10.01.2023
  623


Автор: Жәди Шәкенұлы

Еріншек мысық

 


 


Бұрынғы заманда бір еріншек мысық болыпты. Ол күн бойы ұйықтап, ұйқысы әбден қанғанда далаға шығады екен. Бір күні оны есік алдында жолдықтырған күшік:


– Достым-ау, жаңа тұрдың ба? Күн болса түс болды ғой, – депті. Сонда мысық:


– Ұйқым әлі қанған жоқ. Қарыным ашып ояндым. Қарыным тойса қайта ұйқтаймын, – депті. Күшік оған:


– Достым, ұйқыдан не түседі, онан да орманға барып бой жазып келмейміз бе? – депті. Ал мысық болса, алдынғы аяғын сілекейлеп, онымен көзін сүртіп тұрып:


– Шаршап тұрмын, – деп жауап қайтарыпты.


– Орманға бармасаң да бірімізді біріміз қуалап, жасырынбақ ойнасақ қайтеді? – деп жабысыпты күшік оған. Ал мысық болса:


– Аяғым ауырып тұр, – деп үйге қарай бұрылыпты.


– Осылайша неге болса да еріншектік етіп, әбден жалқауланған мысық иесінің берген тамағына тойып алып ұйықтағаннан басқаны білмейтін болыпты. Мұны көрген иесі күндердің бірінде оның көзін таңып, торбаға салыпты да иен орманға апарын тастады.


Ұйқтап жатып өзінің қайда апарылғанын білмеген мысық қарны ашып оянғанда қалың ағаштың арасында жатқанын көріпті. “Мияу, мияу” деп қанша бақырғанымен оған ешкім келе қоймапты.


Орман іші қарауытып кеш болыпты. Екі көзі шоқтай жайнаған үкі оған тап беріпті. Ажал аранындай барбита жайылған тегеуіріннен зорға құтылған оның алдынан қасқыр ұлыпты.


Енді бірде тасыр-тұсыр еткен дыбыстар шығып, үріккен арқарлар табанының астына жаншып кете жаздапты.


Әбден қалжыраған мысық таң ата қалғып – шұлғып келе жатса, алдынан әлде не қатты ысылдапты. Қараса оны жұтқалы тұрған айдаһар жылан екен. Өлдім-талдым дегенде зорға құтылған мысық енді ағаштың басына шығып алыпты. Бірақ, кезқұйрық қанатымен соғып жерге домалатып жіберіпті. Түні бойы ұйықтамаған ол қарны әбден ашып, торғай, тышқан тектес бірдеме ұстап жейін десе оның амалын да білмейтін болып шығыпты.


«Бүріскен мысыққа бүрге үйір»   дегендей оның өн бойына бит – бүрге жабысыпты. Маса – шіркей көзін аштырмай қанын сорыпты.


Анда-санда құрғақ су ішіп, аң құстың жемтігімен ғана өлместің күнін көрген мысық енді бірде орманға бет бұрып келе жатқан аншыларды көріпті.


Жерді иіскеп, айналасын тіміскілеген жүйрік тазы мұны көріп қалып тап беріпті. Жандәрмен қашқан мысықты тазы ілесімге қуып жетіпті. “Өлдім” деп көзін тас жұмған мысық талып қалыпты.


Ол көзін ашқанда өзіне қарай шоқиып отырған тазыны көріпті. Тағы қашпақ болған мысыққа тазы:


– Достым-ау, мен сені танымай қалыппын, – деп тіл қатыпты. Сөйтсе ол өзінің баяғы күшік досы екен. Оның бетіне тура қарай алмаған мысық жылап жіберіпті. Өзінің еріншектігінен, жалқаулығының кесірінен тартқан азабын айтып, көз жасын көл қылыпты. Оны жұбатқан тазы:


– Өткен іс өтті. Ол енді қайта оралмайды. Бұдан былай жан бағуды жақсылап үйрен. Сен басқалар үшін еңбек етсең олар да сені сыйлайды. Бейнеттің де зейнеті бар, – деп ақыл айтыпты. Әрі тазы мысық досына бір қоян ұстап беріпті. Қоянның етіне тойып, есін жиған мысық орманнан шығып адамдар отырақтанған ауылдарға қарай беттеген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Мадина
Мадина 03.01.2024 18:33
Еріншек мысық ол өзін ғана ойлады

Пікір жазу