09.02.2023
  357


Автор: Жабал Ерғалиев

Үмітімді үзбей өтем

Тіршілік атты телегей теңіздің арнасымен сырғып өткен өмірінің сексен жылға тақау кезеңінде бұл тап қазіргідей бейнет пен жан азабын тарта қойған жоқ шығар. Басынан нелер өтпеді дейсің! Тіпті кешегі қанды қырғын соғыстың да үш жылын бастан өткізді. Әттеген-ай, талай ерді жер жастандырып кеткен қаңғыған бір оқ келіп мұның да жүрегіне қадалмаған екен! Сөйтсе бұл сол үшін тап қазір өкінбес те еді. Онда… онда мына жанын күйзелтіп қойған жалғыз ұл да дүниеге келіп, жер басып жүрмес еді.


Әттең, шіркін! Осы бір ауыр ойлар жан дүниесін жегідей жеп жатқан Әлі қарт басын әзер көтеріп, отыруға бейімделді. Төсек тартып осылайша мүсәпір халге жеткеніне жылға жуықтады. Өткен жылдың қоңыр күзінде кемпірі де осы арада төсек тартып жатып алғаны бар-ды. Көп сөйлеуді білмейтін, үнемі шалының қабағын бағумен, соның көңіл күйінің ыңғайын тауып өмір сүрген сол байғұс кемпірі мұның маңдайына біткен бағы, қолындағы ырысы екен-ау! Өз ғұмырында тоғыз құрсақ көтеріп, бірақ соның бірінен соң бірі шетінеп тұрмайтын болған соң әбден зәразаптанып, әбдісі ұшқан кейуана шалының алдында бұғып өсті. Апыр-ау, бір шаңырақтың ұрпағының кіндігін үзіп аламын ба деген қауіпті ой күні-түні ол байғұстың жүрегін қақырататын. Тәңірі көз жасын иді ме, әйтеуір соңғы көтерген мына Аманбайы қалқайып өсіп қатарға қосылды. Бір кіндіктен жалғыздығын да уайымдай қойған жоқ еді.


–Е, тәңірім жалғызыма өзің жар бола гөр,–деп жатса да, тұрса да Аманбайының тілеуін тіледі екеуі де. Сөйткен ұлдары өсті, ешкімнен кем де болған жоқ. Бір үйдің жалғызы болған соң да оны маңдайынан шертпек түгілі ешкім мұның бетіне тік қарап көрген жоқ шығар.


–Кеше өлейін деп жатыр едің, тұрыпсың ғой!


Манадан бері көзі қарауытып, басын еркін көтере алмай әзер отырған қарт ту сыртынан шыққан мына бір рақымсыз үннен есеңгіреп кеткендей болды. Ол өзінің жалғыз ұлының дауысын көптен бері естіп тұрғаны да осы еді.


–Ба-ла-мау!..


Жастыққа басы сылқ етіп құлай кеткен Әлі қарт “балам-ау” деген бір ауыз сөзді тілі күрмеліп, әзер айтты. Онан әрі қимылдауға да шамасы келмей тек ауыр дем алысы ғана тіршіліктен хабар беріп жатты.


–Балам-ау! Осы бір сөзден қарт жүрегінде әлі де өз кіндігінен шыққан ұрпағына деген суымаған сезімі жатыр еді. Қайран қарт тағы да не айтқысы келді екен! Тұла бойын шөл қысып жатқан соң, бір кесе айран, болмаса бір ыстық шай ішкісі келгендігін айтқысы бар ма? Әлде… әлде мұның… Аманбайдың былайша неге тас жүрек болып кеткендігін сұрағысы келді ме. Не де болса Әлі қарттың көкірегінде үлкен бір қасіретті ойдың тұншығып жатқаны анық болатын.


–Әй, сүмелек, әкеңді жаңа көріп қалдың ба? Мәгәзін ашылса бар да бірдеңе алып кел! Жүнжи қалғаның не, әкеңді бүгін өлет деп пе едің?!


Аманбай селк ете түсті. Төргі үйден шашы-басы удар-удар болып сөйленіп шығып келе жатқан әйелінің мына ащы үні Аманбайдың масаңдау миына шақ ете түсті.


–Әй, тарт тіліңді! Бұл менің әкем… әкем ғой!


 


–Әкеңді жаңа танығаныңа да шүкіршілік! Итаяқтан ас ішкізіп жүрген әкеңді жаңа көріп қалған екенсің. Әй, кеше кешке ғана жағасынан алмап па едің?! Енді әкем, әкем дейсің!


–Тарт тіліңді!..


Әйеліне мысықша атылған Аманбайдың көзі қанталап қолымен еденді қарманып әуре болды. Қолына арақтың бос шынысы ілегіп еді, бар пәрменімен әйеліне қарай жіберіп қалды. Баж еткен әйелдің ащы дауысымен бірге, сарт етіп күл пәршасы шыққан бөтелке сынықтары жайрап жатты. Ащы айғай мен әлдебір сартылдан қарт қойнында ұйықтап жатқан бала да шошып оянып, жылай бастады.


–Әй, әй, қарақтарым!..


Қарт үні естілер естілмес әлсіз шықты. Баяғы күні болса мына қылықтары үшін бұл екеуін де қамшының астына алып сазайын тарттырар еді. Қартайып, шөгіп, буыны қалтырап, тізесі дірілдеген осы бір мүсәпір уағында жалғыз ұл мен келіні мұны “әкем деп” күтпек түгілі жанын азапқа салғанын қайтерсің. Бұл жалғыз ұлдың тілеуін тілегенде ол осылай болсын деп тәңіріне жалбарынып па еді?! Егер құдай бары шын болса, бір мұны жарылқар еді ғой.


…Тіршілік иесіне қиянат жасамағандардың бірі осы. Тәңіріне жаңылмай-ақ құлшылық еткендердің де біреуі осы. Сондағы жарылқағаны кеудесінен жаны шықпай көкірегі сайрап, бәрін де сезіп жатқан қарттың жалғыз ұлы мен келінінен естігені жаңағы ма?! Мұндай тіршіліктің құны да көк тиын онда. Әттең, әттең мына қойнында жәутеңдеп тығылып жатқан сәбидің күні не болар екен? Ұлын бауырына басып бағар дейтін шешесінің сыйқы анау, баласын аялар дейтін әкесі арақтың уынан есін жия алмай мәңгіріп әне отыр. Сорлы-ай, күнің не болар екен! Әкең де, шешең де осы үйге мас болып келгенде ойнап отырған ойыншықтарыңды тастай салып, жүзіндегі шаттық әлде неден үріккен торғайдай ғайып болып, екі көзің мөлдіреп қашанға дейін қойныма жасырынармын дейсің, ботам! Әттең, дүние-ай…


Қарттың зерек көңілінде сайрап жатқан осы бір ойлар селі кәрі жүректі қысқан кезде ол алқынып, демігіп қалады. Санасы бүтін шағында анау отырған жан дегенде жалғыз ұлына ақтық айтарын айтуға сан бекінгенімен тілеуің құрғыр ол “әке, жайың қалай, науқасың жаныңа батып жүр ме” деп бала болып жанына бір жоламағанын қайтерсің. Өз қызығы өзінде, сайраны арағында болып қана жүрген ұлының көз алдында өзін жатсына, жатырқай да бастағанын кәрі жүрегі сезіп, көңілін қауіп те билеп алатын еді. Мұның маңдайына жазған келіні Бақытжамал да соңғы уақытта ішімдікке әуес болып алды. Сауыншы болған соң уақытының көп бөлігін түзде өткізетін ол да әлде бір желіккендерге ілесіп, ақыры ар-ұяттан безінуге айналды. Ақыры міне, қартқа тілін тигізуден де тиылар емес. Балаң кәпір болса да келінің кәпір болмасын дегенді бір ойшыл тауып айтқан ғой шіркін!


–Ата, ата, ата-а-а-а!..


Қарт жүрегі сәбидің шырылдаған үнінен дір етті. Өзін жұлқылап екі көзінен жас парлап тұрған немересінің бейнесі болды көзін сәл ашқанда бар көргені.


–Құлыным, құлыным сол!


 


Еріндері күбірлеп қана әзер сөйлеген қарт кемсеңдеп жатыр еді. Оң қолын әзер көтеріп көкірегіне басын салып солқылдап тұрған немересінің маңдайынан сыйпады.


–Құлыным, құлыным…


–Ата, шай әкеп берейін бе, шай ішесің бе, ата?!


Сәби жүрек атасының маңдайынан сыйпағанына шаттанып жүре берген-ді. Манағы бар қауіпті ұмытқан ол орнынан ұшып тұрды да қазандық үстіндегі шәйнекке су құйып баудай шұбалған сымын тоққа қосты. Ас үйдегі бықып жатқан стол үстіндегі қатқан нан қалдықтары мен туралған жуаларды әрі ысырды да басталмаған бір таба наннан бір үзім кесіп алып, үстіне жұқалап май жағып, аздап шекер сеуіп атасының жанына жүгіріп келді. Қазір атасы да, өзі де мына май жағылған нанды армансыз жейтін болады. Сол нанды жеп рахаттана жайланған атасы бұған қызық-қызық әңгімелер айтады.


–Баяғыда, әжең марқұм, онда тірі болатын. Сен туған жылдың күзі жарықтық берекелі болды. Ойпырмо-ой сондағы астықтың шығысы-ай, ел болып ие бола алмай қалдық қой. Мен де қарап отырмайын деп қырман күзетіне бардым. Бір күні түнде қырманды айналып жүріп келе жатсам анадайдан бір нәрсе қараңдайды. Қолыма ешбір қару алған жоқ едім, тіксініп қалдым. Қорбаң- қорбаң етіп өзіме қарай таяп келеді әлгі. Кімсің-ей десем де ол не үн қатар, не тоқтар емес. Енді қасқыр болсаң да көріп алайын деп қасқайып тұра бердім. Сөйтсем әлгі сенің әкең болып шықты. Ой сені түнде сайтан жетелеп әкелді ме десем: “Бақытжамал босанды. Апам шалды да қуантып кел деген соң келіп едім” деп міңгірлеп тұр. Сөйтсем сен келіпсің мына жарық дүниеге.


–Ата, ата, мас емес пе екен сол жолы?!


–Жоға, Аманбай ол кезде ойын-тойда ғана ішуші еді ғой.


–Баяғыда, әжең марқұм онда тірі болатын…


Әрдайым осылай деп басталар қарт әңгімесі оның өзін де, жас сәбиді де қиял бесігіне салып тербейтін еді. Бейкүнә қарт пен сәби екеуара шүйіркелесіп ұзақты күнді бірге өткізетін. Әлі қарт үй шаруасын келін-баласына қаратпай-ақ өзі тындырып қоятын. Соңынан бір елі қалмайтын Нұрбегіне де түрлі шаруаның аужайын айтып, түсіндірумен болатын. Әйтеуір көзі қаныға берсін дейтін бұл. Тіршіліктің бұл ұрпағына да қандай керуен тартқызарын кім біліпті. Әйтеуір ұшар қанаты беки берсін деген ізгі ой қарт көкірегінің түкпірінде жататын.


–Ата, мә нан жеші! Қарның ашты ғой, нан жеші, нан жеші!


Бала үніндегі бұрынғы еркелік мүлдем жоғалғандай еді осы сәтте. Қарт та іріңдеген көзін аша алмай отыр. Сақал-мұрты қаулап өсіп, жағы суалуға айналған атасының мына күйі сәби жүрегін шошындырғандай еді. Үстіндегі көнетоз шапанын әлсіз қолдарымен немересінің жұлмалап жатқанын да, жүрегін үрей билеп алғанын да қарт көңілі сезіп жатыр. Көзін ашып немересі ұсынып тұрған нанды жер де еді, басын көтеруге әлі келмей жатқаны ғой. Әйтпесе ата, ата деп аталаған немересінің құлын дауысы шұрқыраған сәтте кеудесіндегі жүрегі тіршіліктен сыбыс беріп тұрса, бұл көрде жатса да орнынан бір аунап түспес пе еді, шіркін. Әлінің біткені де бұл. Мұны қалжыратқан да қайран шіркін анау жалғыз ұл  мен келінінің қылықтары ғой.  Апыр-ай тым


 


болмаса біреуі сау жүріп, мынау үйге, мынау балаға қарасайшы. Оған да тәубе қылар едің. Ал екеуінің бірдей мастықтан сең соққан балықтай сандалып жүргенін көріп, мына ел бетіне қарай алмай бұл бұған дейін де күніне мың өліп, мың тірілген шығар. Баласы арақ ішсе, анасы у ішеді деген ып-ырас екен. Байғұс кемпірінің әлсіз жүрегі жалғыз ұлының, одан қалды үмітім деп басына ақ жаулық салып, ақ босағасына түсірген келінінің бұл масқаралықтарын көтере алмай мезгілсіз үзіліп кетті.


Жан-жағынан осы бір ойлар анталағанда Әлі қарттың көз алдына кемпірі Ақықтың бейнесі келіп тұра қалатын.


–Әй, байғұсым-ай, мен өлген соң күнің не болар екен,–деп төсек тартып жатқан Ақық пештің күлін алып, от тұтата алмай әуреге түсіп отыратын шалына аянышпен қараушы еді. Қайран әйел жүрегі өзінің өмірлік серігінің жетімсіреп, қазіргідей кіріптар күйге душар боларын сезінген ғой шамасы. Не де болса әйтеуір асыл ана қарт басына осы бір қараң күннің туарын және оны тудыратын тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, ақ сүтін берген өзінің жалғыз ұлы екендігін сезетін де, жүрегі қысылып, талықси беретін. Ол да осы бір ойдан тұншығып, мәңгілік дүниеге кете барды. Осы бір шаңырақтың, мына дәрменсіз қарт пен жас сәби екеуінің де қызығын да, қуанышын да өзімен бірге ала кеткендей болды жарықтық.


Әлден уақытта қарт санасы қалпына келіп, немересінің “нан жеші, нан жеші” деген үнін айқын ести алды. Басын көтеруге ыңғайлана беріп еді, немересі әлсіз қолдарымен сүйеп отырғызды да, жастығын түзеп, биіктетіп берді. Көзін ашып, немересіне қарап, күлімсірегісі келді. Алайда жанындағы сәбиіне жүрек мейірімін төгіп, күлімсірей алды ма, жоқ па, оны өзі де сезе алмады. Немересі ұсынған нанды қалтыраған қолына алып, басын сәл еңкейтіп, алақанындағы нанға ернін тигізді. Кеберсіген еріндері діріл қаққаны болмаса, жағын ашып, тісіне қатқан нанды баса алмай, қолы сылқ етіп, қайтадан көзін жұмып алды.


–Ата, ата, наныңды жеші енді!


–Қазір, құлыным, қазір,–деген қарттың әлсіз үні сәбидің көңіліне шаттық сәулесін шашқандай болды.–Ана терезенің пердесін ашсайшы, үйге жарық түссін!


–Қазір ата, қазір ата,–деп сәби жүгіре жөнелді.


Сәби қолдары перделерді сырғаны сол еді, күн көзінің шуағы үй ішіне төгіліп сала берді. Жарық әлемнің ақ сәулесіне қараған қарттың жүзінен әлде бір жылылықтың лебі ескендей еді. Сол сәтте ол жанына келген немересінің маңдайынан сипап, кекілінен иіскеді де әңгімесін бастады.


–Баяғыда, әжең марқұм онда тірі болатын. Ол кезде колхоз өнім сеуіп бітісімен сабантой жасайтын еді. Ойпырмо-ой, небір қызықтар болушы еді-ау. Бәрінен бұрын ат жарысты айтсайшы. Әлгі Аманбай да атқа шабатын. Әй, өзі бар ғой сенің әкең атқа жақсы шабушы еді, ылғиына ол мінген Топайкөк бәйгенің алдынан келетін.


Қарт осы бір әңгімені айтқан сайын жалғыз ұлына деген көңіл мұзы жібігендей болатын. Сол сәтте қасындағы үнсіз тыңдап отырған сәби жүрегі де қуаныштан шаттанып, лүп-лүп соғатын. Қанша айтқанмен ылғиына бәйгеден озып келіп жүрген мұның әкесі ғой! Мынау қаңырап тұрған үйдің бір


 


бұрышында отырған дәрменсіз қарт пен әлжуаз сәби тағы да өткен күндердің қиял кемесіне мініп алып, ой әлемімен шарықтайтындары бар.


–Ол, әлгі сенің әкеңді айтам да, өзі жаман болмаушы еді. Жаман емес, ол тек әлгі аздап арақ ішкені болмаса, сенің әкең жаман емес. Арағын қояды ғой, сен оны жек көруші болма, ол сенің әкең ғой! Соны ұмытпа, құлыным! Ол қазір ақымақ болып жүргенімен, ақылы кірген соң арағын қояды ғой, қояды. Мен… мен одан үмітімді үзбеймін. Сен… сен бар ғой құлыным, әкеңді сыйлайтын бол… Жарай ма, құлыным?!


–Жа-рай-ды, а-та!


Осыны әрең айтқан сәбидің екі көзі мөлтілдеп жасқа тұнып тұр еді.


–Жарайды, жарайды ата!


–Өй, сен жылап отырмысың! Тек, құлыным, жасық болма олай! Аманбай бар ғой, әлгі сенің әкеңді айтамын да, арағын қояды, қояды, құлыным! Мен саған тағы да бір қызық әңгіме айтып берейін бе? Тыңдашы, құлыным!


–Баяғыда, әжең марқұм онда тірі болатын…


Бұл Әлі қарттың немересіне айтып берген ақырғы әңгімесі еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу