27.03.2024
  56


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Төзім

Ұйықтасам да іңірден,
Кеш тұрып қап бүгін мен,
Портфелімді асынып,
Үйден шықтым асығып.
Орта жолға жеткенде,
Кең көшеден өткенде,
Шым ете қап табаным,
Жан-жағыма қарадым.
 Шағынбадым ешкімге,
Бәтеңкемді шештім де,
Ішіне тез үңілдім –
Ішінде жүр түйір құм.
Құмар тіпті баюға
Маллюскалар жайында
Оқып «Ол кім, бұл не?» – ден,
Қайран қалғам бірде мен.
Сауытына құм илеп,
Күндіз илеп, түнде илеп,
Болсын мейлі бір жыл жүк,
Алады екен інжу ғып.
Осы біздің класта
Ең жақсы қыз Күләшқа
Сол інжудің біреуін
Сыйлап,
Бақсаң түр-өңін...
Амал қанша,
Көндігем:
Бәтеңкемді
Енді мен
Ішінде інжу тұрғандай,
Киіп алдым құмды алмай.
Бір айың не, бір жыл не,
Айналсыншы інжуге
Табанымда иленіп,
Шықсыншы тек сый болып.
Жүріп кеттім ілгері,
Аямады құм мені,
Аз болмады шатағы,
Басқан сайын батады.
Қайтсем екен бұл жолды,
Қарға адым жер мұң болды.
Жаным шығып барамын,
Табаным-ай, табаным!
Жас тығылған көзім-ай!..
Маллюсканың төзімі-ай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу