Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  41


Автор: Серікбай Оспанов

Соғады тамырым...

Соғады тамырым


Тірлік деп жар салып.


Қарсы алып таң нұрын


Бақытты қарсы алып.


 


Соғады тамырым


Болып бар үмітім.


Ойлап ел тағдырын


Мазасыз күні-түн.


 


Жүректе от кемдей


Баураса ой-ызғар.


Үстінен өткендей


Жүгі ауыр пойыздар.


 


Жиірек соғады


Ауыр ой, жұмыстан.


Шаршаған жоқ әлі,


Сақтасын тыныстан!


 


Алдымда – мұратым,


Биігім – алдымда!


Жүректің қуатын


Мен жұмсай алдым ба?


 


Соғады ол


Көктемде


Тасыған өзендей,


Шабыты жеткенде


Құйылған өлеңдей.


 


Жерменен,


Елменен


Бір отым – жарығым.


Қуат-күш кернеген


Соғады тамырым!


 


Соғады тамырым –


Қан айдап жүрегім.


Шаттық деп әр күнім,


Бақыт деп ұлы елім!


 


Тағдырым – таң нұрын


Мен күліп қарсы алам.


Астасар әр күнім


Арманмен аңсаған.


 


Көңілдің төрінен


Басталған бір бұлақ,


Домбыра ішегінен


Күрделі,


Сырлырақ.


 


Кезі бар алқынған


Бақ тілеп күллі елге.


Қуатты ол атомнан,


Нәзік ол гүлден де.


 


Біле ме бәрін ел,


Десек те күшті Адам?!


Байқашы, дәрігер,


Тамырымды ұстаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу