Өлеңдер ✍️

  08.03.2023
  176


Автор: Айдар Сайлауов

ЕКІ ЖАҚСЫ

Күмбірлетіп көңілінде күйді де,
Сені жақсы өміріңде сүйді ме?
Бір бүтін боп жүре алмайтын ешқашан,
«Екі жақсы қосылмайды» дейді ме?

Күлтесіне дақ түспеген гүл қыз-ау,
Біздер-біздер түк түсінбей тұрмыз-ау.
Жер бетінің жақсы адамы болғасын,
Біз екеуміз қосыла алмай жүрміз-ау!

Үйленгесін берер дейсің жылу кім?
Бұл қазақтың көп сөздерін ұғу мұң.
Бойдақ кезде бәрі жаман жігіттің,
Қыз кезінде бәрі жақсы сұлудың.

Сендей көркем көрінгенде маған күз,
Сын айтудан, мұңайтудан аманбыз.
Алла деген жазуы бар қолында,
Маңдайыма жазылар ма жаман қыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу