26.05.2023
  312


Автор: Әсерлі әңгімелер жинағы

Әсерлі әңгімелер

«...Мен шарбақтың арасынан қолымды созып, оның басынан сипадым. Содан соң бейкүнә қыздың көз жасын сүртпек болғанымда, саусағымның ұшы сақалына тиіп кетіп, денем дір ете қалды. Ол сезді... Сезді де басын тез тартып ала қойды». Тамаша деталь. Жазушы Нұрғали Ораздың «Сақалды қыз» әңгімесінен алынған үзінді бұл. Жалпы, әңгіме – өте ауыр жанр. Ол жазушыдан барынша жинақы болуды, оқырманды бірден үйіріп әкетерліктей өте тартымды, қызықты оқиғаны және жіті байқағыштықты, асқан талғампаздықты, тілдегі тамаша суреттілікті, қысқасы, қаламы тиген жердің бәрін өмірдің өзіне айналдырар нағыз шеберлікті, терең білім мен биік мәдениеттілікті талап етеді. Жазушы Нұрғали Ораздың сондай талапқа жауап бере алатын топтамаларының арасынан «Сақалды қыз» әңгімесін ерекше атауға болады. Мұнда автор суретшінің картинасына арқау болған нышанды қыз – Үміттің тағдыры арқылы әйелдер проблемасын орынды көтере білген. Жазушының оқырманға ұсынған сырлы дүниесінде – жас қыздың жан қиналысы мен суретші толғанысы үйлесімді қиюласқан. Бір деммен жазылған шығарма. Әңгімедегі Үміт беййнесінің жағымды жағы – өз өміріндегі өзгерістерге мойымай, оны түсіністікпен қабылдай білуі. Өмірдің қыр-сырын, ондағы жұмбақ құбылыстарды өзінше бағамдап, маңызын ашуға ұмтылған қазақ қызының іс-әрекеті мен талабы бүгінгі жастардың бет-бейнесін аңғартады. Ал, жазушы мұраты – бір ғана Үміт образы арқылы қоғамдық пікір қалыптастыру, санаға қозғау салу деп ұғынсақ, қателеспейтін шығармыз. Өмір – ертегі емес, Ертегі – өмір емес. «Аяқталмаған ертегінің» бас кейіпкерлері Сағындық пен Раушанның өмірден түйген тұжырымы осы. Қыз бен жігіттің асыл сезімін баяндайтын айтулы әңгімесінде жазушы оқырман алдына сағынысқан жандардың арман-тілектері мен мұң-шерін жайып салады да, кейіпкерлерінің жан-дүниесіне барлау жасатады. Арада 23 жыл өтсе де суымаған көңілдер бір-бірін бір көруді аңсағанымен, кездесе алмайды. Раушанды ұзақ күткен Сағындықтың қиялындағы, жүрегінің төрінен орын алған аяулы бейне мүлде басқа екені шүбәсіз. Сондықтан, оның бейтаныс боп көрінген келіншекті тануы былай тұрсын, байқамауы да заңдылық еді. Ал, Раушан ше? Оның портретінен қала тұрмысына үйренбеген, ауыл тіршілігімен тыныстаған қазақ әйелінің ажарын көреміз. Оның Сағындықты сыртынан көрген сәтте-ақ өзін төмен санап, именшіктеуі де ауыл адамына ғана тән мінез-құлық болса керек. Сол ауыл әйелінің психологиясын суреттеген қаламгер де нақ осыны негізгі себеп, басты кедергі етіп алады. Оны жазушының бейнелі тілі былайша кескіндейді: «...Мұнда Раушан одан бұрын келіп еді. Таксидің қай тұстан тоқтағанын, оның ішінен маңдайы жарқырап, аяғын баппен басып, маңдайы кереқарыс жігіт ағасы түскенін, ине-жіптен жаңа шыққандай пиджагының бір түймесін ағытып, галстугын түзегенін – бәрін-бәрін көріп тұрды. Жүрегі лүпілдеп, алдынан жүгіре шықпақ болып ұмсына бергені сол еді, ол мұны көзіне де ілместен, дүңгіршіктің жанындағы гүл сатып отырған қыз-келіншектерге қарай бұрылды. Тәңірім-ау, не үшін? Кім үшін? Ол кенет артқа қарай шегіншектеп, дүңгіршіктің тасасына тығылды. Гүл сатушы қыздың «Раушан гүл... Рахмет, ағай! Сүйікті адамыңызға сыйлаңыз» деген сөздерін дәл жанында тұрып ап-анық естіді. Содан соң, ауыр тұрмыс пен қара жұмыс қажытып, торсиып ісініп кеткен қолдарын қайда сиғызарын білмей, онсыз да тырсылдап әрең сиып тұрған сұр плащының жеңін тартқылай берді. Ол бері бұрылғанда тіпті сасып, қалың бөкебай орамалын көзіне түсіріп, әлдекімді... әлденені аза тұтқандай төмен қарап, қыбыр етпей тұра қалды. Әне, ол енді асықпай аяңдап, ұзап бара жатыр. Раушанның көзіне ып-ыстық жас іркілді. Артынан айқайлап тоқтатуға шамасы жетпейтінін білді. Аузын ашса болды, өзін-өзі тежей алмай аңырап жылап жіберетіндей. Оның есіне баяғыда Әкбарға тұрмысқа шығып бара жатқан кезде: «Сағындық жүдә момын ғой, өмірге икемсіз» деп ойлағаны түсті. Құдайым-ау, әркімнің пешенесіне жазылған өз тағдыры болады екен де. Шіркін, өткен жылдардан кешірім сұрап, балалық шаққа қайтып оралатын күн туса... Бірақ, ол ертегілерде ғана болатын ғажайып қой». «Қайыршының жұлдызы» – жеке тұлғаның философиялық байламына құрылған көркем шығарма. Демалыс орнындағы келіншектің өз өмірі мен көрген-түйгендерін әңгімелеуі болашақ жазушының шығармашылық жолында тереңірек ізденуіне түрткі болады, соған жол ашатынын көрсетеді. Жазушы Нұрғали Ораздың «Қоңыр шәлі» атты шығармасын да бей-жай оқи салу мүмкін емес. Әсерлілігі сондай, оны оқыған сайын жаныңа мұң себездеп, ойың тұмандана береді. Автор бала қиялының анасын ойлап, шәліні іздеуге және оны жеткізу үшін алыс сапарға жетелегенін өте сәтті бейнелеген. Композициялық құрылымында мін жоқ. Жас сәби-Жөкентайдың кесек ойлары, оның жапан далада адасып кетуі, ата-анасы, төрт үйлі ауыл адамдарының шарқ ұрып іздеуі барынша ұтымды, мейлінше ықшам берілген. Әсіресе, тосын оқиғаның орын алғанына өзін жазықты санап, өмірін жазғырумен өткізген Ағайша образы жан-жақты ашылған. Бәлкім, содан ба, алғашында салғырттығына нала болғаныңмен, кейін тауқыметі мол өмірі мен жалғыздығы ойлантып, оны анықтап алуға тырысасың. Бірінен соң бірі тізбектелген қым-қуыт оқиғалар (із-түзсіз жоғалған Жөкентай, ботадай боздап, шерменде боп қалған ата-ана, Ағайша жесірдің өлімі) жанарыңа мөлдір моншақтар тізеді. Егер жазушы шын талантты болса, оның жазған-сызғандары оқырман мінезіне әсер етпей қоймайды. Қаламгердің қай еңбегі де шынайылығымен, тілінің көркемдігімен құнды. Сомерсет Моэмнің «Әңгіме – ұзын-қысқалығына қарай 10 минуттан 1 сағатқа дейін оқып бітіруге болатын, әбден аршылып алынған бір-ақ нәрсе, бір ғана оқиға немесе бірігіп кеткен оқиғалар тізбегі. Және әңгімені ешнәрсе қосуға да, алуға да болмайтындай етіп жазу керек» деген пікірі оның туындыларында кеңінен көрініс тапқан. Бір сөзбен айтқанда, мен «Биіктегі сұлулық» жинағы жазушы Нұрғали Ораз шығармашылығының үлкен белесі деп білемін.


Айгүл БАҚТЫГЕРЕЙҚЫЗЫ, «Алтын Орда» газетінің қызметкері


Атырау облысы, Махамбет ауданы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу