Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  51


Автор: Серікбай Оспанов

Бейне бір адамдардай танымаған...

Бейне бір адамдардай танымаған,


Тосырқап қарайды ғой бәрі маған.


Туған жер,


Құшағыңды аш, жылынайын,


Сағынып келіп тұрған сары балаң.


 


Сөз жетпес келіп тұрмын сағынышпен,


Бір тамшы жас боп шықты жалын іштен.


Жүректің басылар ма алауы бір,


Бал, бұла бұлағыңнан қанып ішсем?


 


Үнім ең,


Балалық сен күнім едің,


Мұңайдым,


Күбірледім,


Күлімдедім.


Кешегі су орнына мұрт тебіндеп,


Үйленіп, үй болыпты інілерім.


 


Шаттыққа кенелді жер,


Толды аспаным,


Бүгін бір аға болып жол бастадым.


Кешегі  құрбыларым ана атанып,


Сыныптас әке бопты жолдастарым.


 


Көкорай жайнап жатқан далам отты,


Төскейі – төрт түлік мал, қала бопты.


Ағалап кеше ғана жүрген қыздар


Жанап өтті,


Жанарын қадап өтті.


 


Тұратын жанарында жалын ойнап,


Білетін күш-қуатын ауыл-аймақ,


Жігіттер қартайғанын аңғартады,


Күніге он көрсе де танымай қап.


 


Көшеге жап-жасыл бір әлем келіп,


Жаңарып кеткен мүлде бәрі өзгеріп.


Еске сап кетіп жатыр үлкендікті,


Кейінгі жас балалар сәлем беріп.


 


Күндер-ай, қырда сонау ән салатын,


Гүлдер-ай, қызығатын, тамсанатын...


Баяғы ақсақалдар азайыпты-ау,


Оспанның баласы деп қарсы алатын.


 


Жүретін тілеулес боп маған әр күн,


Көп мұнда жақын-жуық, жамағатым.


Көз көрген ақ әжелер танымайды,


Айтпасам Күләмза деп анам атын.


 


Кешегі өздеріңнен алған үлгі,


Тосырқап қапсыңдар-ау жаман ұлды.


Жүгірген жалаң аяқ сәтімде тек


Ыстық құм сүйіп жатты табанымды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу