Өлеңдер ✍️

  08.03.2023
  234


Автор: Айдар Сайлауов

БАЛАЛЫҚТЫҢ БАЛ ДӘМІ


Жүрегіңнің жұп-жұмсақ әні сырлы,
Гүлдей көрем құлпырған әр ісіңді.
Жырлап жүрген сұлуым тәтті екенсің,
Ұрлап жеген кәмпиттің дәмі сынды.

Бір басыма бақандай бақ тіледің,
Сырласыма айналған ақ гүл едің.
Мәз-майрам боп қалушы ем шалажансар,
Анамының тауып алып тәттілерін.

Дәл сондай қуаныш сен, зор бағаң мың,
Жанына жуытпайтын торлаған мұң.
Жасырынған дүниені тез табатын,
Мен қалай із кезуші болмағанмын.

Тәттім сені таптым-ау жан емісің,
Күрсініспен күресіп әзер ішім.
Қазіргідей "молшылық" қайдан, қарғам,
Ол кездерде "тәттілер" аз еді шын.

Есігін еппен жауып бала бақтың,
Солай мен де есейіп бара жаттым.
Қап түбінде қап қойған тәттілерден,
Дәмі шығып тұратын қанағаттың.

Мінсіз мінез сендегі ұқыпты ізгі,
Ал, біздегі сарғайған күдік күзгі,
Дәл осылай тәттіге тойғаныммен,
Ащы таяқ тұратын күтіп бізді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу