Өлеңдер ✍️

  22.05.2023
  67


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Орамалды қыз

(Оқырманның ойымен)
Бір басымда аз болғандай басқа мұң,
Мынау ағай, неге өзгерді қас-қағым.
Бурыл шашын кейін қарай тарақтап,
Таң қалды ма?
Керіп қойды қастарын.
Жымысқы көз жылт етті де, сол мезет
Қияқ мұрты, жыбырлады қасқаның.
Сұғанақ көз,
Ар-ұятымды шарпыды,
Тітіркенді тұл денемнің бар тіні.
Кінəлімін!
Ер нəпсісін ояттым,
Ашық-шашық киінуім арқылы!
Қашып шықтым,
Көп көздерден көлденең,
Қанша тартып, көтерсе де өрге өлең.
Мен сол күні,
Өзімді-өзім жек көріп,
Мен сол күні,
Кісілікті жерлегем.
Сұқ көздер ме,
Сұмдық емес оған ар,
Көкейінде болмаса иман, тобалар.
Содан бері,
Маған қорған бола алды,
Қасиетіңнен айналайын, Орамал!
Жетегіне еріп қанша қиялдың,
Өткінші күн,
Уысыңа сияр кім.
Содан бері,
Еркеліктен арылып,
Дін жолында,
Сабырлымын, ұяңмын.
Ұшқаның да нені ілесің ұядан,
Жаңылады, сүрінеді жиі адам.
Еске түссе,
Сол ағайдың жанары,
Жерге кіріп кетердей боп, ұялам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу