Өлеңдер ✍️

  03.01.2023
  117


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Өз көзіммен

«Сіз анау ақыннан кейінгі мықты ақынсыз»
деген бір оқырман сөзінен туған ой.
Кімнен кейін, кімдерден ілгерімін,
Білмей, басып келіппін жыр көрігін.
Өз көзіммен қарап кең дүниеге
Қабылдадым сиқырлы күндер үнін.
Жұлдыз құшып, ұшсам да айдан әрі,
Жерге келіп табаным байланады.
Өз еркінде, кімдердің көзіменен
Кімдер қалып, кім озып бәйге алады?
Ғашық болып, жарыққа көз ілемін,
Тағдырымды шешетін өзің елім.
Өз алдыңда кінәсіз, мен өзімді
Жаңа туған сәбидей сезінемін.
Дұрыс дегін, мейлің сен теріс дегін,
Шөлдегенде, нені ішіп, нені ішпедім.
Алау арман, шақырып, қалам алғам
Сезімімен пенде емес, періштенің.
Қарасыңа, болады қалай десем,
(Мені қойшы, төрешім алайда, сен)
Өлшеп-танып күлер ем, танымыңа
Мұқтардан соң, кейінгі Абай десең...
Құштар отын қанат ғып қуған арман,
Ерлер аз ба, еліне тұлға болған.
Айтшы маған? шынымен, мықты болсаң,
Алғашқы боп дүниеге кім жаралған?
Ақын болып, алмаған жүлдені Абай,
Өнер сырын кім зерттеп, білген оңай.
Уақыт бәрін көрсетіп, әсер етер
Көзқарастың - ықпалы кімге қалай?
Соқыр күш қой, салмаған түкті ұғымға,
Даналарды отқа өртеп, тықты құмға.
Таласпаймын, жолымнан адаспаймын.
Осалмын ба, мен әлде мықтымын ба?
Жабымын ба, мен әлде асаумын ба,
Асаулықтан көзіме жас алдым ба?
«Туғаны жоқ тура би», берер әлі
Күштінің де бағасын осалдың да.
Жалғандыққа білмеймін кімдер бейім,
Ұлылыққа тірлікке үлгермейін
Сөздеріңе сезіксіз сенген болам,
Жер жаралған десең де күннен кейін.
Өңім түгіл, енеді түсіме өлең,
(өлең сүйсең өмірді түсінер ең.)
Жүк үстіне ұйқтатар, басын сипап,
Кей сыншының мен ерке мысығы емен...
Аты барды, қызғанып, күндемеспін,
Ақыл арды, жүз, бағып, үндемеспін.
Сенімімді серік ғып, өмір сүрдім
Біреуге шың, біреуге құм да емеспін...
Күн көзімен мен неге гүлденбейін,
Гүлденбейін, құбылып, түрленбейін.
Мықты болсаң, айтшы енді, сәуегейім,
Жер қойнына түсемін кімнен кейін?..
Мақтанбаймын, танып қой тәңірмін деп,
Жер астында жатқанда тамыр гүлдеп.
Қолға қалам алмаппын, ала қолдан
Ұлылықтың шапанын жамылығым кеп.
Асқөар шыңмын демеймін, еңселімін,
Ақтасам деп келемін ел-сенімін.
Кімнен кейін қойсаң да, мен де титтей –
Бөлінбейтін – табиғат бөлшегімін.
21/I-1990 ж




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу