Өлеңдер ✍️

  05.02.2023
  412


Автор: Насыреддин Қожырбайұлы

Елуүштер жылы

Жетпістің желкесінен сығаладым,
Жетпіске маған ұқсап шығар әркім.
Аллаға мың рахмет бақыттымын,
Ұзақ ғұмыр жасым да болар бәлкім.

Артыма қарадым кеп мойын бұрып,
Әр адамды жаратқан ерек қылып.
Киноның лентасындай көз алдымда,
Өткен өмір елес боп, бейне сырғып.

Жаратқан бес жасымда сана берді,
Мен үшін елден ерек дара берді.
Жыл артынан жыл өтіп жатқанымен,
Қиялым бала кезде қала берді.

Жеті жаста мектепті аттағанмын,
Оған дейін әріпті жаттағанмын.
Әр нәрсеге қызығып ойға түйіп,
Санама түрлі ойлар қаттағанмын.

Он жасымда қызықтым кітап оқып,
Білгім келген бәрінде ойға тоқып.
Балалықтың базарын артқа тастап,
Есейіп кеткім келген жатпай қорқып.

Онбес жаста ат жалын тартып міндім,
Қадірін біліп өстім қызыл тілдің.
Тас жармаса бас жарар сөз құдіретін,
Көңілге тоқи жүріп жүре білдім.

Өмірге жолдама алып он жетімде,
Білімнің бұлағына сусындадым.
Ол кезде бәрі тегін қол жетімді,
Әр нәрсеге қызықтым, жыр тыңдадым.

Студент боп қызықты дәурен құрдық,
Еңбекте де,оқуда алда тұрдық.
Жамандықтан жиреніп, жақсылыққа,
Білімге сусындадық, мойын бұрдық.

Содан келді жиырма бес жалаулатып,
Көңіл шіркін шалықтап, алаулатып.
Бойдақтықтың дұрыс дәмін татпай жатып,
Мойынға ілдік қамыт баяулатып.

Отызда орда бұздым демегенмен,
Ел басқарып, ұжымның басын құрдым.
Ертелі кеш уайым, қайғы жемегенмен,
Қиындық қашпадым бірге тұрдым.

Тап болдық кеңестің кең заманына,
Қарадық әке, шеше қабағына.
Иттің басы шоршымай тұрды бірақ,
Түссе де саф алтыннан табағыңа.

Сезбедік коммунизм өткенінде,
Әлеуметтік қоғамның көктемін де.
Дербестікпен молшылық келер десек,
Жемқордың кете бардық бөктерінде.

Содан кейін қырықта келіп қалды,
Тырбыңдадық етем деп жоқтан барды.
Күйкі тірлік күйбеңі таусылмайтын,
Әбігерге түсіріп әлек салды.

Содан кейін елуде елеңдедік,
Өмірдің бар қызығын көрем дедік.
Өмірден алсам, алдым, ал бірақта,
Еліме қолда барын берем дедік.

Жамбастар жер искемей еңбек еттік,
Шыңына жетістіктің талай жеттік.
Дандайсымай алланың бергеніне,
Еңбек еттік, болса да қолда тетік.

Содан соң алпыс келді алшаң қағып,
Еңбегіміз еленіп, медаль тағып.
Ә дегенше зейнетке шығып қалдық,
Ермегің такси болып, бала бағып.

Енді міне жетпіс те келіп жетті,
Зулап уақыт, асықпай жүрсе нетті.
Азайып құрбы, құрдас бара жатыр,
Кәрілік мойынұсынып, алған бетті.

Кісінің ала жібін аттамадым,
Жамандықтан жирендім, жақтамадым.
Ұят болар, деген сөз ұраным боп,
Ділмірсіп жұртты сырттан даттамадым.


Заманның өзгергенін көрсем деймін,
Жастарға білгенімді берсем деймін.
Немерем азамат боп ұрпақ сүйіп,
Жемісін Ұлы өмірдің терсем деймін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу