Өлеңдер ✍️

  18.05.2023
  128


Автор: Құтбай Дүрбаев

Октябрьдің 50 жылдығына

Ал, тыңла сәлем бердім жиылған көп.
Ағайын, құда, жекжат жиылған кеп.
Сіздердің қатарында бізде келдік,
Жиынға біраз қызмет етейін деп.
Ішінде өлең айттым жиырманың,
Ән салып талай жерді шиырладым.
Осындай мерекеде кез келгенде,
Жақсы ғой ағайындар жиылғаның.
Сіздерге бас иемін сәлем беріп.
Ағайын үлкен-кіші амандасып.
Қуаныш құтты болсын айтпақ болып,
Кеп тұрмыз мерекеге қадам басып.
Өлең-күй өнерім бар біткен бойға.
Сіздермен сұхбаттасып болып ойда.
Бақытты ел берекелі шаттық заман,
Ұласты тамашамен тойың-тойға.
Мереке бола берсін ұлы жиын,
Тартайын мен шырқатып Отан күйін.
Тұрмысты, еңбекпенен шалқыды елім.
Айқайлып жаңғыртайын әсем үй
Ақын деп естіген көп дабысымды
Ән мен күй жастан менің танысымды.
Шешен тіл, шебердің қолы ортақ,
Азырақ көрсетейін шабысымды.
Жасымнан тарттым гармон-домбыраны.
Балқытып күй мен өлең қондырады.
Асқақтап ақын жыры жазса құлаш.
Құлағын тыңдаушының қандырады,
Ақының сөйлесе сөз табылады.
Айқайлап көпті көрсе ағылады.
Аңсайды ақын тойды, мерекені,
Жақсыны өздеріңдей сағынады.
Жақсылар жарасып тұр бас қосқаның,
Кіші іні, үлкен аға, жас жастарым.
Көтеріп көптің көңілін ән шырқайын,
Өлеңнін жайып кеңнен дастарханын,
Шырқа ән, қанатыңды серме көкке,
Шалқытып шаттық жырмен көрін көпке.
Өзіңнен бар керегің табылады,
Бөлендің халқым жақсы зор құрметке.
Заманға бақытты елім, құлашта елім.
Қызыққа көңіл тасып сыр ашқаның.
Советтің салтанатты сәулетінде,
Ырыстың көріп тұрмыз ұласқанын.
Ақынның айтар сөзге тоқталмайтын,
Ал, халқым келді кезің сөз тыңлайтын.
Осындай ұлы думан мерекеде.
Ән мен күй, жырдың үні толқындайтын.
Ақын ба көмейден күй жыр таппаса,
Өлеңмен отты сөзі ұйқаспаса.
Көтеріп халық көңілін ер шаттығын.
Халыққа қазыналы сый таппаса.
Сайрашы бұлбұл құстай қызыл тілім,
Айқайлап шаттықпенен шықсын үнің.
Осындай зор қуаныш, мерекеде.
Жырымды көңілімдегі төктім бүгін.
Айқайлап арасында ән шырқасам,
Жақсылар айып болмас менің мұным
Шырағдан жағылғандай көңілім жарық,
Жарқырап коммунизм шашты нұрын.
Мереке зор қуаныш қандай қызық,
Көрмеген ешбір заман ешбір бұрын.
Ал, халқым затың бар ма жетілмеген,
Жүрсіңдер шат тұрмыста еркіндеген.
Жеңімпаз батыр туған Совет халқы,
Дұшпанға намыстарын кетірмеген.
Жолы бар партияның атқан таңдай.
Халық үшін жолы жарық жаққан шамдай.
Мың алғыс, миллион алғыс партияға
Қондырған ел мен жерге бақыт қандай.
Ақынның қиялынан төгілді өлең,
Айтылар ақындық жыр шыққанменен.
Қолыма домбыра алып салдым айқай.
Саралап сөзді теріп сайрады үнмен
Саспайды сайра десең сайрап тілім,
Жетілді сағат сайын өнер білім,
Жасанды жер серігі жүрген жоқ па?
Түгендеп дүниенің бар түкпірін.
Ән салып айқай салсам жырым өктем,
Аймағым, ауыл атын Гүлім өскен.
Отанның елу жылдық тойын тойлап,
Айтамын құтты болсын шын жүректен.
Хлқым ен бақытқа бөленіп тұр.
Қамқорлы үкімет пен партиямен.
Жырлаймын шаттық жырмен партияны,
Жеріме байлық пенен бақыт еккен.
Бақытты елім енді есітесің де,
Екпіндеп енді жырым еспесін бе?
Жерім бай, елім де бай, алуан түрлі.
Келіп тұр келісімді кестесінде.
Еңбекті көрсетеміз ерлікпенен,
Береке ер қуаты еңбекпенен.
Әділдік, шындық, достық ынтымақты,
Жаңеміз қиындықты бірлікпенен.
Айтылған бұл бір шындық кәрі жасқа,
Аға-іні, үлкен-жас, қарындасқа.
Тыныштық, бейбітшілік ел тіледі,
Құрысын ұрыс оты тұтанбасқа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу