Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  39


Автор: Жібек Ысқақова

Тәуелсіздік күні

Тәуелсізбіз, азат елміз бүгінде,
Қуанышы, шаттығы бар жүзінде.
Қиындықтан тайсалмайтын қазақпыз,
Жаны жайсаң, қайсарлық бар үнінде.
Сексен алты — төксе де сан ызғарын,
Қақаған қыс жайса да көк мұздарын.
Құламады көк желкені елімнің,
Боранды күн соқса да ұл-қыздарын.
Желтоқсанның ызғары алған жастарды,
Сұрапыл ай торлап алып аспанды.
Құрбандар ол — азаттықты аңсаған,
Қия салған елі үшін жас жанды.
Қазақ барда ұмытылмас, тыңдаңдар!
Елі үшін ұйымшылдық қылғандар.
Есімі өшпес, сақталады жүректе,
Желтоқсаншы боздақтарым — құрбандар!
Он алтыншы желтоқсаным қандай күн?
Бірде мұңды, бірде жарық айдай күн.
Қайғырамыз боздақтарды еске алып,
Қуанамыз жанымызды жайлай мұң!
Егеменді, тәуелсіздік күніміз,
Он алтыншы желтоқсан ол жырымыз.
Дәл осы күн біздің қазақ елі үшін,
Бірге келер қуаныш пен мұңымыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу