Өлеңдер ✍️

  07.07.2023
  52


Автор: Серікбай Оспанов

Сен кезігіп...

Сен кезігіп,


Сейіліп бұлыңғыр күн,


Жайнайтынын қайтадан ұғындырдың.


Тәлкегіне тап болып тағдыр-қыстың,


Тоңып жүр ем, деміңмен жылындырдың.


 


Ажыратып еңсемді басқан мұңнан,


Ыдырады қара бұлт аспанымнан.


Қас қағымды әр келген қалт жібермей,


Үміттендім алдағы асқарымнан.


 


Сен кезігіп


Ағарып таңым атты,


Маңайымды шуағы жадыратты.


Өмірдің де өзгеріп өңі кіріп,


Ой-қозысын көңілім жамыратты.


 


Биігірек көтердім шаңырақты,


Жігерім де мұқалған жалын атты.


Жасыл бояу, көк бояу бас көтеріп,


Жасандырды сарғайған сары бақты.


 


Сен кезігіп


Ашылып шашылдым мен,


Маған қысқа сияқты ғасыр күннен.


Шаттығыма, қол жетті шабытыма,


Бақытыма жолықтым қашып жүрген.


 


Бәрі бүтін, жартымның толық бәрі,


Жүрегімнің басылды қорыққаны.


Сен бе, әлде Алланың құдіреті,


Өмір өзге өзіңмен жолыққалы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу