Өлеңдер ✍️

  09.05.2023
  78


Автор: Қуаныш Оспан

Беатриче

(ІІІ)
(БЕАТРИЧЕ)

Беатриче, о, сондай сұлу ма едің,
Болмаған түрің менен үніңде мін?!
Данте дамыл көрмепті өзіңді аңсап,
Құштар болған, ақынды,білуге кім?!

Ақын халық — бақытсыз анық маған,
Қай елде олар, жылуға тарықпаған?!
Дантенің де мұң-зарлы соннеттері,
Сұр аспанда сұрықсыз қалықтаған...

Ақындардың жалғыз тек жары құдай,
Сүйсе олардың, сүйеді бәрі құлай.
Айтқанымен "рахатқа бөлеуші" деп,
Сен жетпепсің Дантенің жанына ұдай.

Тіпті сенің жасырып есіміңді,
(Қызғанышсыз сезімнің несі құнды!?)
Жұрт алдында сезімін айта алмапты,
Сол үшін де, бұл ісі кешірімді.

Күлгеніңмен ақынды әжуалап,
Жуымасын білемедің жаныңа бақ.
"Құдіретті комедия", білесің бе,
Неше ғасыр сезімге әлі мадақ?!

Сол махаббат, сол сезім - ұғым дара,
Сендер - кеше, ал біздер - бүгін ғана.
Періштем бар менің де, ынтызармын,
Сыйым да сол — ұсынар жырым жаңа.

Періштем деп атып таң, батыпты күн,
Қауышуға жырларым асық бүгін.
Ол сүйсініп оқиды,
Сондықтан да —
Ол — сенен, мен — Дантеден бақыттымын!

29.05.16


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу