27.03.2024
  69


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Спортшы Төлен

Желден ығып,
Қалқада
Бір топ бала тұр едік.
Екі қолы қалтада,
Төлен келді шіреніп.
Каникулға бұл мықты
Көрші ауылға кеткен-ді.
Он күн бойы шынықтым,
Боксер болдым, – деп келді. –
Қайсың барсың тең келмек,
Көрсетейін өнерді! –
Екі қолы ербеңдеп
Секектеді ол енді.
Білек тұрып шығуға
Ешқайсымыз батпадық.
Сойқан шығар шынында,
Тұра қаштық сақтанып.
Паналап мен сиырды,
Қалқасына тығылдым.
Сиыр маған бұрылды
Дегендей-ақ «Мұның кім?»
Қалды маған жақын кеп,
Түйіп өтпек боп Төлен.
Сиыр: «Тоқта, батыр!» – деп,
Нұқып қалды өкпеден.
Төлен бірден түсінді
Сиырдың не дегенін.
«Байқадым, – деп, – күшіңді»,
Тыя қойды «өнерін».
«Қайтеді, ей, ақымақ,
Басынғаны бұл кімді?»
Екі көзі шатынап,
Сиыр тағы ұмтылды.
Енді Төлен сиырға
Нұқытпай да «ұрғызбай»,
Құла дүзге, қиырға
Жөнелді ағып жұлдыздай.
 Болмай оған көмегім,
Қарап тұрмын мен аяп.
Боксшы емес,
Төленім
Болып шықты желаяқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу