Өлеңдер ✍️

  10.07.2023
  52


Автор: Серікбай Оспанов

Емес ем аласы да, бересі де...

Емес ем аласы да, бересі де,


Қара қыз, түсе бердің неге есіме?


Қап қойған сен емес пе ең орта жолда


Бір мініп махабаттың кемесіне?


 


Бәрібір жөнсіз десең, жөн десең де,


Мазалап жүрсің енді көрмесем де.


Ойыма жиі түсе беретінің


Жүрсің бе шыдай алмай шөлге сен де?!


 


Сарғайып,


Іздегендей өлмес өлең,


Алаңдап не күтемін күнде сенен?


Қануы шөліміздің мүмкін емес,


Екеуміз ішпей нәрді бір кеседен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу