көрдi олар корольдiң
Жанып жатқан кемесiн
.
Жалын дiңгек бойымен
Барады өрлеп жоғары.
Байғұс кеме қолымен
Шақырғандай болады.
Қызыл алау бой жасап
,
Би билейдi не түрлi.
Аждаһалар ойнақ сап
Шоршып жүрген секiлдi.
Орап апты от демде,
Дүниенi шулатып.
Халық ендi жеткенде,
Кеттi кеме шым батып...
ІХ
Теңiз жаққа барған ел
Терлеп жүрсе аптығып
,
Король менен саудагер
Лашықта отыр шат күлiп.
– Мысым құрып,
Жүр едi
Төрт тағаным, құр жаным.
Орындалар тiлегiң,
Шалым, саған ырзамын
.
Әуре болдық неше күн
,
Қазiр ләм-мим демейiк.
Ертең барып көсемнiң
Әуселесiн көрейiк.
Шал шалқыды iшiнен:
«Жөнi келсе, бiр биле».
Сол сәтте
Бес кiсiмен
Көсем келiп кiрдi үйге.
Король түсi бұзылып,
Ұшып тұрып қол бердi
.
Алты қонақ тiзiлiп,
Тiзе бүктi төрге ендi.
Сосын көсем ақырын,
Сабырмен сөз бастады
.
– Серпiп жiбер, батырым,
Қайғы-мұңды бастағы.
Басың аман бүлiктен,
Торықпа құр, босама.
Ойда жоқта килiккен
Алапатқа не шара.

Үлкенге де, кiшiге
Қайырымды халқымыз.
Қырсық шалған кiсiге
Көмектесу – салтымыз.
Ойла бiздi дос деп, тек,
Ел емеспiз қураған.
Шығыныңды есептеп,
Ертең ерте кiр маған
.
Қол алысып
Қайта ол
Шығып кеттi iзiмен.
Сақ-сақ күлдi ал король
Мысқыл ойнап жүзiнен
.
Х
Жұмыс iстеу – талабы,
Қолы тыным таппайтын
Бiрлан деген баланы
Көршiлерi мақтайтын.
«Сыйлайды үлкен-кiшiнi,
Ерiнудi бiлмейдi.
Балалардың пысығы,
Болар бала бұл», – дейдi.
Бiр қонақты iңiрде
Абайсызда шалыпты өрт.
Күттi бiрлан үйiне
Сол кiсiнi алып кеп.
Жатқызған соң төрiне
,
Отырған жоқ құр қарап.
Күлдiреген жерiне
Тартты езiп шырғанақ
.
Алсын деп көз шырымын,
Түсiрсiн деп қызуын,
Бердi сөлiн, шырынын
Таңқурай мен жүзiмнiң.
Бiр сәт дамыл алмады
,
Күзеттi ол күрсiнiп.
Күн де шықты, жанданды
Жер бетiнде тiршiлiк
.
Бұл баланың iсiне
Риза болды барша адам.
Сырқат күлдi сүйсiне
Кейiппенен шаршаған.
– Қамын жесең ағаңның
,
Қалқам, берi қарашы.
Ауылдағы баламның
Мынау – аша ағашы.
Жасағанмен мен мұны,
Ұстаған жоқ ұлым түк
.
Аттанарда берудi
Кетiппiн ғой ұмытып.
Бiзге iстеген мол iсiң –
Куәсi адал ниеттiң.
Бұл мүлiктi сол үшiн
Саған, қалқам, сый еттiм.
– Сыйыңызға мың алғыс
,
Не үшiн керек бұл маған
?
– Шақ келмейдi бұған құс,
Сырын мұның бiл, балам.
Былай көзде, асықпа. –
Атуды ол үйреттi.

Жалп еткiздi шалшықта
Жүзiп жүрген үйректi
.
ХІ
Король менен саудагер
Келдi кiрiп көсемге.
Шартты бұзса ол егер
,
Ойран салмақ осы елге.
Көсем дiр-дiр етедi,
Әлденеге ашулы.
Оны көрiп екеуi
Су сепкендей басылды.
– Кәне, сөйле, королiм,
Қалай шықты есебiң
?
Тыңдамайтын жан едiм
Өзгелердiң өсегiн.
Қазiр
Қалай дегенмен
Сенбеске жоқ амалым.
Өрт шығарған кемемнен
Сенiң екi адамың.
Мына кiсi екеуiн
Көрiптi өз көзiмен.
Сенiң кiсiң екенiн
Аңғарыпты сөзiнен.
– Иә, иә, iңiрде
Сыздаған соң жүрегiм
,
Сыртта, үйдiң түбiнде
Серуендеп жүр едiм..
.
«Каютаның бiрiнде
Қалып қапты шелегiм.
– Мейлi. Ендi күлi де
Қалмайды бұл кеменiң
.
Босқындарын шетелдiң
Қатырдық, – деп, – қыраным!»
Дәудiрлескен екеудiң
Сөзiн шалды құлағым.
Бiрi озып бiрiнен,
Шықты iзiнше тасадан
.
Ұстайын деп қуып ем,
Жеткiзе ме жас адам?.. –
Көсем шытты қабағын,
Болды ма екен сыр тартпақ.
Тайдырып тез жанарын
,
Қалды екеуi қипықтап
.
Сескендi ме кәрiнен,
Король тұрып бас идi
:
– Алмасыма бәрiнен
Iшiм удай ашиды.
– Алмас тасың қанша едi? –
Дедi көсем сұс қадап
,
– Қоспасақ жай нәрсенi,
Таза алмасым үш қадақ.
Соқты көсем жымиып,
Алақанын екi рет.
Басын оған тұрды иiп
,
Бiр жас жiгiт жетiп кеп.
– Көздiң қырын салмас кiм
Бақытсызға, қарағым.
Қазынадан
Алмастың
Босат алты қадағын.

– Құп! – деп, жiгiт iзiмен
Шықты басын бiр иiп.
Нұры тамып жүзiнен
Король қалды жымиып.
Алақанын тағы да
Соқты көсем үш рет,
Тұра қалды алдына
Еңгезердей кiсi кеп.
– Жол жабдығын мырзаның
Дайындасын жiгiттер.
Сен өзiң де ырза қыл
,
Қалауынша мүлiк бер.
– Құп
! – деп, кiсi iзiмен
Шығып кеттi бас иiп.
Нұры тамып жүзiнен
Король күлдi ақсиып...
ХІІ
Жарқырайды көк теңiз
Жаймен тербеп кеменi.
Өшiп жатыр өткен iз,
Толқын келiп көмедi.
Шүйiледi төбеден
Шағалалар салып ән.
Мол олжаға кенелген
Король тiптi шадыман
.
Қуанышқа мас болып,
Отыр көзi шыланып.
Көсем өзi бас болып,
Салды оны шығарып.
Көрмептi-ау бiр пендеге
Риза болып өмiрi.
Көсемге де, елге де
Риза бүгiн көңiлi...
ХІІІ
Сая үлкен-кiшiге
Жайқалады жасыл бақ.
Ағаштар көп iшiнде
Өсiп тұрған ғасырлап
.
Осы жерден табасың
Құсты күмiс көмейлi.
Үнiне таң қаласың,
Қуанышқа бөлейдi.
Тамылжыта салып ән
Отыр, әне, – бұлбұл құс.
Ұшып кеттi жанынан
Үстi көкшiл қу бiр құс.
Ұзамады ол бiрақ,
Қонды көршi еменге.
Қарар ма едi қолына ап,
Шақырғанмен келер ме
?
Ашаағашын кезенiп,
Тартып қалды «ер» Бiрлан.
Дүние кiлт өзгерiп,
Сап тыйылды көңiлдi ән.
Шайдай ашық аспанды
Баса қалды түн түнек
.
Бiр алапат басталды,
Маңай кеттi дүркiреп
.
Үйiрiп тас, құмдарын
,
Ышқына кеп жел соқты
.

Шыбын жанын Бiрланның
Көзiне әкеп көрсеттi
.
Қарысып қап жақтары,
Дуылдады бетi оның.
Бiлмедi ол
Атқаны
Бақыт құсы екенiн.
Жарқ еттi аспан, шарт еттi,
Шарт еткендей шапалақ.
Бiрлан жерге жалп еттi,
Қайта тұрды «апалап»
.
Қаз-қаз басқан баладай,
Бiр тұрып, бiр сүрiнiп,
Алды-артына қарамай,
Кете барды жүгiрiп..
.
ХІ
V
Орман iшi үрейлi,
Үдеп кеттi жел деген
.
Бiресе алға сүйрейдi
,
Итерiп қап кеудеден.
Жарқырайды от көктен
,
Қап-қара аспан төнедi.
Жаңа шыққан мектептен
Нұрлан зулап келедi.
Түстiк жақта, жағада
Тұратұғын бала бұл.
Осы зерек балаға
Сүйсiнедi бар ауыл.
«Мына күннiң азабы-ай!»
Нұрлан зулап келедi
.
Шатыр еттi найзағай,
Дiр еткiздi дененi.
Қалт тұрды ол шошып қап,
Ауыл қайда, жол қайда?!
Көзi түстi осы сәт
Жерде жатқан торғайға.
Алды ақырын қолына,
Соғатындай жүрегi.
Тығып алып қойнына,
Жүрiп кеттi iлгерi..
.
Әкелген соң үйiне,
Аузына сүт тамызды,
Бақылады үңiле
Кәнiгi емшi тәрiздi.
Кездемеден қиып ап,
Таңды сынған аяғын.
– Иә, саған қиын-ақ, –
Дедi түйiп қабағын.
Өттi уақыт бiр қауым
,
Қойды торғай тамсанып.
Келiп кеттi Нұрланның
Жiбергiсi ән салып.
Байқап бiреу тұрғанын,
Торғай көзiн ашты ендi.
Қуаныштан
Нұрланның
Жанарына жас келдi..
.
Сол сәт ата-анасы
Кеп кiргенiн бiлмедi
.
Бiр-бiрiне қарасып,
Гүл-гүл жайнап тұрды өңi.

– Күнi бойы қалғыдым,
Ұқсап сырқат адамға.
Үйге кiре
Ауруым
Ғайып болды табанда.
– Әлдеқандай себеппен
Дiңкем құрып келгем-дi.
Қандай сиқыр,
Кенеттен
Ширап қалдым мен де ендi. –
Екеуi кеп күлiмдеп
Құшақтады ұлдарын.
Бiлмедi олар
Үйiнде
Бақыт құсы тұрғанын.
Үйде шаттық орнады,
Көңiлдерi нұр шашты.
Тысқа шықса болғаны,
Қара түнек зiл басты
.
Шаруаны, жұмысты
Бүкiл арал ұмытты.
Бiр әзәзiл жымысқы
Дiңкелерiн құрытты..
.
ХV
Айдың бетi жай ғана
Теңбiлденiп жатқан-ды,
Тыныш едi айнала,
Кенет сырын ақтарды.
Дүлей дауыл басталды
,
Маңай кеттi күркiреп.
Қаптады бұлт аспанды
,
Баса қалды түн-түнек
.
Аспанға ұқсап
Қорольдiң
Бұзылды ойы әп-сәтте
.
– Осы жерге әуелгi
Келгендегi мақсат не
?
Кәкiр-шүкiр олжасы,
Осы ма бар тапқаны
?
Бай аралдың қожасы
Болып неге қайтпады
?
«Күлкi ғой бұл досына,
Дұшпанына таба ғой».
Сұм корольдi осындай
Билеп алды жаман ой.
Болмапты ғой дегенi,
Өкiнiп ол аһ ұрды.
Штурманға:
– Кеменi
Керi бұр
! – деп ақырды.
Сасқалақтап штурман,
Оған ләм-мим демедi.
Жел ығымен ысқырған
Керi бұрды кеменi.
ХVІ
Кеме тұмсық тiредi,
Шығанаққа кiрдi де.
Лоблып король жүрегi
,
Қолын созды дүрбiге.
Көзiне сап үңiлдi,
Селт етпейдi жан-жағы.
Аралға бұл дүбiрлi
Жұмбақ не боп қалғаны.

Қарсы алмады, кешiктi ел,
Неге жатыр бұлданып
?
Тарс жабылған есiктер,
Қайда кеткен бұл халық
?
Оба жайлап өткендей,
Тiрлiк те жоқ, ел де жоқ.
Түгел көшiп кеткендей,
Қыбыр еткен пенде жоқ.
Қолын бастап қу король
Келiп едi көсемге.
Төсегiнен тұрмады ол
,
Қозғалмады,
Мешел ме
?
Айтпақ ойы сезiлмей,
Бедiрейiп қарады.
Өлген қойдың көзiндей
Тұмантып тұр жанары.
Король үнмен кекесiн:
– Жат, жат, – дедi, –
Көсемiм,
Жатып қалған екенсiң
,
Жайлы болсын төсегiң
!
Салынып мен уайымға,
Қайтып келген себебiм:
Ел тағдыры жайында
Сырласайық деп едiм.
Сендер үшiн мал қайғы,
Халқың түгел қараңғы
.
Айыра да алмайды
Жақсы менен жаманды.
Алмаған соң тағлым,
Айырғысыз жас, кәрi.
Көздегенi бәрiнiң –
Күнделiктi ас қамы.
Айып көрме мұны сен:
Болмау үшiн ел надан
,
Шұғыл iске кiрiсем,
Билiгiңдi бер маған.
Аянбаймын,
Әманда
Шуағымды себемiн.
Дәнмен бiрге аралға
Мәдениет егемiн, –
Көсемi тiс жармады,
Өзгерiс жоқ өңiнде.
Жоқ секiлдi арманы,
Бұйырса да өлiмге.
Король ендi қаруын
Көрiп едi кезенiп.
Селт етпедi бәрiбiр,
Жата бердi безерiп.
Саудагерге ол ендi
Есiк жақты ымдады.
Томпаң қағып жөнелдi
,
Байқап қапты бұл дағы.
Тыңшысымен қу король
Үй сыртында кеңестi.
– Естiмесiн мұндағы ел,
Досымсың ғой сен ескi.
Жатыр екен бұл көсем
Өзi де өлiм халiнде.
Жасақтармен бiрге сен
Жина елдiң бәрiн де.

Келесi кең көшеге
Жиналған соң хайық,
Алып шығып,
Көсемге
Ауыр айып тағайық.
Өткен бүкiл жолына
Жалаларды жаудырып,
Шығарайық соңында
Өз елiне жау қылып.
«Туа бiткен сүйекке
Кертартпа екен мiнезi.
Озық мәдениетке
Қарсы», – дейiк, – бұл өзi.
Сосын салып талқыға,
Түсiрейiк ұшырып.
Бiр жырғайық, артында
Сенi орнына ұсынып..
.
Қару жұмсап, түйресең,
Ызасы елдiң келедi:
Алдап-сулап билесең,
Иiңе оңай көнедi.
Сайлап алса ел сенi,
Басады алға iсiң де.
Биiк ұста еңсенi,
Болсын дымың iшiңде... –
Саудагердiң талайдан
Осы едi күткенi.
Тер сорғалап самайдан,
Қол қусырып:
– Құп
! – дедi.
ХVІІ
Ерте кеткен саудагер
Кешке дейiн жоғалды.
Ол бармаған қалмады ел,
Iңiрде әрең оралды.
Баса алмай ентiгiн,
Жақындады корольге.
– Қалдырмадым жер түбiн,
Хабарладым бар елге.
Жын-перi ме, не тиген,
Не бұзды екен халықты,
Бiреуi емес,
Шетiнен
Миғұла боп қалыпты.
Тағы да бiр шатағы:
Қанша дүре соқ мейлi
,
Меңiрейiп жатады,
Бiреуi қыңқ етпейдi.
Мадақтап тiл қатсаң да,
Естiмейдi құлағы.
Балағаттап жатсаң да
,
Аңырайып тұрады.
Сүйрелеп те, жетелеп
Жиған болдық шамалы.
Жиғанменен,
Не керек,
Айырмайды ақ, қараны
.
– Көсем щалың, ендеще
,
Жата тұрсын зынданда.
Халық бүгiн келмесе,
Келер есiн жиғанда..
.

ХVІІІ
Жердiң жүзi ұнатқан
Арал едi бұл жұмақ.
Басты да бұлт зiл батпан,
Тұрып алды тұнжырап.
Күнде зорлық, күнде егес,
Жұмысқа жұрт шықпады
.
Бiреуiне кiрмедi ес,
Сырын ешкiм ұқпады.
Уәделесiп алған ба,
Тапжылмады ел мүлде.
Ең ақыры малдар да
Жатты жатқан жерiнде. Тiрi өлiк боп қалған ел,
Мұндайды кiм көрiптi.
Король менен саудагер
Өздерi де торықты.
Серпiлмедi қайғы-мұң
,
Король сосын асықты.
Бар қазына-байлығын
Кемесiне тасытты.
– Итше сүйреп байлаулы,
Жинап кiлең көк миды
,
Өткiзе сап сайлауды,
Жөнелемiн, – деп түйдi, –
Саудагер шал ел билеп,
Тарқатсын бiр құмарын.
Кейiн дембiл-дембiл кеп,
Салық жинап тұрамын...
ХІХ
Нұрлан күндi кешегi
Дамыл көрмей өткердi
.
Салынғанда төсегi,
Бiрден мызғып кеткен-дi.
Сөйледi ендi ашынып,
Ыңыранды тiстенiп.
Жамылғысы ашылып,
Жатыр едi түс көрiп.
Әбден шаршап адасып,
Ну орманда жүр екен...
Алса көзiн сәл ашып,
Торғай сайрап тұр екен.
Үйдiң iшi жап-жарық,
Таң да атып қалыпты.
Егiлуге аз қалып,
Нұрлан бiр сәт қамықты.
Ну орманын сағынған
Торғайын ол аяды.
Шештi аяғын таңылған
,
Жазылыпты аяғы.
Байқамақ ол ұшырып,
Ашып едi уысын,
Қанат қақты ол түсiнiп,
Шарлап кеттi үй iшiн
.
– Сауықтың, – деп айта алам,
Қоншы келiп тек төмен... –
Нұрлан оны қайтадан
Ұстап алды еппенен.

– Қоштасайық, – деп
Бiрден
Тысқа алып шықты оны
.
Торғайдың да көп күннен
Осы едi күткенi.
– Ауырма ендi, торғайым,
Еркiндiкте самғап ұш
.
Аман-есен бол дәйiм,
Бiрақ кетiп қалма алыс.
Егер зәбiр көрмесең,
Сайран салып жүре бер.
Сырқаттансаң кейде сен,
Аялдамай үйге кел! –
Нұрлан ауыр күрсiнiп
,
– Қош
! – дедi де, бөгелдi.
Торғай басын бiр шұлғып,
Шырқай ұшып жөнелдi...
Қас қаққанша жел тынды,
Су сепкендей басылды
.
Бұлт жыртылып жөңкiлдi,
Күннiң көзi ашылды.
Жанданды мал мыңғырған,
Шаттық күйi төгiлдi.
Құстар сайрап,
Ду-думан
Билеп алды өңiрдi...
ХХ
– Бас көтердi байтақ ел! –
Саудагер тұр аптығып
.
Ұйқылы-ояу ал король
Шала-пұла жатты ұғып
.
«Бас көтердi дедi ме
Бүкiл «тағы» қосылып!»
Төсегiнен демiге
Атып тұрды шошынып.
Дiр-дiр етiп тiстендi:
– Неткен суық хабарың?!
Сабасына түстi ендi
Шалдың көрiп қабағын
.
– Аулын таяп бәленiң
Не деп тұрсың, жарқыным
?
– Сүйiншi бер, королiм,
Кiрдi есi халқымның.
Жұмысына аттанып,
Түгел өрiп барады.
Кенiн ендi ақтарып,
Дүбiрлетем даланы...
– Барыңды онда сал бүгiн,
Отырмайық дамылдап.
Жина алаңға барлығын
,
Бар да, жедел дабыл қақ...
ХХІ
... Дабыл оқыс таралды
Таңғы ауаны жаңғыртып.
Елеңдеттi бар аңды,
Жан-жануар қалды үркiп.
Басталғандай бiр бүлiк,
Ағылды жұрт асыға.
Бiрi қалмай дүрлiгiп
,
Жиналды қыр басына.
Төмпешiкке шығып ап:
– Халқым
! – дедi қу король.

Бiр-бiрiне сыбырлап,
Тына қалды тыңдап ел
.
– Сендер үшiн қызық не
?
Мешеусiңдер не деген
!
Ең ақыры жүзiп те
Көрмепсiңдер кемемен
.
Құнарлы екен жерлерiң,
Тұрғаным жоқ асырып.
Қазына байлық кендерiн
Жатыр, бiрақ жасырып.
Көрдiк егiн өскенiн,
Бiрақ ғылым өспеген.
Саналарың, естерiң
Бiздiң елден көш төмен.
Көсемдерiң көсем бе,
Барып тұрған кертартпа.
Ұқсайды өзi мешелге,
Сүйрелейдi елдi артқа.
Қажет-ақ қой белдi елге
Дамыту ой-өрiсiн.
Сол себептi сендерге
Бермек болдық қол ұшын
.
Өсiрмеген аулын еш,
Жарытпас деп басқарып,
Орнынан бiз
Жарым ес
Көсемдi алып тастадық.
Көсемдерiң ендiгi –
Мына тұрған қария.
Ғұлама бұл белгiлi,
Ой-өрiсi – дария.
Сендердi бiз қосып ап,
Болмақшымыз қорғаныш. –
Король сөзiн осы сәт
Бөлiп кеттi зор дауыс.
– Иланбаңдар, жарандар,
Былшылына корольдiң
!
Жылмиысын қараңдар,
Таза емес ары оның.
Баршамызды езгiлеп
Құл етпекшi айуандар
.
Ұмтылыңдар тезiрек,
Ұстап бәрiн байлаңдар! –
Шарықтап бiр ән кеттi,
Лап қойды жұрт төбеге.
Король даусы саңқ еттi:
– Теңiзшiлер, кемеге
!
Қашты олар
Жан-жағын
Бейберекет атқылап.
Ал «тағылар» жауларын
Өкшеледi қаттырақ.
Асып-сасып жүргенiн
Тұзақ келiп iледi.
Шеше берсе күрмеуiн
,
Таяқ келiп тиедi.
Лақтырады бұғалық
Бiреу ағаш басынан.
Ойда жоқта кiл алып
Шығады аяқ астынан.
Көмiп қуған халықты,
Шаңға батты жол үстi
.

Королiмiз даңқты
Жан аямай соғысты.
Жеткендi атып соңынан,
Бойлай қашты жыраны.
Оның атқан оғынан
Екi-үш «тағы» құлады.
Мұндай азап көрмептi
,
Азабын-ай бүгiнгi.
Кемеге әзер ол жеттi
,
Палубаға iлiндi...
Ұзаған соң жағадан,
Шығарған-ды есебiн,
Таба алмады арадан
Теңiзшiнiң бесеуiн..
.
Соңына ендi бұрылып,
Қарап едi алара,
Ентiккен жұрт дүрлiгiп,
Тұрып қапты жағада..
.
Зұлым жауды
Алқынып
Қуып келген көп халық
Тұрып-тұрып,
Ақыры
Қайтып кеттi топтанып.
Нұрлан кейiн кеп едi
,
Соң қалды ендi өзгеден.
Қызық көрiп
Кеменi
Тұрды ұзатып көзбенен.
Жүгiн ауырлады ма,
Мұржасынан бу атып,
Көкжиекке барды да,
Кеме кеттi шым батып
.
* * *
Көсемдi iздеп,
Шарлап ел
Тапты әзер зынданнан
.
Сүйсiне елге қарады ол
Жанарымен суланған.
Аза тұтып,
Сұрланып
Ерлердi ел жерледi.
Содан кейiн бұл халық
Мұндай сұмдық көрмедi...
Қуаныштан бiр-бiрiн
Сүйiп жатты жас-кәрi
.
Бейбiт тұрмыс-тiрлiгiн
Халық қайта бастады...
ХХІІ
Дем алдым мен алқынып,
Жетелеп бiр ой легi.
Отырды да сәл тынып,
Атай қайта сөйледi.
– Еңбек сүйгiш, өнерлi,
Салт-санасы – өнеге,
Қасиеттi сол елдi,
Айтшы, көргiң келе ме
?
– Әрине, атай, әрине,
Келедi ғой көргiм-ақ
.
Көрер едiм бәрiн де,
Қиын шығар ол бiрақ.
– Орамалмен таңайын
Ендеше, мен көзiңдi.
Көрiнбесiн маңайың,
Тыңдап отыр сөзiмдi, –
Көзiмдi атай таңды да,
Малдас құрып отырды.
Менi алып алдына:
– Ұш, кiлем
! – деп өтiндi.
Күлiп қойдым бұған мен
Таңдайымды сәл қағып
.
Екеуiмiз қиялмен
Көкке қайта самғадық
.
– Мiнеки – бiр ауылы,
Көрiнiп тұр қарайып.
Пiсiп жатқан қауыны
Сол ауылға барайық.
Бiр машина келедi,
Жол аумаған – мұзайдын.
Кәне, мықтал,
Мен оны
Басып озып, ұзайын. –
Қарсыласып жатпаймын
,
Басымды изей беремiн
.
Айтқандарын атайдың
Қиялменен көремiн.
– Жөңкiледi ақ сағым,
Шайдай ашық төбемiз.
Үстiменен бақшаның
Жайлап ұшып келемiз.
Иiсiн-ай қауынның,
Ғажап егiн алабы.
Iргесiмен ауылдың
Өзен ағып барады.
Диiрменнiң түбiнен
Оны бөгеп, байлапты.
Сiрә, осының суымен
Суарады-ау аймақты.
Машиналар ағады,
Қарап келем қызығып.
Қала жаққа барады
Астық тиеп, тiзiлiп.
Астығы бар не түрлi
Мiне, мынау – қырманы
.
Элеватор секiлдi
Әнебiреу тұрғаны.
Әне, анау бақ жақта
Зәулiм биiк монша тұр.
Мынау жалпақ саздаққа
Тiгiлiптi он шатыр.
Бұл шатырлы ауылдың
Жалауы бар, көптеген,
Балалардың кәдiмгi
Лагерi ме деп келем.
Әне, қара, жаным-ау,
Қандай көркем мектебi
!
Қасындағы қалың бау –
Балалардың еккенi.
Аппақ шаңқан, бiр түстi
Үйлерi де тамаша-ақ.
Құрылысшылар кiрпiштi
Өрiп жатыр, қала сап
.
Мiне, қалып барады
Мәдениет сарайы.
Мынау – «Шаттық» алаңы
,
Гүлге оранған маңайы.
Кеңесiнiң алды кең,
Айналасы көкпеңбек.
«Кiтап дүкен», «Нан дүкен»...
Дүкендерi неткен көп. –
Атайдың әр сөзiне
Зерде қойып келемiн.
Оттай ыстық көзiме
Өз аулымды көремiн.
– Мiне, қондық, қарағым,
Бақытты ауыл iшiне.
Ұзақ жолға жарадың,
Ендi әзiрлен түсуге.
Тұрды атай баяулап,
Ұмтылып қап iлгерi.
– Ауылды ендi жаяулап
Аралаймыз, жүр, – дедi.
Мырс етiп бiр күлдi де,
Менi сүйрей жөнелдi.
Едәуiр жер жүрдi де,
Тоқтай қалды ол ендi
.
Шештi атай көзiмдi,
Жарқырады жан-жағым.
Тауысып ем төзiмдi,
Бiр құпия аңдадым...
Қараторғай шырылдап,
Сайрап отыр төбемде.
Қарындасым жымыңдап
Қарап отыр төменде.
Жинап отыр кiшi iнiм
Көршi үй берген қауынын.
Асыр сап жүр күшiгiм
,
Құрқылдап жүр тауығым.
Атай қапты қалжырап,
Ұшқандай-ақ көк тiлiп.
Дем алған соң азырақ
,
Тұрдым:
– Ата, – деп күлiп.
Атай шаршай қарады,
Сұрадым мен қаймыға.
– Ертегiңiз жаңағы
Өз аулымыз жайлы ма
?
– Азаматсың, тентегiм
,
Сөз түйiнiн тез бiлдiң.
Иә, айтқан ертегiм –
Осы ауылың өзiңнiң.
– Дәл әлгiндей мұң-қайғы
Жайлағаны анық па?
Жазбаған ғой бұл жайды
Бiз оқыған тарихта.
– Өкiнiштiң отына
Бабаларды күйдiрген
Осындай да оқиға
Болған шығар, кiм бiлген...
Нұр жайнаса көздерің,
Қайғы-мұңды білмесең,
Бақыттысың
 Өзгенің
Шылауында жүрмесең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу