03.04.2023
  93


Автор: Серікбай Оспанов

Өнеге

Ахмет ата – сыйлы адам,
Ертегі, аңыз жинаған.
Кітап етіп бастырып,
Балаларға сыйлаған.
Кітапхана,
Бөлмеде
Тұр кітабы сөреде.
Ертегі, аңыз жинаған
Білесің бе,
Ол неге?!
Өйткені бұл – өнеге!
Өйткені – аңыз, ертегі –
Өткеннен сыр шертеді.
Толғандырып, ойлантып,
Адамды ойлы етеді.
Алғы күнге жетелеп,
Ғарышқа алып кетеді.
Өмірдегі бар қызық
Көз алдыңнан өтеді.
Ол – қиялдың желкені,
Ол – арманның жетегі.
Өмірде қол жетпеске
Оймен адам жетеді...
Зымыранға- кемеге
Мініп ұшқың келе ме?
Оқы онда ертегі –
Көрсет елге өнеге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу