Өлеңдер ✍️

  14.07.2023
  95


Автор: Серікбай Оспанов

Жел тұрса, ән салады дала тынбай...

Жел тұрса, ән салады дала тынбай,


Ойланған қайыңдардың бәрі ақындай.


Бақ іші біз қыдырған сол қалпында,


Қараймын сен кездесе қалатындай.


 


Апыр-ай, кетер ме екен сынып белі,


Билейді өзіңе ұқсап шіліктері.


Тығылып бір тасада тұрсың ба сен,


Кетсеңші, сырласайық, шығып бері!


 


Сақталып әсем үнің құрағында,


Сақталып күміс күлкің бұлағында,


Мен сүйген,


Мені сүйген сонау кезгі


Қалған-ау бар қылығың сірә мұнда?!


 


Сезінсем сені бақта көретіндей,


Қалайша кете аламын мен өкінбей?!


Жалтақтап қайта-қайта қарай берем,


Соңымнан сен жүгіріп келетіндей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу