Өлеңдер ✍️

  06.09.2023
  56


Автор: Шөмішбай Сариев

Таңмен бірге...

Жолаушымыз, біз қазақтың бірі едік,
Жапондарға қадамды әкеп тіредік.
Ника деген қаласына біз жетіп,
Тау басында қонақ үйге түнедік.
Қайда апарып жетелемес жол кімді,
Таң оятты жүрегімді толқынды.
Таңнан тұрып тереземе көз салдым,
Қарсы алдымда аппақ айдын көл тұрды.
Қандай ғажап оянғаны таңның да,
Ерте алатын бір ғажап сыр бар мұнда.
Мұнарлатып жасыл желек тауы тұр,
Сәлемдесіп тереземнің алдында.
Ақын болсаң таңырқауың керек дер,
Қарсы алдымда жасыл орман желектер,
Қай тілде де сөйлесетін бәйтерек,
Сәлемдесті көркем биік теректер.
Бір биіктеп, түсе алмай тұр көңіл де,
Жапон жері тұңғыш көрген өмірде.
Балықшы ма, жүйткіп ағып қайық жүр,
Ақ айдында биік таудың көлінде.
Қарап тұрмын таңғы көлді парақтап,
Бұлдыр емес күн шығыстың таңы аппақ.
Қайықтары ақ шағала сияқты,
Айдын көлде ақ желкендей бәрі аппақ.
Дүниенің қараш қандай сұлуын,
Табиғаттың сездім нәзік жылуын.
Ұйқыдағы дүниені оятқан,
Басымды иіп сәлем бердім, ұлы күн!
Талай жердің тұз-дәмдерін татып ек,
Бала кезден көлде өскен ақын ек.
Осы күннің сұлулығын сыйлаған,
Себеп болған жандарға айттым рахмет!
Шағалалары ұшып-қонған шынар құс,
Бір құдайдың біз де құсы шығармыз,
Осы күннің сұлулығын сыйлаған,
Ұлы тәңір, бір өзіңе мың алғыс!
Жолымызды оң ете гөр, ұлы ие,
Бұл өмірге сенен басқа кім ие.
Ақын болып ортаңызға мен келдім,
Таңырқауға – ғажап сұлу дүние!
О, дүние, шұғылаға бояндың
Тау басынан бұлтты көріп ой алдым.
Жапон жерін көру үшін мен ерте,
Таңмен бірге, күнмен бірге ояндым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу