Өлеңдер ✍️

  01.02.2023
  93


Автор: Олжас Қасым

Серт

Сезімің жүрекке қойылған шарт екен,
Демегін найзағай кейпінде жалт етем.
Мен саған ең асқақ сүюді ұқтырып,
Алматы шаһары атынан ант етем.




Бойыңнан ешқашан көрмеген өрт көріп,
Сендегі, мендегі дауасыз дертті еміп.
Тұрайын қара түн қойнында өзіңе,
Бақтардың шуылы арқылы серт беріп.




Жаныңды сүйентіп сәл шаттық, сәл мұңға,
Осыған жеткізген «алғыс» деп тағдырға.
Содан соң көтеріп алайын еңсеңді.
Жүректер тудырған жырлардың алдында.




Қалады біртіндеп, бар сәттер, бар әдет,
Үрейді іштегі өзіңмен ала кет.
Күбірлеп тұрамын сен жүрген жолдарда,
Менде бір шындық бар ол – сүю ғана деп.




Зарығу жолында шыдамды болдым мен,
Жүрек қой бәріне, бәріне көндірген.
Сен жайлы бір өлең түсірдім дәптерге,
Дәл сендей сұлу боп түспеді ол мүлдем.




Қол бұлғап тұр екен қай арман, қай төзім?
Берілді қашаннан осынша бай сезім.
Бір жолға түстім кеп сен жаққа апарар,
Сен жаққа апара жатыр ма айт өзің. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу