Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  25


Автор: Жібек Ысқақова

СЕЗДІМ СӘТТІ ҒАЖАЙЫП

Сездім сәтті ғажайып,
Бір тамаша күйге ендім.
Бақытты екен халқымыз,
Жүзі жайнап күйі елдің.
Жігіттер жүр қыздарды,
Алақанда аялап.
Арулар жүр сеніммен,
Жігіттерін саялап.
Есік ашып адалдық,
Сыйластық тұр күлімдеп.
Жігіт қызға қарайды,
Баға жетпес гүлім деп.
Сезіммен үн қатады,
Қыздарды олар жылатпай.
Қуантады қыздарды,
Көзінен жас құлатпай.
Биязылық қалпында,
Еркелейді қыздарым.
Мейірімге бөленіп,
Сезбей өмір ызғарын.
Көп шықпайды үйінен,
Өріп әсем бұрымын.
Ата-анасын сыйлайды,
Көрсетпей жат қылығын.
 Тәрбиелі, тәртіпті,
Әрбір қазақ баласы.
Бұзақылық жоқ мүлдем,
Тыныш қазақ даласы.
Қайырымсыз әке жоқ,
Баласын жат ететін.
Жоқ аналар безбүйрек,
Ұлын тастап кететін.
Жоқ балалар мейрімсіз,
Әкесінен бас тартар.
Пейілсіз жоқ келіндер,
Берекені таптатар.
Жетімдердің үйлері,
Жабылыпты барлығы.
Отбасы боп жетімдер,
Қуаныпты әр күні.
Қарттар үйі қаңырап,
Іші бос боп қалыпты.
Жетім жандар оларды,
Ата-ана қып алыпты.
Алдау, арбау жойылып,
Көбейіпті сіз, біздер.
Көмек беру жанданып,
Үлгі бопты көп іздер.
Анайылық жоғалып,
Сыйпайылық еніпті.
Үлкендерге кішілер,
Сәлемдерін беріпті.
 Қымбатшылық жоқ болып,
Арзандапты заттарым.
Ар мен намыс қымбаттап,
Сәтті атыпты ақ таңым.
Өсектер мен өтірік,
Кетіпті бұл өмірден.
Үн қата алмай жемқорлар,
Жоқ болыпты көңілден.
Жоғары оқу барлығы,
Тегін болып қалыпты.
Студенттер тиынсыз,
Дипломын алыпты.
Мамандарым жұмысқа,
Ақша бермей барыпты.
Парақорлық бір демде,
Өртке айналып жаныпты.
Ата-аналар бақытты,
Күлімдейді сәбилер.
Елдің жүзі жарқырап,
Нұрланыпты әр үйлер.
Осылай мен оянсам,
Жүзім жайнап тұр екен.
Жатыр екем түс көріп,
Болып бәрі құр бекер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу