Өлеңдер ✍️

  01.09.2023
  43


Автор: Шөмішбай Сариев

Жеткізбейді көкжиек

Ел кезейін енді бір,
Аш жолымды, бер, ғұмыр;
Айналамда — көкжиек,
Айналады Жер жұмыр!
Сағымды өлке шөліндей,
Қырдың асты көрінбей,
Жеткізбейді көкжиек,
Жүйрік тұлпар Әмірдей!
Жақындап бір қалғандай,
Қанат қағып талғандай,
Жеткізбейді көкжиек,
Жеткізбейтін армандай.
Табанында басқанның,
Шыңдарында асқардың,
Жеткізбейді көкжиек,
Жұлдызындай аспанның.
Бассаң-дағы жаныштап,
Қадамыңды қарыштап,
Жеткізбейді көкжиек,
Жақындасаң алыстап.
Найзағайдай тілсең де,
Жүйрік тұлпар мінсең де,
Жеткізбейді көкжиек,
Қалай қарай жүрсең де!
Қалай ғана барсақ та,
Жете алмау да жақсы ат па?
Көкжиегін итеріп,
Жетеді Адам мақсатқа!
Босқа ғұмыр өткізбес,
Жеттің бе ерте, жеттің кеш...
Сен тұрған жер көкжиек,
Біреу үшін жеткізбес!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу