Өлеңдер ✍️

  13.07.2023
  73


Автор: Серікбай Оспанов

Бергені-ай тағдырыңды ащы қылып...

Бергені-ай тағдырыңды ащы қылып,


Өзіңде көп болғанмен жақсы қылық.


Жанынан сен тұрған үй өте алмаймын,


Көзіме қайта-қайта жас тығылып.


 


Ұнаттым, басқа жандар оны ұққан ба,


Сол үйде сырластық біз болып таңға.


Сол көше, Қостанайдың сол бір үйі


Қаламын мұңға батып жолыққанда.


 


Тағдырым кейінгі кез жасық та етті,


Осыған дейін көңілім тасып кепті.


Сол үйде екі ай бойы бір тұрып ек,


Оған да отыз жылдан асып кетті.


 


Көз жасқа адам кейде тұншығады,


Қосылып көз жасыңа жыр шығады.


Әкең жоқ, Анаң да жоқ сол үйде енді,


Есігін барып қақсам кім шығады?!


 


Мен үшін ақылды да, жарық та едің,


Момыным, пайымды да, парықты едің.


Сол үйде тұрсам деймін,


Тұрсам бірақ,


Күнде жылап отырарым анық менің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу