Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  61


Автор: Серікбай Оспанов

Туған күн

Үйректер ұшса көк тіліп,


Бұлақтар ақты  төсінде


Жалындап жанып, от күліп.


Кеудеме самал соқтығып,


Қарсы алды дала.


Шаңқай түс.


Шарықтап шығып құйттай құс,


Құйттай құс – менің жүрегім,


Қалықтап, қане, шырқай түс!


Кең дала бүгін ойлы екен,


Төсінде – дүбір,


Той ма екен?


Шеті де жоқ шегі жоқ,


Не деген байтақ,


Ой, көкем?!


 


Зеңгір аспан төсінен


Кірпігін қадап қойды еркем.


Осында ойнап өсіп ем,


Еркелеп еркін көсілем.


Еркелеп сосын желі де,


Сүйсіне сүйіп бетімді,


Қарсы алып жатқан секілді.


Қаз-үйрегі қаңқылдап,


Жапалағы жалпылдап,


Өзендері өрепкіп,


Жар салып жатқан секілді.


 


Данышпан-дала,


Шаңқай түс.


Шарықтап шығып құйттай құс,


Құйттай құс – менің жүрегім,


Шарықтап, қане, шырқай түс!


Арындап шабар ат қайда,


Шабандоздар шаппай ма?!


Жігіттер қайда жарқылдар,


Көкпар қайда,


Тартыңдар!


Бүгінгі күн ерекше –


Туған жерде қарқын бар!


Палуандар белдесіп,


Лақтырар екен кімді-кім?!


Соқ, самал жел, соқ, кәні,


Көтеріп көкке желпіндір


Киіз үйлердің түндігін.


Ақындар қайда аңқылдар,


Өмірдің айтар шындығын.


Төгілсін бәрі жыр болып,


Еліміз туған күн бүгін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу