Өлеңдер ✍️

  09.02.2023
  76


Автор: Еділбек Дүйсен

Ұлыстың ұлы күні

Білсең шіркін сезіне,
Наурыздағы күн қандай!
Табиғаттың өзі де,
Той өткізіп тұрғандай...

Суық ызғар білінбей,
Жан шуаққа кенелер.
Таразының тіліндей,
Күн менен түн теңелер.

Білек түре құлшынып,
Жанарда ойнап бір ұшқын.
Мерекелер жұртшылық,
Ұлы күнін ұлыстың.

Көз суарып,тоқташы...
Жерді жапқан гүл-алау.
Самарқанның көк тасы,
Жібіп жатқан шығар-ау!

Ақ тілекпен,ақ таңда,
Қадір тұтар бұл айды.
Тас та жібіп жатқанда,
Жүрек қалай шыдайды!?

Талай жандар туыстай,
Төс қағысып көріскен.
Көңіл қалса,суыспай,
Қуанышын бөліскен.

Бауырмалдық ұғындым,
Көрер бірін досындай.
Болса деймін жылымның,
Барша күні осындай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу