09.02.2023
  547


Автор: Жабал Ерғалиев

У дүние

Астының суы қысы-жазы бір құрғап көрмеген жатақхананың төменгі қабатындағы сыз бөлменің қолқаны атар борсыған исінен тынысы тарылып, түн баласы кірпік қаға алмайтын күйге жеткелі ауылды көп ойлайтын болды.


Қайың шоқтарының қойнауына бауырлай орналасқан Өрнек ауылының осы бір қысқы кешінің тынысы мен тіршілігі қазір де көз алдында тұр. Әр үйдің мұржасынан будақтап жатар түтінінің аспан әлеміне салған ақ жолақ іздерінің өзі-ақ сүйкімді болатұғын. Шіркін, тап қазір сол бір мөп-мөлдір, тұп-тұнық ауасынан бір жұтып, тынысымды кеңейтіп алар ма едім?!


Жанын мазалаған осы бір ойлармен Сәду түн баласы алысып шықты. Бәрінен бұрын, әр үйдің “қысқы азық” деп сойылатын бір-бір жылқысының табақ-табақ етін жеп, күн сайын түннің бір уағына дейін мәре-сәре қонақшылап жүретін сәттері есіне түсіп еді, мұнан әрі жата алмай, терезе алдына келді. Бөлме шамын жақпастан қала көшесіне қарап еді, ерсілі-қарсылы ағылған небір машиналарды көрді. Біреу… екеу… ойпырмай, тіпті санап та болмайды екен ғой өздерін. Және де заты қандайлығын танып болмайтын шет жердің көліктері қандай көп еді. Бұрын ғой “Волга”, “Жигули”, “Москвич” сияқтыларды бір- бірінен оңай ажырата беретін. Ә, айтпақшы “Запорожец” дейтін де машина болған екен-ау елімізде…


Осы бір “Запорожец” деген машинаның ойына оралуы мұң екен, Сәдудің жүрегі атша тулап, жүзі жылып сала берді.


Сол Өрнекте тұрып жатқан күндердің бір күнінде “районодан” телефон шалып: “сендердің мектептеріңе бір “Запорожец” бөліп отырмыз. Алғысы келетіндер болса тезірек хабар жеткізіңдер”,–деген. Бұл құрғырды ала қоюға өзге мұғалімдердің ақшалары болмады ма, әлде “Запорожец” дегенді менсінбеді ме, мектеп директорынан бастап: “сен жассың ғой, көлік керек, әрі біздей емес ақшаң да бар емес пе”,–деп, сол “Запорожецті” осы мектептен ешкім алмай қойса “районодан” сөгіс еститіндей Сәдуді “ал, алдың” астына алды. Ақшасы бары рас еді. Кассаға салып тастаған бес мың сомы жатыр. “Запорожецтің” құнына да жетіп тұр. Көңілі жығылуға айналды. Су жаңа “Запорожецтің” алдына Гүлнәрін, артқы орындықтарына Гүлжаны мен Гүлзарын отырғызып алып, қара жолмен жүйткіп келе жатқандай сезінді өзін. Қиялданып, сол қиялы өзіне қанат бітіріп, құстай ұшқан көңілімен ауыл ортасындағы дүкенге сатушы болып жүрген әйелі Гүлнәрға жетті.


Гүлнәр күліп жіберді.


–Мәссаған, “Запорожец” алып елге күлкі болайын деп пе едің?! Жұрт мұны тегін алып жатқан жоқ па? Әлгі Айдардың бір аяғы жоқ әкесіне былтыр ғана тегін берген “Запорожецін” қазір бүкіл ел болып итеріп қақалдырып- шашалдырып әсер “завайттап” жүргенін көзің көрмей ме сенің?!


Алып ұшқан көңілі су сепкендей басылды. Рас-ау, Гүлнәрдің осы айтқанын өзі не қылып ойламаған?! Қанша айтқанмен әйел заты дүние дегеннің қадірі мен қасиетін еркектерге қарағанда тәуірлеу бағалай біледі-ау, осы! “Енді бір екі-үш мың сом жинап, бірден “Жигули” алмаймыз ба”,–деген Гүлнәрінің де сөзінің жаны бар екен…


 


Бірінен кейін бірі сабақталып, жүрегіндегі сағыныш пен мұң атулы сезімдерінің нәзік пернесін қағып тұрған дәл осы тәтті де күйлі бір әуенді сәттің арқауын дүрс-дүрс еткізіп, есік қағып: “сосед, у тебя бутылка водки не найдется” деген әлдебіреудің масаң даусы үзіп жібергендей болды.


Бұл жалған дүние кімді мұратына жеткізген дейсің?! Опасыз дүниенің уын ішпеген пақыр бар ма екен жер бетінде?!


Сәдудің жүрегі қан жылады. Түлкідей бұлаңдаған қу өмір бұған да құйрығын ұстатпай кетті ақыры. Ойға алған “Жигулиін” әне-міне аламыз деп жүргенінде ақша дегенің ауысып, бұлардың жинап қойған бес мың сомы он теңге болып шыға келген-ді.


Гүлнәрінің сол жолғы ботадай боздап жылағанын көріп, дәті шыдамай далаға шықты. Жапалақтап қар жауып тұр. Бірде отқа салып шыжғырар, бірде мұзға орап арқаңды қаритын адам тіршілігінің жәйімен ешбір шаруасы жоқтай қою қараңғы түннің құшағына кіріп алып, алаңсыз маужырап, мүлгіп тұрған мына байтақ әлемді сол жолы өзінің жан айқайымен оятпағандығына өкінді.


Өкінеді… Өкініш дегенің көп қой мұнда!..


Өз ғұмырының бар өкініштерін жиып алып жаратқан иесінің алдында мұңын шағып, арызданар болса, бұл ең әуелі өзінің жетімдігін… ана мейірімін көрмей, әке пейілін танымай жалқы өскен жалғыздығын айтып шағынар еді.


Бірақ, қазіргі айтары да, қазіргі мұңы да, өкініші де бұл емес оның…


Өзінің институттан кейінгі мұғалімдік қызметін бастаған, үйленген, балалы болған аяулы мекені–ауылын тастап, осы бір қалаға көшіп келгендігінің өкініші еді дәл қазір өзегін өртеп тұрғаны!


Өкінгенмен бола ма?! Осы бір аз ғана уақыттың арасында өкініп те, өкіріп те көріп еді, қалпына келе қалған дүние жоқ әзір! Сол өкініш дегенің ойланған сайын қайғы дегеннің қара қазандығына май құя түскендей болады да, сол жанған от жүйке дегеніңді тасқа салып үйкегендей қажап, аяусыз-ақ жұқартып тастайды екен. Сәду осы бір өкініш отына күн сайын өртеніп, жанып бара жатқандығын сезеді.


–Әттеген-ай,–деп күрсінді Сәду,–сол жолы солардың тілін неге ғана ала қойдым екен?!


–Ауылда тұрып, әбден қайыршы болуға айналғансыңдар ғой өзі! Ақшаларың болмай нанды да бөтелке тапсырып алып жүргендерің ұят екен! Масқара-ай!..


Үлкен қалада тұратын Гүлнәрдің Нұргүл деген “коммерсант” апасы бұлар тұратын ауылға келіп кезекті бір саудасын жасарда Сәду мен Гүлнәрдің расында да, нан аларлық жағдайлары болмай отырған жүдеу бір сәтінің үстінен түсіп, “масқараны” қайыра-қайыра қайталап, бетін жыртқан-ды.


Өзін қайын бикесінің алдында кінәлі сезінген Сәду:


–Енді қайтейік, мұғалімдердің ақшаларын бермегелі үш-төрт ай болып қалды. Директорымыз ауданға күнде барып жүр, бүгін де кеткен. Ақшамызды бүгін әкеп қалар, тосып отырмыз,–деп жаси сөйледі.


–Әй, сонда, сол үш-төрт айыңа алатын жалақың қанша,–деді мыналардың “қайыршылығына” әбден назаланып алған “коммерсант” қайын бикесі.


–Енді төрт айымдікі сегіз мыңнан асады да!


 


–Масқара, төрт айға сегіз мың дейді! Әй, мен қазір мына бір күртені сатып қана сегіз мың аламын! Ал мынаны… ал мынаны сатсам…–үлкендігі кішігірім қара әбдіреден кем түспейтін дәу сөмкедегі не бір көздің жауын аларлық қызылды-жасылды дүниелерді Сәдуге қарай лақтырсын-ай келіп.


–Жарымаған қайыршы! Байсыз қалатындай осы бір сүмелекке “ойбай, ол– әнші, ойбай, ол–домбырашы” деп болмай тиіп едің! Ал, айтқан әніне, тартқан домбырасына нан бере қоятын жер болса жібере қой байыңды, қане!


Нұргүл әбден долырып алған. Сіңлісі Гүлнәрдің де көңіліне қарамастан, оның да жанына ащы тілін аямай-ақ сұғып жатыр.


Сол жолы Сәдудің “коммерсант” қайын бикесі бұларға “үйлеріңді, малдарыңды сатыңдар да, қалаға көшіңдер”,–деп нақтылы нұсқап, ақыл беріп кетті.


–Өлмейсіңдер,–деді ол нығарлап.–Қазір ауылдағылардың бәрі де қалаға көшіп келіп жатыр, сауда жасап үй сатып алып, машина мініп байып алды әбден. Мына менің өзім де пәтерді, машинаны да бір жылдың ішінде-ақ алған жоқпын ба,–дегенде Нұргүлдің көздерінен от ұшқындап, ішкі жан дүниесін қазіргі байлығы мен қазіргі дүниесі ғана жылытқандай еді.


Шағын ауылдың дүкені болса да, әйтеуір, сауда жасауға бойы үйренген Гүлнәр қала базарының дүрмегіне де тез үйреніп еді. Обалы нешік, ауылдан көшіп келгеннен кейін бұлардың қала тіршілігіне үйренгендерінше Нұргүл жәрдемдесіп-ақ тұрды. Базарға жақын бір маңнан ескі бір ағаш үйді жалдап әперіп, тиесілі пәтер ақысын да өзі төлеп жүрді. Шын аты Насыр, өзі Насик деп атап кеткен аузы-басын жүн басқан өзбектен жәшік-жәшік алма, алмұрт дейсің бе, жемістің не бір түрлерін әкеп беріп, оларын Гүлнәрға сатқызып тұрды. Көп ұзамай, мына өзбегіңнің алмасы мен алмұрты Гүлнәрдің талайдан брі қажеті болмай бос қалған әмиянын теңгеге толтыра да бастады…


Бірақ осы бір тіршілікке Сәду көндіге алмай жүрді. Жұрт базарға шықпастан бұрын қос доңғалақты темір арбаға тиелген жәшіктерді Гүлнәрдің сауда жасайтын алаңына жеткізіп береді де, пәтеріне қарай зыта жөнеледі. Осыдан кейін киініп, қыздарын ертіп, мектептегі сабағына шығады. “Базарға жәшік сүйретіп жүргенімді біреу-міреу көріп қалған жоқ па екен” деген ойдан қала мектебінің шуы да, айқайы да мол дүрмегіне еніп кеткенше арыла алмайтын- ды.


Бұлардың сауда жасап, ақша жинап тез арада пәтер аламыз деген үміттерінің ауылы күн сайын алыстай беретін болды. Гүлнәрдің ертелі-кеш жасаған базардағы саудасынан түскен азын-аулақ тиын-тебенге “сатылады деп” құлақтандырылған пәтер атаулыны көруге барса болды, баға жағына келгенде маңдайларына тас тигендей, есеңгіреп қалып жүрді. “Қымбатырақ қой” десең, “алмасаң өзің біл, бұл–менің жекешелендірілген пәтерім”,–деп тап бір әкесі салып беріп кеткендей бұлданарын қайтерсің. Бәрінен бұрын, теңгені атасаң болды-ақ, мойнына әлдебіреу мұз салып жібергендей ыршып түсіп: “сенің теңгең керек еді, долларға, болмаса маркаға ғана сатамыз”,–деп бәлсінетіндері өтіп бара жатыр.


 


Дүние дегеніңнің бағасы айлап емес, күн сайын қымбаттап бара жатқан мына заманда бұлардың тек Гүлнәрдің саудасымен ғана көгермейтініне көзі жеткен Сәдудің “коммерсант” қайын бикесі бұл жолғы билікті тағы да өзі айтты.


–Иә, педагог, қаланың мектебінен тауып жүрген табысың қалай?


Сол билікті Сәдуді тергеуден бастаған Нұргүл мұның: “ставкам бір жарым мың, класс жетекшілігіне қосылатын тағы да жүз теңгесі бар”,–деген сөзінің аузынан шығуы мұң екен, есінен танып қала жаздады.


–Әй, жарымаған қайыршы, сен соны ақша тауып жүрмін, өзіңді еркекпін деп жүрмісің?!


Қайын бикесінің мына сөзі Сәдудің жүрегіне оқша қадалды. Қаны басына тепті. Тас түйілген жұдырығы көтеріле берді. Өзінің жаңа оқу жылы басталғалы әлі күнге дейін тиесілі жалақысын ала алмай отырғандығы есіне түсті. пәтер ақыны да осы қайын бикесі төлеп тұрмаса, мына қыс ішінде улап-шулап өздерінің далада қаңғырып қалатындығы жайлы ойлағанда, қолы сылқ етіп түсіп кетті.


Ызадан булығып тұр. Қорланған ар-намысы шыдатар емес. Сол жылы қайсар көңілінің мұқалғаны-ай! Шіркін, жеткізбеген боқ дүние-ай, ердің көңілін борша езетін сенің де сұрқиялылығың жетеді екен-ау?!


Сәдудің кекке толған жанарынан жасқанды ма, “коммерсант” қайын бике үйден жылыстап шығып бара жатып: “мұғалімдігін тастап, Сәду де сауда жасауға шықсын”,–деген өз кесімін айтып кетті.


Манадан бері күйкі тіршіліктің ұшы-қиыры жоқ осынау ауыр да азапты ойлары қамалап тұрған Сәдудің өгейлік жасап, өзін өзектен тепкен қаланың мына қатқыл қабақты түнгі сұрқынан басы айналып кетті. Терезенің сынық көзінен суық жел саулап көк мұз қатқан жақтауынан теңселіп барып ұстай алды.


Осы бір қапалы көңілімен Сәду темір кереуеттегі сұп-суық төсегіне жетіп, етпетінен құлады да, кішкене ғана көк жастықты кеудесіне басып азапқа толы өз жанының ащы жастарын төкті-ай келіп.


Сол бір жылап түсіп, жылап түсіп жатқан әр тамшы көз жасы мына өмірдің опасыздығына, қайырымсыздығы мен қаталдығына деген адал да пәк жанының наразылығы еді. Билігі бардың бишісі, долларлының досы, теңгелінің теңі, ақшалының ағайыны болып өмір сүре бастаған адамдар-ай, бір-біріміздің көз жасымыздан қорқуды білмей бара жатқан мына заман, мына дүние не болып барады өзі?!


Сәдудің бұл жан айқайына үн қатқан ешкім де болған жоқ.


Жан азабы қинап жатқан осы бір таңғы бір сәтте жан-жарым деп құшқан Гүлнәрінің де “коммерсант” апасын қолдап: “сауда жасап мол ақша таппасаң, сендей байдың қажеті шамалы маған, үйден кет! Ақша болса еркек атаулы дегенің қаладан табылатын көрінеді”,–деген даусы ғана құлақ түбінен тағы бір жаңғырып тұрып алды.


“Алтын көрсе–періште де жолдан таятын” көрінеді дейді ғой, Гүлнәрға не жазық бар?! Өзгелермен теңгең болса ғана теңелеріңді сауда жасап жүрген әйелдің залым көңілі аз уақытта-ақ ұғына қалса керек-ті. Саудагер Насыр келе қалса болды, екі беті бал-бұл жанып, көздері жайнап құлпырып шыға келетін


 


Гүлнәр соңғы уақытта мұны байым бар-ау деп қымсынуды да қойып, ертелі- кеш демей өзбек “аканың” машинасына мініп кете беретінді де шығарды.


Гүлнәр мен оның “коммерсант” апасы сауда жасауға көне қоймаған Сәдудің ар-намысына тиерлік осындай бір сорақылықтар жасап, қорлап-ақ бақты.


Жалғанда ер азаматтың ақша үшін өз әйеліне тәуелді болуынан артық мазақ пен азап жоқ екен. Әлдебірде қала шетіндегі мектебіне автобуспен жетіп қалу үшін жолақысына төлейтін ақша сұрап еді:


–Е, жұмыс істеп жүрген жоқсың ба, ал да жұмса,–деп Гүлнәрі мұның мысын осылай да бір басқан-ды.


Өз ошағын, бота көздері жәудіреген қос балапанын қимағандықтан-ақ шыдады бәріне. Бұлардың мазағы мен азабына әлі төзе берер ме еді, Гүлнәрінің өзбек саудагерінің көзінше “кет дегенде, ит те кетеді деуші еді, осы сен маған жабысып қалып па едің”,–деп мұның бір киерлік киімдерін есікке қарай лақтырғаны өтіп кетті. Дүние-пұлмен ниеті бұзылған әйелмен өмір сүрудің қадірі мен қасиеті қалмағанын ұққан ол, егіле жүріп, жатақханаға кеткен-ді.


Шіркін, ауылды айтсайшы! Аппақ қарын сықырлата басып, дем үзілдірер таңғы бір аязбен мектебіңе ақырын аяңдап барғаннан артық рахат өмір жоқ екен-ау өзі деп ойлады Сәду.


Осы ойы жүрегіндегі ауыр мұңның мұзын сәл де болса жібітіп сала берді.


Бір ашылып, бір жабылып жатқан жатақхана есігінің сартылынан-ақ таңның атқанын, өзінің базар түбіндегі ағаш үйіне барып, киініп алып, өзін тосып отырған қос балапаны Гүлжаны мен Гүлзарын ертіп мектебіне баратын уақыты болғандығын ұққан ол мең-зең күйінде орнынан тұрды. Мазасыз басталар қаланың тағы бір тіршілік таңы қапалы көңілін жұбата алмады…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу