Өлеңдер ✍️

  09.05.2023
  56


Автор: Қуаныш Оспан

Ә-ге

Әдемім менің, әйбәтім менің, әдептім,
Әрәйнә таппай көңілге мынау әлекпін.
Әбігер болам әпенділеу бір адамдай,
Әйәйім менің, ағаңды әбден әуре еттің.

Әлеулайлаған, жүректе, әсем ән билеп,
Әспеттеп жаным атыңды айтам әлдилеп.
Әуселесін де көрер ем шіркін сен үшін,
Әсіре ауыр басыма түссін бар бейнет.

Әңгіртаяқ боп ойнасын мейлі басыма,
Әйтеуір сенің жетсем-ақ болды қасыңа.
Әтірін сыйлап не қылам саған дүкеннің,
Әнімді тағам шашбауың қылып шашыңа.

Әткеншек ойлар санамда сені сан тербеп,
(Әсілі сенің қылығың тәтті, бал- шербет).
Әуежай түндер түсімде саған ұшырып,
Әйнектен күлген оятып алар таң "сен" деп.

"Әпсүң" дұғам да өзіңсің күнде қайталар,
"Әлхамым" да өзің құдайдан тілеп айта алар.
Әсерсіз кино сияқты сенсіз өмірім,
Әзірейіл келер болғанда ғана жай табар.

Әлемге басқа, арманға басқа сендірген,
Әлқиссасы сол, құлай сүйгенмін мен бірден.
Әуелде біздер танысқан кезде, Есімің -
"Ә"-ден басталған төрт әріп шыққан ерніңнен...
Ұзаааақ сүйгім келеді...

25.05.16




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу