Өлеңдер ✍️

  08.09.2023
  62


Автор: Шөмішбай Сариев

Сол бір көктем

Еске алып ғажайыптай өткенімді,
Аялап ұшырғандай көкке күнді,
Адасып қалғандай бір аққуымнан,
Мен іздеп кеттім сол бір көктемімді.
Тартқанда домбыраны тыншым алмай,
Бола ма сазгер болсаң күй шығармай.
Көктемді мен іздедім жусандардан,
Ғажайып қош иісті исі қандай!
Көз салсаң көк белдерге шыға қарап,
Көз тартар қызғалдаққа тұнады алап.
Мен іздеп кеттім сол бір көктемімді,
Ал қызыл алаулаған гүл аралап.
Сен жартас болмасаң бір жатқан ұқпай,
Ұстатпас сауырынынан сақ балықтай,
Көктемді мен іздедім ақша бұлттан,
Жаныңа жайлы тиер ақ мамықтай.
Махаббат дерті маған ем көрінген,
Жүргендей сахарада шөлдедім мен,
Арудай айдынында аққу жүзген
Келемін көктем іздеп көлдерімнен.
Жанымнан оттай ыстық өрт сездірген,
Жатқызбай алай-былай дерт кездірген,
Табиғаттың ғажайып төрт маусымы
Өтемін көктем іздеп төрт мезгілден.
Жаныма жамай бермей текке мұңды,
Басам деп өршіп жанған өрт көңілді,
Адасып қалғандай бір ормандарда,
Мен іздеп кеттім сол бір көктемді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу