27.03.2024
  32


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Палау

Ағам да үйде қалмады,
Апам да үйде қалмады.
Анам да үйде қалмады,
Атам да үйде қалмады.
Кетiп қалды күллiсi,
Жалғыз қалдым үйде мен.
Жарқырап тұр үй iшi,
Нұр төгiп тұр күн деген.
Шығысымен ата-анам,
Үйге қонақ келсе де,
Кетiп қалды қайтадан
Көкемдi iздеп кеңсеге.
Тамақ iстеп соларға
Қояйын деп ойладым.
Өзiм де бiр палауға
Тояйын деп ойладым.
Отын жағып ошаққа,
Қазанды алғаш қыздырдым.
Сәл абыржып сол шақта,
Құйрық майдан шыжғырдым.
Сәбiз турап, ет турап,
Су да құйдым үстiне.
Өзiме бұл кеттi ұнап,
Қайран қалдым iсiме.
Ағам үшiн бiр кесе,
Апам үшiн бiр кесе,
Анам үшiн бiр кесе,
Атам үшiн бiр кесе,
Өзiм үшiн бiр кесе,
Күрiш салдым iшiне.
Және салдым бiр кесе
Келген қонақ кiсiге.
Тәттi болып тамағым,
Тоймай қалып жүрмесе...
Жұрттың ойлап мен қамын,
Тағы салдым бiр кесе.
Қазандағы күрiшiм
Қызбады ма, қызды ма,
Терiп тастап iрiсiн,
Әкеп салдым тұзды да.
Жауып қойып қазанды,
Тауыстым мен тағатты.
Пiсуiне аз қалды,
Қарап қоям сағатты.
Ашып көрсем қақпақты,
Су қалмапты бiр тамшы.
Күрiштерiм қап-қатты,
Көбiрек су құйсамшы.
Жарты шелек су сұйып,
Қайта жаптым қақпағын.
Әлсiн-әлсiн үңiлiп,
Тағы тыным таппадым.
Жұмсарғанда палауым,
Апамдар да оралды.
Дәмдi болып тамағым,
Бiр-бiр кесе жеп алды.
 Өзiм жедiм бiр кесе,
Қазанда әлi көп қалды.
Салып бердiм бiр кесе,
Шақырдым да Тоқтарды.
Таусылмады бұл әлi,
Бес кеседен әлi көп.
Шекер, Қыпшақ, Нұралы,
Тауыса алмады бәрi кеп.
Палау үшiн небәрi
Жетi-ақ кесе салғаным.
Қалайша көп болады,
Түк түсiне алмадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу