Өлеңдер ✍️

  08.02.2023
  80


Автор: Дәулетжан Махмұт

Сиқырлы қабырғалар

Менің


Сиқырлы қабырғаларым


Қозғалып тұратын


Жоғалып кетті...!


 


Қалықтап ұшып жүрмін деп ойлағам


Мен ұшпаппын


Мүлде қозғалмаппын


Қабырғалар ұшып жүріпті!...


 


Аспанға телміріп,


Құс жолына дейін қарадым


Аспаннан не іздеп тұрғанымды ұмытып


Жұлдыз санап кетіппін,


Ертегі тыңдап отырған бала сияқты


Алданып тұрмын ба?


Бүкіл қала қалықтап ұшып жүріпті


Мен қалықтап ұшпаппын...


 


Сиқырлы қабырғалар


Мұз жарқышақтары сияқты


Аржағы көрініп тұрады


Шексіз қабырғалар...


Бір-біріне қосылып кетпейді...


 


Сиқырлы қабырғалар


Ауа сияқты


Қалықтап төбем көкке жеткендей болған,


Көктің қай жақта екенін білмеппін...


 


Сиқырлы қабырғалар


Су сияқты


Бояуының пішіні үнемі құбылып тұрады


Бір-біріне ұқсамайды


Балықша еркін жүзіп жүр едім,


Жүзбеппін


Мұз болып қатып қалыппын


Қабырғалар жүзіпті...


 


Сиқырлы қабырғалар


Табыт сияқты


Есігі де, терезесі де жоқ


Иненің көзіндей саңлауда жоқ


Топырақ сауламасын деді ме екен?!


 


Қабырғаларым бірігіп кетіпті


Өліп қалған екем ғой


Сиқырлы қабырғаларды


Аспаннан іздеп жүргенде


 


Қара түске боялған қабырғалар


Қозғалмайды


Менде сұлық жатырмын...


Қабырғалар түсініксіз тілде сөйлесіп тұр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу