Өлеңдер ✍️

  24.05.2023
  74


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Сезім қалды

«Жаным-ау» — дей алмаймын, жаралымын,
Сезімімнен жылыстап барады күн.
Айша бибі сияқты аңсағанмен,
Жазар дейсің түсініп жарамды кім?!
Тым салқындау тартқан-ды түндер неге,
Бет алған-ды жүрегің түрленбеуге.
Маңдайымнан махаббат сипаған жоқ,
Еңлік сынды еңіреп жүргенде де!
Қойшы, əйтеуір сезімнің сынығы көп,
Жаратқан соң, Тəңірім бұрымды-ғып!
Сансызбайды сан жылдар күткенменен,
Төлегенге татитын қылығы жоқ!
Біреу күлер біреулер ұғынады,
Сезім байғұс тасаға тығылады.
Алпамысын іздеген Гүлбаршындар,
Қаңбақ шалға сүрініп жығылады!
От боп жансаң соңын да сөну бар-ды,
Тоқтамайды десең де өмірді әлі.
Қозы Көрпеш сияқты жігіт тауып,
Тұншықтырып сезімді көму қалды!
Баян болып қасында өлу қалды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу