Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  75


Автор: Есбол Бозан

ТОЛҒАНЫС

Ойлаймын да өткенді,
Толғанамын!
Толғанамын қасында сол жағаның.
Жинасаң да əлемнің олжаларын,
Бұл дүние тұрмайды қолда, мəлім!
Мен өткенді неліктен сағынамын,
Жалғыз Алла тек қана табынарым.
Бір күні қабірге жұтылам да,
Топырақты үстіме жамыламын.
Қоштасамын,
Сол сəтте өздеріңмен!
Ғайып болып мəңгілік көздеріңнен.
Мені жұртым есіне алар бəлкім,
Болашаққа қалдырған сөздерімнен.
Мекен қылдым,
Дос қылдым шалғай жерді.
Бірақ оған қалдырам қандай белгі?!
Қу дүние жанымнан жылыстамай,
Бұлбұл болып көзімде самғай берді.
Мына жалған өмірге тамсанар кім?
Мəңгі бақыт құшағын аңсағанмын!
Білмеймін, кімдерді қуанта алдым,
Көңілдерін кірлеттім қанша жанның.
 
Соңғы сапар,
Соңғы дем – қалды жақын!
Тар бөлмеде жабығып, болдым ақын.
Жырдан басқа қолымда еш нəрсе жоқ,
Мұра етіп сіздерге қалдыратын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу