Өлеңдер ✍️

  08.09.2023
  114


Автор: Шөмішбай Сариев

Неге өлең жаздым екен білмедім

Неге өлең жаздым екен білмедім,
Өлеңменен өтті талай күндерім.
Өлеңменен өтті талай түндерім,
Неге өлең жаздым екен білмедім.
Өлең болды өмір сүрген күндерім,
Басқа мақсат бола алмады білгенім.
Өлең жаздым, Поэзия бар жүгі,
Иығымда тұрғандай-ақ бір менің.
Өлең болып бұл пәниде мұңайдым,
Өлең болып бұл тірлікте қуандым.
Жауларыммен өлеңіммен күрестім,
Майдан салып, алғы шепте ту алдым.
Өлең менің өзегімді өртедің,
Бойға біткен бейдауасыз дерт едің.
Өлең болды әрбір күнім, Бүгінім,
Өлең болып елестеді ертеңім.
Алла менің жүрегімді байытты,
Бір адамдай көрдім өмір ғайыпты.
Маған қарсы болған жандар осынау,
Ұлы Құдай алдында да айыпты!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу