Баталар ✍️

  14.02.2023
  646


Автор: Жібек Ысқақова

22 Наурыз - Наурыз мейрамына арналған баталар жинағы

1) Наурыз құтты болсын!


Ұлыстың ұлы күні бұл,
Құтты болсын, қазағым!
Ақ мол болып лайым,
Кіре берсін ажарың!
Домбыраңда күй ойнап,
Таусылмасын ән-жырың!
Шуағына бөлесін,
Күлім қағып таң нұрың!
Құтты болып Әз-Наурыз,
Жақсылыққа бастасын!
Жаңа жылы қазақтың,
Қуанышын растасын!
Аман болып еліміз,
Қиындықтан саспасын!
Гүлдей жайнап жеріміз,
Жаратқаным жақтасын!
Аман болып отбасы,
Бақ-береке орнасын!
Мерекеде баршаны,
Жаратқаным қолдасын!
Несібе ырзық молайып,
Таба берсін жалғасын.
Қос ғашықтар тату боп,
Араздықтар болмасын!
Балапандар той тойлап,
Қанаттанып самғасын!
Ағайындар тату боп,
Қайғыға еш салмасын!
Абысындар тату боп,
Ас-ауқаты жандансын!
Дос-жарандар аман боп,
Көші артта қалмасын!
Наурыз тойда бүгінгі,
Жақсылықтар жалғансын!


2) Ұлыстың ұлы күнінде


Ұлыстың ұлы күнінде,
Бақ-береке орнасын!
Жылдың басы жаңа жыл,
Таба берсін жалғасын.
Шуақты аспан күлімдеп,
Жақсылығын арнасын!
Күн менен түн теңеліп,
Жаратқаным қолдасын!
Ұлыс оң боп, ақ мол боп,
Қазақ елі жандансын!
Көңіліміз биікте,
Уайым-қайғы болмасын!
Дендеріңіз сау болып,
Раббым Алла жар болсын!
Аман болып отбасы,
Тыныш күндер орнасын!
Бейбіт күндер елімде,
Таба берсін жалғасын!
Жастарымыз жандана,,
Қанаттанып самғасын!
Наурыз тойы ұлы той,
Қуанышын арнасын!
Той бітпесін елімде,
Кең байтақ бұл жерімде!
Көк туымыз әмәнда,
Желбіресін көгімде!
Наурыздан біз жетейік,
Әр наурыз лайым!
Бүкіл Қазақ еліне,
Жар болсыншы, Құдайым!


3) Құтты болсын, Әз-Наурыз!


Құтты болсын, Әз-Наурыз,
Құтты болсын мереке!
Аман болып еліміз,
Арта берсін береке!
Арайлы таң нұр шашып,
Шапағына бөлесін!
Сыйластықта әр адам,
Бірін-бірін демесін!
Тату болып ағайын,
Араздықты көрмесін!
Тату болып абысын,
Шаттығымен тербесін!
Жаратқаным жар болып,
Қиындығын бермесін!
Наурыз тойда бар халық,
Мол бақытқа кенелсін!
Көктем әні шырқалып,
Күн менен түн теңелсін!
Қазақ елі жанданып,
Қуанышын тойласын!
Ақ мол болып, ұлыс оң,
Жақсылығын жоймасын!
Жаңа жылы қазақтың,
Бар жақсысын арнасын!
Тыныш, бейбіт заман боп,
Шаттық әні жалғасын!
Мәдинада Мұхаммед,
Түркістанда Қожа Ахмет,
Рухы бізді қолдасын!


4) Жаратқаным жар болып


Ұлыстың ұлы күнінде,
Бар жақсылық орнасын!
Дәстүріміз жанғырып,
Наурызымыз жандансын!
Наурыз көже беріліп,
Көңілге күй орнасын!
Күн менен түн теңеліп,
Қыран құстар самғасын!
Аман болып еліміз,
Тыныш болып жеріміз,
Бақ-береке орнасын!
О, Жаратқан қабыл ет,
Қабылдаудың қамын ет!
Тілдінің тілінен сақта,
Көздінің көгінен сақта!
Жалыны көп өрттен сақта,
Шипасы жоқ дерттен сақта!
Батып кетер судан сақта,
Адасатын нудан сақта!
Тасқын судан алыс ет,
Ерлерімді намысты ет!
Қыздарымды иманды,
Ұлдарымды арысты ет!
Құтты болсын Әз-Наурыз,
Жаратқаным жар болып!
Тату болсын ағайын,
Сыйластығы бар болып!
Елді бастар адамдар,
Аман болсын, бар болып!
Күлімдей түс, қазағым!
Шаттықты атар таң болып!



5) Раббым Алла қабыл ет!


Келер әрбір көктемде,
Наурыз тойы тойлансын!
Ұлыс оң боп ағайын,
Көңіліміз жайлансын!
Жаратқаным жар болып,
Бар жақсысын ойға алсын!
Ақ мол болып лайым,
Бұл қазағым бай болсын!
Арайлы таң нұр шашып,
Көңіліңіз жай болсын!
Бота боздап, қой қоздап,
Төрт түлігің сай болсын!
Соғым сойып қазағым,
Жегеніңіз май болсын!
Раббым Алла қабыл ет,
Көңілдерді жарық ет!
Тасқын суды, өрттерді,
Мына бізден алыс ет.
Дөңбекшімей жер ана,
Тыныш күнін толық ет!
Бар жақсылық орналып,
Көңілде мұң болмасын!
Балапандар мәз болып,
Жаратқаным қолдасын!
Жастарымыз жаз болып,
Қыран құстай самғасын!
Ақыл айтар ағалар,
Бар жақсысын арнасын!
Наурыз тойы құтты боп,
Шаттықты әні жалғасын!
Күн менен түн теңеліп,
Шуақты күн орнасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу