Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  56


Автор: Серікбай Оспанов

Балапаным, көзге жас ала көрме...

Балапаным, көзге жас ала көрме,


Мен өлді деп қайғыда қала көрме!


Мен өлмеймін,


Тірімін сендер барда,


Тәнім ғана көмілер қара жерге!


 


Құрбы-құрдас, табысып анамен де,


Біргемін мен ағамен, баламен де.


Өздерің боп, қалдырған сөздерім боп


Жүрері анық жанымның бар әлемде!


 


Талай-талай қайғыны халық көрген,


Ойла алды деп жарығын,


Жарық берген!


Көргенім жоқ ешкімді, жылап-сықтап


Жер қойнынан қимасын алып келген!


 


Туғандарды қайғымен қауыштырып,


Мен өлгенде жылама дауыс қылып.


Сабыр сақта, достар мен жолдастардың


Қасіретін қуанышқа ауыстырып.


 


Егілуде емес қой бақыт деген,


Жылама сен, жылама, қайтып келем!


Қайғы орнына оқыңдар жырларымды,


Сонда талай сырымды айтып берем.


 


Қарыс айрылып қайғыдан көкірегің,


Мен өлгенде жылама,


Өтінемін!


Тәнімді алса, қара жер босатпайды,


Бол арманым,


Тірегім бол тілегім!


 


Шаттығы мен өмірдің сор мен мұңын,


Тікенімен аралас көргем гүлін...


Кеткен күнің анық қой болатыны,


Болғаннан соң өмірге келген күнің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу