Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  70


Автор: Серікбай Оспанов

Әкеме

Ардақты, асыл жанды әкем менің,


Бейнеңді көз алдыма әкелемін.


Егер сен тірі болсаң


Құшағыңда


Жаралы қолыңды иіскеп жатар едім.


 


Әр нені айтып сосын еркелер ем,


«Жігіттік маған әлі ерте» дер ем.


О, әке, өзің жайлы толғанғанда


Жыр етіп бар сырымды шерте берем.


 


Сен, әке, көз жұмғанда сегізде едім,


Қасымнан жетім десе ел сені іздедім.


Шілдеде боран соғып, дауыл тұрып,


Шайқады қайығымды теңіз менің.


 


Атымды мың қайталап сөзіңде сен,


Болушы ең мені айтқандай өзім десең.


Жан әке, нұр жүзіңді елестетем,


Түн бойы ойға батып көз ілмесем.


 


Өмірдің қалай қидың күміс бағын,


Неге ерте, неге, неге тыныстадың?!


Кетті ғой іште айтылмай өкінішің –


Ұяңнан көре алмадың кім ұшқанын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу